Қылқаламды жанына серік еткен суретші Нәзира Сәдуақасова, жас та болса, бойындағы ерекше талантымен, өз ісіне деген құштарлығымен өңір тұрғындарына танылып келеді. Ол жуырда облыстық бейнелеу өнері мұражайында суретші Әлия Мұқышевамен бірлесіп, “Табиғилық туралы” тақырыбымен көрме ұйымдастыру арқылы өзінің дарынды екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында дүниеге келген Нәзира Сәдуақасованың отбасында шығармашылықты серік етпеген жан кемде-кем. Бұл жолға бет бұрып, осы саланы таңдауында да сол адамдардың ықпалы мол десек, қателеспейміз. “Анамыз бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатқан, қазір зейнет демалысында. Әлі есімде, кішкентай кезімізде ол оқушыларына сабақ барысында қолдану үшін түрлі көрнекіліктер әзірлеуге баса мән беретін. Кешкілік майшамның жарығымен шама-шарқымызша көмектесуге тырысатын едік. Әкеміз де қолы шебер ұста. Қажет емес ескі заттарды қолдана отырып, жаңа дүниелер әзірлегенді жақсы көреді. Әпкелерімнің бірі тоқыма тоқумен айналысса, екіншісі – кәсіби тігінші. Түрлі киімдер тігіп, әшекей бұйымдарды әзірлейді. Ағам да шығармашылықтан алыс емес. Құрылыс саласында жұмыс істейтін ол қазақтың түрлі оюларымен әрленген пеш дайындайды”, – деген Нәзира Сәдуақасова осы жайттар есейе келе, шығармашылық жолды таңдауына түрткі болғанын жеткізді. Дизайнер-суретші боламын деген мақсатты ол алдына сегізінші сыныпта оқып жүргенде қойыпты.
Өкінішке қарай, ауылдық жерде бұл іске деген қабілеті мен талантын жетілдіруге мүмкіндік беретін үйірмелер болмаған, оған жол көрсететін кәсіби суретші мамандар да тапшы еді. Сондықтан ақылы түрде қосымша дәрістерге қатысып, мақсатына жету жолында алғашқы қадамдарын жасауға тура келді. Ол кезде интернеттің мүмкіндігі де аз болғандықтан, жас ару жергілікті кітапханаға барып, кітап бетіндегі суреттерді бейнелеуге талпынған. Ал орта мектепті тамамдағаннан кейін болашақ суретші Көкшетаудағы Ақан сері колледжіне “Суретші-дизайнер” мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғары білімді Көкше академиясында алған. “Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз” деген сөзді есінен шығармай, үнемі ізденіс үстінде жүретін ол мұнымен шектеліп қалмай, Польшаның Ополе қаласында педагогика саласының магистрі атанды.
Жас маман шығармашылық жолда үлгі тұтатын азаматтары жайлы айтқанда, қазақстандық суретші, жерлесіміз Қанапия Телжановтан бастады. “Менің ойымша, оның туындылары қолданған түстерінің нәзіктігімен ерекшеленеді. Өзім де импрессионизм бағытына жақын болғандықтан, постельді түстер, олардың бұлыңғырлығы мен түстердің ауысуындағы өзіндік стилі мені айрықша таңдандырды. Туындыларын ерекше ықыласпен, қызығушылықпен тамашалайтын өнер адамдарының қатарында голландтық суретші Ван Гог, француздық Клод Моне де бар. Олардың барлығы түстерді ұтымды пайдаланады”, – деді Нәзира.
Жас маман бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде өнер пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеумен айналысуда. Оның айтуынша, қашықтан білім беру кезінде оқушылармен тығыз байланыс жасау біршама қиындық туғызуда. Есесіне өткен жылдары шәкірттерімен бірлесіп атқарған жұмыстары жетерлік.
Сурет салумен қатар, шәкірт тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосып жүрген Нәзира Сәдуақасова шығармашылықтың басқа да түрлерінен кенде емес. Соңғы кездері суретке, бейнежазбаға түсіріп, оны әрлеуге ықылас танытуда. Флористиканы да жаны сүйетін ол кепкен гүлдерден, жапырақтардан үйдің сәнін келтіріп, көздің жауын алатын түрлі композициялар жасағанды ұнатады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.