«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТУҒА ШЫНДАП КІРІСТІК

Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелеріне басымдық беруде. Әсіресе, қазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды жолы болып табылады. Осыған орай әр жылдары “Таза ауызсу”, кейін “Ақ бұлақ” мемлекет­тік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылған болатын.

Аталмыш бағдарламаларды жү­зеге асыруға қатысқан республикалық “Нұра топтық су құбыры” мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы – Солтүстік Қазақстан облысының он бір және Қостанай облысының екі ауданына қарасты елді мекендердің тұрғындарын таза ауызсумен жабдықтап отырған кәсіпорын. Бұл елді мекендерге тіршілік нәрі Булаев, Ишим, Преснов және Соколов топтық су құбырлары арқылы жеткізіледі. Тарихы тереңге кететін аталмыш кәсіпорын ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап “Союзцелинвод” тресі, ал бүгінде “Есіл су” деген атпен елді мекендерге су тарату қызметтерін абыройлы атқарып келеді.

Бүгінгі таңда біздің кәсіпорын облысымыздағы ірі электр энергиясын тұтынушылардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, серіктестік жылына 200 млн. теңгенің 12 млн. кВт/сағат қуатын тұтынады. Дегенмен, жыл өткен сайын энергияны пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Сол арқылы тұтынушыларға 1 текше метр ауызсуды жеткізуге жұмсалатын электр энергиясының шығынын азайту мәселесін шешу жолдары қарастырылуда. Мәселен, 2019 жылы “Есіл су” филиалы ауызсудың бір текше метріне 3,1 кВт/сағат электр энергиясын жұмсады. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 3,6 кВт/сағатты құраса, 2017 жылы 3,5, ал 2018 жылы 3,2 кВт/сағат болды.

Көріп отырғанымыздай, жыл са­йын жұмсалатын электр энергиясының мөлшері біртіндеп төмендеп келеді. Яғни, 2016 жылдан бастап сатылған судың бір текше метріне жұмсалатын энергияның көлемі 14 пайызға азайған.

Бұдан бөлек, технологиялық, ұйымдастырушылық және техникалық іс-шараларды жүргізу арқылы электр энергиясын үнемдеуге болады. Мәселен, технологиялық шаралар аясында сорғы станцияларындағы сорғы жабдықтарының тиімді жұмыс істеу режімін таңдау және сол қолайлы режімді анықтау есебінен электр энергиясын үнемдеуге болады. Сондай-ақ, жаңа құрал-жабдықтарды сатып алып, реттеу жұмыстарын атқару маңызды. Мұндай шығындар тиімділігіне қарай 2 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімде өтеледі. Барынша жоғары экономикалық нәтиже болу үшін барлық іс-шараларды кешенді түрде атқарған жөн. Тек сонда ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

“Есіл су” филиалының басшылығы Булаев, Ишим, Преснов және Соколов топтық су құбырларындағы сегіз сорғы станциясында жиілік түрлендіргіштер орнату туралы шешім қабылдаған болатын. Нәтиже­сінде электр энергиясы үнемделіп, сорғы агрегаттарының істен шығуы азайды. Атап айтқанда, жиі­лік түрлендіргіштер жұмысының ең жоғары экономикалық әсері Булаев топтық су құбырының “Қызыл-Ағаш” сорғы станциясының жұмысында анықталды. 2013 жылы енгізілген сәттен бастап нысанда 5 млн. кВт/сағат электр энергиясы үнемделді.

Бұдан бөлек, “Есіл су” филиалының өндірістік және әкімшілік ғимараттарындағы жарықтандыру құралдарындағы ескі шамдар электр қуатын үнемдегіш жарықдиодты шамдарға ауыстырылды. Ал 2018 жылдан бастап құрамында қауіпті сынабы және люминесцентті шамдарды ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Себебі, жарықдиодты шамдардың тиімділігі 2-3 есе жоғары, қауіпсіз және берік келеді. Сөйтіп, жылына 50 мың кВт/сағат электр энергиясы үнемделеді деп күтілуде.

2013-2014 жылдары “Есіл су” фи­лиалында инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары толығымен заманауи электронды құрылғыларға ауыстырылды.

“Есіл су” филиалы алдағы уақытта да электр энергиясының жұмсалуын төмендетуге, энергиялық тиімділікті арттыруға бағытталған жоспарлы жұмысты жүргізетін болады.

Александр АНУФРИЕВ,

“Нұра топтық су құбыры” РМК “Есіл су” филиалының бас энергетигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp