
Мемлекеттік қызметші әрқашан ел мүддесін ойлайтын, халыққа жақын, әр істе әділ болуы тиіс. Осы талап үдесінен шығуға талпынған мемлекеттік қызметшілер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында кәсіби мерекелерін атап өтті.
Елдің беделін көтеру, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік қызметшілерді облыс әкімі Ерік Сұлтанов мерекелерімен құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Мемлекеттік қызметші кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елінің азаматтарының сенімін жоғалтпай, жұмыс істеуі керек”, – деп мемлекеттік органдар қызметкерлеріне ерекше талап қояды. Елімізде мыңдаған мемлекеттік қызметші осы талап үдесінен көрініп, ел сенімін ақтау үшін еңбек етіп жүр. Бүгінде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер беріліп отыр.
Жас мамандар осы мүмкіндіктерді толық пайдаланады деп ойлаймын, – деді Ерік Хамзаұлы.
Адал еңбек етіп, жұмысының тиімділігін арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Еңбектері еленген әріптестеріне қол соғып, қошемет танытып отырған қауымның алдында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған “Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын!” байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы, облыс әкімі аппаратының жетекші маманы Азат Мұхамедияровқа облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Салтанатты жиында жуырда мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиаданың жеңімпаздары да сахна төріне шақырылды. Жалпыкомандалық есепте Шал ақын ауданының командасы – үшінші, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан екінші орын алды. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы жеңімпаз атанды.
Қашанда алда болып, тыңғылықты жұмысымен танылуы тиіс аға буынның бұл жетістіктерін өз көздерімен көрген жас мемлекеттік қызметшілер елдің дамуы үшін адал еңбек етуге салтанатты түрде Ант берді. Қатарларына қосылған жастарға ақ жол тілеген Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев оларға қызметтік куәліктерін табыс еткеннен кейін бірқатар әріптестерін Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шара өңіріміздің өнер ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласып, әуезді ән, ырғақты би мерекелік көңіл-күйді одан сайын асқақтата түсті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.