Кез келген мемлекет үшін шекара – қасиетті ұғым. Өйткені, іргесі берік елдің ғана еңсесі биік болады. Еліміз тәуелсіздік жылдары шекараны шегендеп, халықаралық заңдармен бекітіп алғанымен, бүгінде бұл төңіректе өзге бір түйінді мәселенің құлағы қылтиятындай. Ол – шекаралық ауылдардағы халықтың күрт азаюы. Бүгінгі таңда Қызылжар өңірінің Ресеймен шекарасы 1269 шақырымды құраса, оның өн бойында орналасқан ауылдардың дені таратылып, қалғанының жұпыны тағдыры жұртты алаңдатып отыр. Шекараны күзетуі тиіс әскерге қорған болып қара ормандай халық отырса, оған ешкімнің көз алартуға дәті бармас еді.
“Міне,
Мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық.
Өтуде түн, өтуде күн.
Қасиетті жерімді қарауылдап,
Қайыспай күзетуге бекінгемін”, – деп заңғар ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, еліміздің шекарасын кірпік қақпай күзеткен қаншама ауыл “болашағы жоқ” деген жалғыз ауыз сөздің құрбанына айналуда.
Бүгінгі таңда өңірімізде 635 елді мекеннің тек 307-сі ғана ертеңгі күннен үміті бар ауылдардың қатарына жатады. Ал бұл санатқа шекарада орналасқан ауылдардың 23-і ғана іліккені көп жайтты аңғартып тұрғандай. Облыстық экономика басқармасының ауылдық аумақты дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ахмиеваның айтуынша, өткен жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша тұрғындар саны 50-ден кем 103 елді мекен анықталса, соның 15-і шекарадағы ауылдар екен. Алдағы уақытта бұл ауылдар бойынша да тиісті шешімдер қабылданып, жұрты ғана қалған елді мекендердің қатары артатынына ешкім шүбә келтіре қоймас. Жастары жаппай қалаға көшіп, таяққа сүйенген қариялардың мекені болып қалған ауылдарды сақтап қалу, көркейту қиынның қиыны.
Былтыр шекарада тұрған төрт ауыл таратылып, тұрғындары қалаған жақтарына көшті. Соның бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Барашка ауылында осыдан жиырма жылдай бұрын 141 адам өмір сүріпті. Арада он жыл өткенде елді мекендегі тұрғындар саны 77-ге дейін кеміген. Ал өткен жылы бұл ауыл таратылып, иесіз қалған елді мекен қазір ірі қара өсіріп отырған жеке кәсіпкердің жайылымына айналды. Осы аудандағы Круглое да жоғарыда аталған ауылдың тағдырын қайталады. Ежелден тұрғындар саны көп болмаған, бірақ кеңес өкіметі кезінде ашылған бастауыш мектептің жабылуы үдере көшуге негізгі себептердің бірі болды. Тұрғындардың дені көршілес Лебяжье ауылына қоныс аударыпты. Ал Қызылжар ауданына қарасты Николаевка және Лебедки деген шекарадағы ауылдардың да тұрғындар санының аздығынан құты қашты. Қызылжар ауданындағы Налобин ауылдық округінің әкімі Людмила Малкованың айтуынша, қазіргі таңда Лебедки ауылында бір ғана отбасы жапандағы жалғыз үйдің кебін киіп отыр. Ерлі-зайыпты Корниктердің үйінде электр қуатының сөндірілмеуі – сәл де болса көңілге медеу. “Фирма Алекри” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Налобин ауылындағы шаруашылығында еңбек ететін отағасын күнде жұмысқа қызметтік көлікпен тасымалдайды.
Ауылдық округ әкімдерімен тілдескенімізде, бәрі бір ауыздан таратылған ауылдардың тұрғындары өз қалауларымен өзге елді мекендерге көшіріліп, олардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Тұрғындары азайған бұл ауылдарды ұстап тұру экономикалық жағынан тиімсіз екенін де тілге тиек етті. Алайда, шекараның тағдыры жайлы ешқайсысы тіс жармады.
Ел іргесін нығайтайық десек, шекара қызметіндегі әскердің санын арттырып, сапасын жақсарту өз алдына, олардың арқасүйер халқын қайтадан өз орнына қондыру жайы қайта қаралуы керек сияқты. Осы орайда көптеген елдер шекара аумағында жатқан ауыл-аймақтарының ахуалын бірінші кезекте шешетінін аңғару қиын емес. Себебі, шекаралық аудандарды бос қалдыру елдің тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, алпауыт ел Қытайдың өзі соңғы он бес жылда шекаралас аудандарын қайнаған орталыққа айналдырды. Бүгінде ол орталықтардың халықаралық деңгейге дейін жеткенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Сондай-ақ, аталған елдің 2049 жылға дейінгі бас жоспарында Қазақстанмен және Солтүстік Кореямен шектесетін аймақтарда 5-7 млн. адам тұратын үлкен қалалар салу көзделген. Осыдан төрт жыл бұрын көршіміз Ресей шекаралас аймақтарға ел қондыру жұмысын заңдастыратын арнайы қаулы қабылдады. Елде қараусыз қалған жерлердің болмауын көздеп отырған көршілеріміз бізден көшіп барып жатқан қандастарын шекара бойындағы елді мекендерге қоныстандыруға бел буды. Олар шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік, жайнаған өмір болса, ешкім де қыр көрсете алмайтынын тез түсінгендей. Ал біздің шекарада өрісі кеңейген ел емес, иесіз даланы көресіз.
– Елдің шетінде, желдің өтінде отырған Қызылжар өңірінің шекаралық аудандары бос болмауы тиіс. Шекарада жатқан ауылдың түтіні түзу шықса, еліміздің тұтастығы да баянды болады. Кеңес кезінде шекаралық аудандарда тұрып, еңбек ететін бюджеттік қызметкерлерге қосымша еңбекақы тағайындалатын. Сонымен қатар шекаралық аудандарда сауда-саттық орталықтарын құру керек. Шекараның бергі жағынан да, арғы жағынан да сауда жасауға шұбырған халық кеткен шығынды да қайтарады, экономиканы да көтереді. Ол үшін, ең алдымен, тиісті заң қабылданып, нормативтік құжаттар бекітілуі қажет. Жергілікті билік күнделікті жоспарды орындаумен шектелмей, елдік тұрғыдан ойлауға дағдыланса, бұл мәселелердің де түйіні шешілер еді, – дейді “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжінов.
Сарапшылар тарапынан елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде демографиялық ахуал ушығып бара жатқаны, тез арада халықтың қоныстануын реттейтін “жол картасы” керек екені біраздан бері айтылып жүр. 2050 жылға қарай солтүстік өңірлерде тұрғындардың саны бір миллионға дейін кеміп кетуі мүмкін екені де құпия ақпарат емес. Арнайы бағдарламамен оңтүстік өңір тұрғындарын Қызылжарға қоныстандырудың да астарында осы мәселе жатқаны анық. Бірақ бұл бағдарламада да шекара жайы ескерілмеген сыңайлы, әйтпесе, халықты алдымен сонда қоныстандыру қолға алынар еді ғой.
Шекаралық аудандар тұрғындарының кәсіпкерлік қабілетін арттыру жайы, ондағы ауылдардың экономикалық әлеуетін көтеру мәселесі Парламент қабырғасында да бірнеше рет қозғалғанымен, мардымды шешім қабылдана қоймаған сыңайлы. Мүмкін, бұл бір күнде атқарылмайтын, біртіндеп жүзеге асырылатын іс шығар. Бірақ көрші елдер қазірден қамданып, қажетті заңдарын қабылдап жатқанда, біздің ұзын арқан, кең тұсауға салынуымыздың себебі неде екен? “Урбанизация – табиғи үрдіс. Адамдардың жақсы өмір сүру үшін жайлы жерлерге ұмтылуы заңды” деп шарасыздық танытсақ, бос жерге көз алартушылар көбейіп, елдің тұтастығына қауіп төнуі бек мүмкін. Олай болса, “ел иесіз, жер киесіз емес” деген қазақтың шекарада алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасасақ, бүгінгідей іргемізге үрке қарар әдетімізден де арылар едік.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.