«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

“Ана – біреу, ағайын – алтау” деп қазақ халқы қалай дәл тауып айтқан! Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ана тіршіліктің көзі ретінде қашанда әспеттелген. Ол – балаға әрқашан да айдынды қоныс. Отбасының құты мен ырысы, ұйытқысы мен жылуы да – ана. Сондай діңгегі бәйтеректей жайылған ардақты аналардың қатарына Алтын Жолдасбаеваны жатқызуға болады. Көпбалалы ана – “Алтын алқаның” иегері, Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылының тумасы.

Алтын Жомартқызын үйінің есік алдында жолықтырдық. Бізді жылы жүзбен қарсы алды. Қазақ дәстүріне сай дастарқанын жайып, жылы-жұмсағын ұсынды. Халқымыздың ежелден келе жатқан осынау салтының ерекшелігіне тоқталған әже әңгімесін әріден бастады.  

Көпбалалы ана тағдыр тауқыметін тартқан. Бірақ басынан өткен қиын күндерді айтып, налыған ананы көрген жоқпыз. Аллаға тәубесін айтып, айналасында асыр салған немерелерінің қызығына тоймай жүрген салиқалы ананы көрдік. “Адамның кісілігін ісінен байқа” демеп пе еді дана халқымыз. Алтын Жомартқызының қайсар мінезі мен еңбекқорлығы, қазақы келіндерге сай инабаттылығының арқасында балаларын жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр.

Алтын Жолдасбаева жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып өсті. Екінші дүниежүзілік соғыс оның отбасын да жалмап өтті. Жарық дүниеге келгенде әкесі майданға кеткен екен. Онымен бірге майдандас болған жора-жолдастары әкесінің Сталинград үшін соғыста жараланып, госпитальға түскендігін айтқан. Әкесі соңғы хатында, госпитальдан кейін тағы да қатарға қосылғаны туралы жазған. Содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Бес жасында анасынан айрылған. Жастайымнан жетімдіктің не екенін біліп өссем де, тұрмысқа шыққанымда анамның орнын енем басса, әкелік ілтипатын, ақылы мен даналығын менен аямаған адам – қайын атам еді, – дейді ол.

“Алтын алқа” иегері жұбайының шаңырағына келін болып түскеннен бері енесімен бірге 43 жыл бойы өмір сүрген екен.

– Үйге келін болып, келгенімнен атам мен енем мені келін деп атаған емес. Көршілер, не болмаса ауылдың кісілері үйге келіп: “Келінің қайда?” – деп сұрай қалса, енем оларға: “Қызымды мен келін деп атамаймын. Сендерге не жоқ? Оның есімі бар – Алтын деген”, – деп өзгелерге мені келін деп айтқызбайтын. Мәселе, әлбетте онда емес. Ол кісілер мені келін деп емес, қызындай көрді. Әлпештеді, аялады. Қайын атам, мені “Құлдығым” деп атайтын. Осы күнге дейін атамның мені неге солай атағанын білмеймін. Атамның көзі тірі күнінде сұрағым келетін. Бірақ ол кезде қайын атаңа бірдеңе деуден бұрын, бетіне тура қараудың өзі ұят болып саналмаушы ма еді?! – дейді әже.

Алтын Жолдасбаеваның қайын атасы 11 жыл төсек тартып, ауырып жатқан екен. Үй ішінде қанша жан болса, соншамыз атамызды күтіп, бақтық, – дейді ол. Біршама уақыт өткен соң жан-жары – жолдасынан айрылып, қолында енесі, тоғыз баласы мен қайын сіңлісі қалды. Жалғыз ұлынан қапыда айрылып қалған енесі қайғыдан құса болып, екі көзі бірдей көрмей қалады. Ол кезде ең кішкентай ұлы небәрі бір жасқа ғана толған еді.

“Өлгеннің артынан өлмек жоқ”. Демек, өмір жалғаса береді. Көпбалалы ананың ендігі мақсаты ұлдары мен қыздарын әкесі бар балалардан кем қылмай жеткізу еді.

– Кезінде ауылдың бар әйелдері элеваторда істейтін. Мен де қалыспай, жұмыс істедім. Тұңғышымды дүниеге әкелдім. Ол уақытта қазіргідей емес, декреттік демалысқа шыққан әйел үйде 45 күн ғана отырады. Сосын жұмысқа шығуы тиіс. Демалысым біткеннен кейін жұмысқа шығайын деп жүргенімде енем: “Қара жұмысты мен өмірбақи істедім. Онымен үйді байытқан жоқпын. Сенің де істемегенің дұрыс. Одан да мектепке бар. Кешкі оқуыңды оқып ал. Немесе тігіншілік өнерді меңгер. Біреудің киімін тігіп берсең де, өзіңнің ескіңді жаңартып алсаң да, күн көресің”, – деді. Енемнің айтқанын екі еткен жоқпын. Бірақ үйде енем мен қайын атам бар, келін бола тұра, мектепке барып оқуымды жалғастыруға қысылдым. Одан да тігінші болайын деп, ауылдағы комбинатқа жұмысқа тұрдым. Одан мен кем болған жоқпын. Тоғыз баламмен жесір қалғанымда енемнің ақылы іске асты, – дейді ақ жаулықты әже.

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын болмақ. Қиындыққа мойымай, ерінің шаңырағын шайқалтпаған әйел үйдің дәулетіне қашанда баланған. 13 жыл бойы жанары суалған енесін бағып, балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізген ана бүгінде еңбегінің жемісін көруде. Жеті ұлы жеті қазынасындай. Алтын Жомартқызының төрт ұлы кәсіпкерлікпен айналысады. Олар нәпақасын ата кәсіптен табуда. Өздерін ғана емес, елу шақты жерлестерін жұмыспен қамтып отыр. Олар – Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығының иелері. 2012 жылы ашылған бұл шаруашылық егіншілікпен қатар мал өсірумен де айналысады. Ағасы бастап, інісі қостаған кәсіптің басықасында Алтын Жомартқызының ұлдары – ағайынды Айтмұқан, Серік, Сүйіндік және Сайран Жолдасбаевтар тұр. Туып-өскен ауылының көркеюіне септігін тигізіп жүрген бұл отбасы көптеген адамдарға үлгі боларлық. Ақ жаулықты әже кенже ұлы Жеңістің қолында тұрады. Ол ағасы Қайрат сияқты құқық қорғау органдарында қызмет етеді. Ал Саян есімді ұлы экономика саласының маманы. Раушан гүлдей құлпыртып өсірген, қос қызы әкелерінің ізін жалғап, ұстаздық етуде. Алтын әже енесінен көрген тәлім-тәрбиесін келіндеріне үйретуде.

“Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың” демекші, анасын разы қылып, батасын алғысы келмейтін адам кемде-кем болар. Алтын Жомартқызының ұлдары анасының бесінші парызын өтегісі келетіндігін біліп, қажылыққа апарды. Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.)-ның өсиетін орындап, Мекке мен Мәдинаның қасиетті ауасын жұтып келген Алтын Жомартқызы Қағбаға барғанда алдымен елімнің, балаларымның амандығын тіледім, дейді.

Уақыт деген жүйрік қой. Мәуелі ағаштың бұтақтарында жайқалған жапырақтарындай ұл-қыздарынан тараған немерелері мен жиендерінің бағындырар асуы биік болса екен, дейді әже. Аналық тілегі Жаратқанның құлағына шалынғандай шаңырақтың көз қуанышына айналған немерелері мен жиендерінен шөбере сүйіп отыр. Сүттей ұйып, ынтымағы жарасқан отбасына қарап, түндігі бүтін, түтіні түзу ұшқан шаңырақтың үлгісін көргендей боласың.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: А.Жолдасбаева немерелерімен.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp