«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шын атым – Ғабдол-Жәлел (“Өмір мен өлім” деректі повесінен үзінді)

Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан об­лыстарының шекарасында Жалғызтау атты тау бар. Бұл – атақты Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының атамекені. Таудың өңі­рі мен жотасын жапқан қалың қайың мен қарағай көз тұндырады. Қайыңның іші – шие, төңірегі – жидек. Көкше өлкесінде Жалғызтау – биік таудың бірі, көкке тиген төбесінен қысы-жазы бұлт кетпейді.

Осы таудың бір жотасына шығып, күн-батыс жағына көз тастасаң, теңіздей теңселіп жатқан Аяқкөл көлін көресің. Бұл – дөп-дөңгелек көлемді көл. Жағасы – жасыл шалғын мен қамыс қопасы. Ортасы – жалтырсу. Дөңестеу жерден қарасаң, орталай құйған қымызы бар сырлы аяқтан айнымайды. Ертедегі шешен де тапқыр бабаларымыздың көлдің атын Аяқкөл қоюының себебі де осыдан болуы керек.

Ол кезде қазақта туған баланы тіркейтін заң орны болмаған. Әкем балаларының атын, туған жылын және күнін “Қисасы үләнбия” кітабының бірінші бетіне жазып қояды екен. Мен туғанда, үлкендердің айтуына қарағанда, үш күн, үш түн ойын-сауық болыпты. Ауылдағы Фарди атты татар молдасы азан шақыртып, Ғабдол-Жәлел деп қойыпты. Бірақ ес білгелі өзімді “Ғабдол-Жәлел” деп атаған кісіні көргем жоқ. Туыстарым да, басқалар да қосалқы атымның бірінші жартысын алып тастап, тек “Жәлел” деп кеткен көрінеді.

Әкем Қизат Бекмағамбетұлы 1922 жылы 33 жасында қайтыс болған. Атам Бекмағам­бет пен шешем Жамал, басқа да туысқандардың айтуына қарағанда, Қизат орта бойлы, толық денелі, әдемі, ақсары өңді, бір аяғын сылтып басатын, ұрыс-жанжалда жұмысы жоқ, ашық мінезді, ақкөңіл адам болған сияқты. Әкемнен жастай қалсам да, жетімдік, жоқтық, қорлық көрмей өсуіме атам көп еңбек сіңірді. Есімді біліп, жақсылық-жамандықты айыра бастағанда атамның жасы 70-ті алқымдап қалған еді. Ел адамдары атамды Бекмағамбет пірәдар, кейбіреулері қысқартып Бекет пірәдар дейтін. Кең маңдайлы, ақсұр жалпақ бетін аппақ күміс сақал-мұрты жауып тұратын. Атқа қарғып мінетін, қартайғанша өте қуат­ты және пысық болып өтті.

Ол бертін келгенше аңшылығы мен саятшылығын бір тоқтатқан жоқ. Қасқырды бір қаққаннан қалдырмайды екен. Қасқыр қуатын жүйрік торысы, “Алақұс” дейтін қас­қыр алатын иті болған. Атын бәйгеге қосқанда бірінші-екінші болып келіп, бәйге әпер­мегенімен, қасқырды көргенде желдей есетін қасиеті бар екен. “Қасқырды екі қайтара ұрып көргенім жоқ”, – дейтін атам. “Ме­нің барлық күшім қолымда, балам”, – деп сөзін жалғастыра беретін.

Мен бала кезімде Үкілі Ыбырайдың өле­ңін тыңдап, оң тізесінде отырғаным бар. Молдекең де өлең айтқанда бір орында отыра алмай қозғалақтап, шайқалақтауы дәл сол Ыбырайға тартқан екен деп ойладым. Соңына естіп-білсем, Молдахмет керемет суырыпсалма ақын, үлкен композитор Үкілі Ыбырайдың қасында көп жылдар жолдас болған аталас інісі екен. Бұл арада жалғыз ғана “Гәккуді” айтсақ, оның әні мен аңызы, келісімді сөздері қазақ өмірінде әлі салыстырымы жоқ туынды деуге болады. Ал Молдахмет Тырбиұлы Ыбырайды естумен өскен, көптеген ақындармен айтысқан суырыпсалма, өлеңдері келісімді, әндері алты қырдан асатын керемет әнші, ақкөңіл адам екен.

Жәлел ҚИЗАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp