«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шоқтығы биік Шоқан

Қазақ халқының көрнекті пер­зенттерінің бірі, ойшыл, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың қамшының сабындай қысқа өмірі қайраткерлік пен күрескерлікке толы болды. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен тұлғаның жиқанкездік жолы тек жас ұрпаққа ғана емес, күллі адамзатқа өнеге. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры ағартушының туғанына 185 жыл толуына орай “Шоқан” тарихи дра­масын сахналап, қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымның бізге беймәлім қырларын жеткізуге талпынды. Спектакль жазушы Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” романының негізінде әзірленген.

Шоқан Шыңғысұлы өмір сүрген кезең халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы бар мәдениетіне қиянат жасалып, тіпті, ұлттық психологиямызға қара күйе жағылған алақұйын уақыт болатын. Сол за­манның атқамінерлері қазақты ғылым мен білімнен мүлдем хабарсыз ұлт ретінде көргені жалған емес. Шоқан осындай келеңсіз көз­қарасты түп-тамырымен жоюға, туған халқының ұлттық ар-намысын қызғыштай қорғап, іні-қарындастарына білім беруге тырысты. Ол замандастарын көкірегі ояу, көзі ашық жұрттың қатарына қосу жолында биліктен қорықпады. Тарихи драма барысында ұлт жанашырының осы қыры барынша шынайы жеткізілді. “Халқымыз ертеден ізденімпаз, өзіндік өнері бар, көшпенділіктің салдарынан оқу-білімнен кенжелеу қалса да, рухани дүниесі бай”, – деп, сол кездің патша-князьдерінен қазақ жастарының білім алуына мүмкіндік беруін сұраудан таймады.

Спектакльдегі басты кейіпкерлердің қатарындағы Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт – Шоқанның айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасаған азаматтың бірі. Ол ғалымның Қашғарияға саяхат жасап, кейін Петерборға барып келуіне жәрдемдескенімен, тұтас халықтың өсуіне қарсы болды. Шоқанның қазаққа білім, ғылым қууға мүмкіндік беру жөніндегі өтінішін ақыры аяқсыз қалдырып, өз ұлтымыздан шыққан “надандардың” жалған сөзіне еріп тынды.

Пандемия жағдайына орай залдағы көрермендер саны санаулы болғанымен, олардың спектакльден ерекше әсер алғаны қойылым соңында анық бай­қалды. Әртістердің өнері мен сахнада ойнау шеберлігіне тәнті болған жұртшылық қошеметтерін аяп қалмады. Қызылжарға Алматыдан қонақ болып келген зейнеткер Амандық Ізбасаров: “Қазақ халқы үшін Шоқан сынды ұлы тұлғаның орны қашан да бөлек қой. Оның ізденімпаздығы, батылдығы, озық ойы мен білім-парасаты бүгінгі жастардың бойынан табылса екен деймін”, – деп тебірене сөйлесе, театрдың тұрақты көрермені Аида Батырова өңіріміздегі мәдениет пен өнердің қарашаңырағы – қазақ театрын сағынып қалғанын әсерлі жеткізді. Ол: “Алғаш рет “Шоқан” тарихи драмасы театрдың әлеуметтік желісі арқылы көрсетілген болатын. Бірақ спектакльді театрға келіп тамашалаудың орны бөлек қой. Өнер ордасының беткеұстар әртістерінің бірі Айбол Қасым Шоқан образын әсерлі сомдап шықты. Өзге сахнагерлер де бұрынғы заманның тыныс-тіршілігін шынайы жеткізіп, көрерменнің көңілінен шыға білді”, – деп, театр ұжымына зор ризашылығын білдірді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp