Ел азаматтары тұтынып жүрген дәрілердің басым бөлігі шетелден келеді. Бұл қалыпты жағдай ма, әлде қауіп пе? Бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмек саны тым аз.
Елдегі дәріханалар сөрелерін шетелдік препараттар басып алған.
2024 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстан дәрі-дәрімек импортына 1,06 миллиард доллар жұмсады, бұл – 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Германия негізгі жеткізушілердің бірі саналады, оның үлесі 173,3 миллион долларды құрайды.
Германия фармацевтика бойынша әлемде көшбасшы орында тұр. Онда дәрілердің толық циклі: зерттеу, сынақ, өндіріс, экспорт – мемлекеттің қолдауымен жүзеге асады. Бұл – экономикалық табыс көзі де, ұлттық қауіпсіздік құралы да.
Мысал ретінде Германиядан импортталатын «EpiPen» атты инъекторлы адреналин препаратын алайық. Ол адам анафилаксиялық шокқа түскен кезде өмір мен өлімнің арасындағы жалғыз мүмкіндік болуы мүмкін. Бұл – аса ауыр аллергиялық реакция кезінде қолданылатын алғашқы көмек құралы.
Германияда бұл дәрі дәріханаларда сатылады, сақтандыру арқылы тегін беріледі, қажет болса, үйге жеткізіледі. Ал Қазақстанда бұл өнімді дәріханадан таба алмайсыз, мемлекеттік бағдарламада жоқ, отандық өндірісте мүлде шығарылмайды.
«COVID-19» пандемиясы, әлемдегі соғыс жағдайлары, логистикалық дағдарыстар бәрі дәрі-дәрмек нарығына әсер етуде. Мұндай жағдайда өз өнімін өндіре алмайтын елдер ең әлсіз саналады. Біз сол елдердің қатарындамыз. Егер болашақта бір ел бізге препарат сатудан бас тартса ше? Немесе бағасын 2-3 еселеп көтерсе, біз науқастарымызды қалай қорғаймыз? Сол үшін фармацевтикалық білім мен ғылымға инвестиция құйылса, зертханалар мен зауыттар ашылып, шетелдік компаниялармен технологиялық серіктестік орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.
Еліміз аса қажетті дәрілерді өзі өндірмейінше өз халқына толық медициналық қауіпсіздік ұсына алмайды.
Самат ҚАБИДЕН,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.