«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын 4570 адам жұқтырды. Соның ішінде 3 мыңға жуық науқаста аурудың клиникалық белгісі анықталды. Қауіпті індетке шалдыққан тұрғындардың жалпы саны бойынша науқастардың 66 пайызында ауру медициналық көмекке жүгіну барысында тіркелді. Ал 13 пайызы инфекциялық вирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болса, қалғаны аурудың алдын алу мақсатында жүргізілген тексерулердің нәтижесінде анықталды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен жиында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова баяндама жасады. Соңғы бірер күнде облыста 33 адам қауіпті індет жұқтырды. Соның ішінде Ресей Федерациясынан келген 4 адам бар. Ал 29 қазан және 3 қараша күндері аралығында өңірде аталмыш дертке 170 адам шалдықты. Өткен аптамен салыстырғанда ауру көрсеткіші 2,7 пайызға артты. Жалпы, пандемия кезінде өңірде 25 адам қауіпті індеттен қайтыс болғанын айтып өткен жөн.
– Ауру адам таңдамайды. Облыста коронавирус инфекциясына түрлі жастағы тұрғындар шалдығуда. Дегенмен, 60 жастан асқан тұрғындар арасында ауру жұқтыру көрсеткіші жоғары. Он төрт жасқа дейінгі балаларда бұл көрсеткіш 14 пайыз болса, жасөспірімдердің үлесі екі пайызды құрайды. «COVID-19» инфекциялық вирусын жұқтыру жағдайы Ресей Федерациясы мен өзге елдерден келген жолаушылар арасында кеңінен тіркелуде, – дей келе Татьяна Горлова 6 қазан және 2 қараша күндері шекара бекеттері арқылы Ресейден 15663 адам келгенін, соның 4420-ы полимеразды тізбекті реакция әдісі бойынша тест тапсырғанын жеткізді. Ал анықтама қағазы жоқ мыңнан астам адам зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарға жатқызылды.
Баспасөз мәслихатында 9 қарашадан бастап Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында карантин режімі енгізілетіні айтылды. Блокбекеттен тек Қызылжар ауданының тұрғындары ғана медициналық анықтамасыз өте алады. Санитарлық дәрігерлер облыс орталығындағы 4 зертхана сараптама жасайтынын, ПТР тест тапсыру құны 8 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Анықтама қорытындысы үш күнге дейін жарамды.
Отырыста қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік пункттерге дейін облысаралық автобустар қатынасына шектеу қойылғаны айтылды. Баспасөз мәлихатына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов өңірдегі инфекциялық бөлімшелерде 279 науқас ем алып жатқанын жеткізді. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp