Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауы ел экономикасы алдындағы міндеттерді айқындап, қазақстандықтарға жүктелетін жауапкершілікті одан әрі еселей түскені сөзсіз. Жылдың басты құжатында мемлекеттің саяси жаңғыру үдерісін жүзеге асыру, азаматтық қоғамды дамыту, ел экономикасын ілгерілету, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту және басқа да өзекті бағыттар қамтылды.
Ауыл шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткендіктен, аталмыш салаға қатысты айтылған мәселелерге ерекше назар аудардым. Қазіргі қолданыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аяқталатындығын айтқан Мемлекет басшысының Үкіметке алдағы 5 жылда бұл саланы дамытудың жаңа жалпыұлттық жобасын әзірлеу жөнінде тапсырма бергені көңілімнен шықты. “Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ, қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берілгені жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл ретте елімізде кенже дамып келе жатқан картопты өндірістік көлемде өсіру мәселесіне басымдық берген жөн деп санаймын. Бүгінгі таңда ол әлемде бидай мен күріштен кейін ең көп өндірілетін дақыл болып табылады. Қазіргі уақытта картоп дүниежүзінде 19 млн. гектар аумаққа отырғызылып, одан жыл сайын 330 млн. тоннаға жуық өнім алынады. Қазақстан адам басына шаққанда егіс алқабының көлемі бойынша әлемде екінші орынға ие. Жалпы 25 млн. гектар егіс танабының 1,4 млн. гектары суармалы егістік. Ал тұрғындарының 42 пайызы ауылды жерде тұрады. Десе де, бүгіндері елімізде бар-жоғы 200 мың гектар аумақта ғана картоп өсіріледі. Әр гектардың шығымдылығының орташа көрсеткіші 15-16 тоннаны құрайды. Яғни, күз сайын 3,4-3,5 млн. тоннаға жуық өнім алынады. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері нарықта картопқа деген сұраныстың өте жоғары екенін жақсы біледі. Алайда, бүгінгі таңда аталмыш дақылға қажетті деңгейде көңіл бөлінбей отырғаны өкінішті.
Дәнді және бұршақты дақылдарға қарағанда картопты өсіру үшін көп қаржы мен күш жұмсалады. Нәтижесінде диқан шығынын өтеп, табысқа кенелуі үшін күзде мол өнім жинауы тиіс. Өкінішке қарай, орақ науқаны кезіндегі картоптың көлемі көрші Ресейдің көрсеткішінен екі, ал Батыс Еуропа елдерінен үш есе кем. Яғни, салада инновациялық технологиялардың көп, ал минералды тыңайтқыштардың сан алуан болуына қарамастан, отандық шаруашылықтар тығырыққа тірелуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері өз баяндамаларында халықтың картоппен толық қамтамасыз етіліп отырғанын жиі айтады. Бірақ біз бұл көрсеткішке тоқмейілсімеуіміз керек. Нарықтық экономика алдымызға өнімділікті арттырып, табысы мол сұрыптарды отырғызу және тағы басқа бағыттарға басымдық беруге итермелеп отыр.
Маңызды құжатта Мемлекет басшысы көтерген жобаның мақсаты – нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе ұлғайту және агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын екі есеге көбейту. Бұған еліміздегі картоп өсіру мәселесін шешу арқылы қол жеткізуге де болады. Ол үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуы қажет. Яғни, тұқымды сатып алудан бастап, өнімді қоймада сақтау, саудаға шығару кезеңдеріне көңіл бөлу керек. Өйтпегенде, шаруаның картоп егіп, жағдайымды түзеймін деген ойы тек арман болып қала бермек. Әрине, қажетті тұқым, өнімді техника мен заманауи технология болған жағдайда, мол астық жинаған фермерлер ішкі нарықтың сұранысын өтеп, еселеп пайда табар еді. Ал іс жүзінде жаз айларында бұл дақылды көрші елдерден жеткізуге мәжбүрміз. Жаңа өнімді сақтау мәселесі де толық шешімін табар емес. Заманауи қоймасы жоқ шаруалар кірісінің 30 пайызына дейін жоғалтуда. Бүгінгі таңда облыстарда картоп сақтайтын қоймалар аз. Аудан орталықтарындағы КСРО-дан қалғандарының әбден тозығы жеткен. Яғни, фермерлерге өнімді бірнеше айға дейін сақтауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған заманауи қойма кешендері ауадай қажет. Картоптың 80 пайызы еліміздің солтүстік өңірлерінде өсірілетіні белгілі. Алайда, мелиорациялау жүйесіне еш көңіл бөлінбейді. Бірлі-екілі шаруашылықтар ғана жоғары өнімділікті суару техникасына ие.
Статистикалық деректерге сәйкес әр адам жылына 130 килограмм картоп тұтынады. Ал еліміз бойынша жылына адам басына шаққанда 200 килограмм картоп өсіріледі. Ішкі нарық сұранысын қанағаттандырсақ та, жарымай жүрген шаруалардың қатары қалың. Мәселен, Белоруссия адам басына шаққанда 631, ал Қазақстаннан аумағы 60 есе кіші Голландия 385 килограмм картоп өсіреді. Мәселеге байыптап қарар болсақ, картоп өсірумен айналысатын отандық агроқұрылымдардың бүгінгі жағдайы мәз емес. Гектар берекелігінің орташа көрсеткіші 15-16 тоннаны құрағанның өзінде бұл шығынды жабуға ғана жетеді. Жөнді табыс әкелмеген соң картоп отырғызу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Жағдай өзгермесе, 40-50 тоннаға дейін астық жинауға мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға көшу арман болып қала бермек. Көптеген шаруашылықтар әлі күнге дейін ескі әдіспен жұмыс істеуде.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі екені белгілі. Тәжірибелі мамандар оның сапасы астықтың көлеміне тікелей әсер ететінін жақсы біледі. Соған қарамастан дала жұмыстары барысында технологияларды сақтап, жерді тыңайтқыштармен өңдеуді ұмытпау керек. Кейбір агроқұрылымдар бір тұқымды ауыстырмастан 5-6 жыл бойы егеді. Бұл дұрыс емес. Картоп өзінің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты өзге дақылдарға қарағанда тез бүлінеді. Сондықтан нашар тұқымнан күзде мол өнім алынбасы анық. Картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының пікірінше, отандық тұқым сапасы жағынан шетелдік баламалардан кем емес. Алайда, тұқым шаруашылығының деңгейі шетелдіктерден әлдеқайда төмен екенін мойындауымыз керек. Статистикаға сәйкес бүгінгі таңда 750-800 мың тонна элиталы тұқымға сұраныс бар. Оның тек 10 пайызын отандық сұрыптар құрайды.
Шаруалардың барлығында да сапалы тұқымды сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Осыған орай облыстық бюджеттер есебінен шетелдік сұрыптарды жеткізумен айналысатын орталықтандырылған жүйе құрылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгіндері барлық облыстарда элиталы картоп тұқымдарын сұрыптаумен айналысатын ғылыми зертханалар да тапшы. Элиталық-тұқым шаруашылықтары бойынша аккредитация беріп, сертификаттайтын ұйымдар да құрылмаған. Сертификаттау бойынша білікті мамандардың тапшылығы бар. Бұл кемшіліктердің барлығы құнарлы жерімізде картоптан мол өнім алуға мүмкіндік бермей отыр. Қазақстан – су қоры бай, топырағы құнарлы елдердің бірі. Яғни, картоп өсіруге қажетті барлық алғышарттар бар. Ендігі кезекте аталмыш дақылға бөлінген алқапты кеңейтіп, шаруаларға жағдай жасау қажет. Сала өкілдері голландиялық сертификаттау жүйесі тиімді болады деген ортақ пікірге келіп отыр. Нәтижесінде ел аумағында жаңа сұрыптарды шығаруға шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндігі туады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын әр агроқұрылымда еңбек ресурстары, техника, технология және сапалы тұқым мәселесі шешімін табуы қажет. Тек сонда ғана мол өнім жиналып, кіріс артпақ. Болашақ өнімді Қытайға экспорттауға болады. Себебі, бұл елдің климаттық ерекшеліктері картопты өндірістік көлемде өсіруге мүмкіндік бермейді. Сала өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау білдірілсе екен дейміз. Аграрлық-индустриалдық ел ретінде біз ауыл шаруашылығы саласын ел экономикасының драйверіне айналдыруға міндеттіміз. Бұл міндет биылғы жылдың басты құжатында нақты айтылған.
Қозыгелді ЗИЯЕВ,
“Агрико Евразия” компаниясының бас менеджері.
Тимирязев ауданы.