«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕРЛЕР ШАҢЫРАҒЫ

Қараша айының соңында өңірімізде тұңғыш рет өткізілген “Kyzylzhar Invest – 2014” кең ауқымдағы халықаралық инвестициялық форумының көрмесінде алпыстан астам жергілікті кәсіпорын мен өнеркәсіп саласы өкілдері жұртшылық назарына өз өнімдерін ұсынған болатын. Олардың қатарында Талшық ауылында тұратын жеке кәсіпкер Жандос Мәдиғажының да бұйымдары бар.

Моңғолиядан тарихи Отанына 1992 жылы қоныс аударған отандасымыз – бүгінде ұмыт болып бара жатқан ұлттық қолөнерімізді насихаттап жүргендердің бірі. Бала кезінен ағаш пен сүйектен бұйымдар жасау өнерін өзіне серік еткен жігіт ағасы қазіргі күні де рсы машығынан қол үзген емес.  

Мал сүйегінен қалам, инежіп, түйме секілді ұсақ зат салатын сауыттар, ал ағаштан күбі, астау, табақ, қымыз сапыруға арналған шара, шөміш пен тостағандар жасайды. Бұл күнделікті тұрмысқа қажетті заттар болса, қобыз, домбыра мен жетігендер де қазақ халқының музыкалық аспаптар қатарынан ойып орын алады.

– “Әке көрген оқ жонар” деп бекерге айтылмаған. Қолөнерді әкемнен үйрендім. Ол кісі тек ағаш шебері ғана емес, сондай-ақ, мал терісін де кәдеге жаратты. Одан қайыс, былғары илеп, етік тігетін. Алға қойған мақсатым – атадан балаға мирас болған істі өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, – дейді Жандос Мәдиғажы.

Ұлттық қолөнерді он бес жасынан бастап меңгерген шебердің қолынан шыққан бұйымдар талай көрмелерге қойылып, жүлделі орындарға ие болған.

Бала күнгі әуестігін бүгінде табыс көзіне айналдырған Жандос өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысып, бір миллион екі жүз мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алыпты. Ол қаржыны ағаш оюға қажетті қондырғылар сатып алуға жұмсаған қандасымыз бүгінде өз шеберханасын ашып, жеке кәсіпкер атанып отыр. Әзірге шеберханасы шағын, қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік жоқ. Десе де, қос ұлы қолғабыс етуде. Ертеңгі күндері олар да өз білгендерін балаларына үйретіп жатса, отбасылық кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына себепші болары анық.

Халықаралық форум аясында ұйымдастырылған көрмеде Жандос Мәдиғажыұлының қолынан шыққан бұйымдарға таңданыс білдіргендер аз болмады. Бірі қазақтың қара домбырасы мен жетігенін шертіп көріп жатса, енді бірін астау мен күбі қызықтырды.

– Мұндай форумның кәсіпкерлер үшін пайдасы зор. Біріншіден, ол бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға жол ашса, екіншіден, жаңа әріптестер тауып, өз кәсібімізді кеңейтуге мүмкіндік туғызады. Өзіме тоқталсам, көрме барысында ресейліктер астау, күбі, қымыз құятын тостағандар мен ағаш шара, шөміштерге тапсырыс берді. Еңбегімнің бағаланып жатқаны мен үшін үлкен қуаныш, – дейді Жандос Мәдиғажы.

Жеке кәсіпкердің өз шеберханасын ашқанына бір жыл уақыт болған. Содан бері оған Ақмола облысындағы бірқатар мектептер домбыра, қобыз, жетіген жасауға тапсырыс беріп, келісімшартқа отырыпты. Қазір соларды орындау үстінде. Форум барысында жергілікті кәсіпкерлер де ұлттық музыкалық аспаптарға өтініш білдірген.

Жандостың зайыбы Хибат Қарақызы да ұлттық қолөнердің қыр-сырын жетік меңгерген. Отағасы ағаштан түйін түйсе, отанасы ұлттық нақыштағы сырмақ сыру, оюланған төркөрпе, бөстек, қоржын, қалта тігу секілді ұзатылар қыздың жасауын жасауымен айналысады. Бұл өнімдерге де тұрғындар сұранысы зор.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp