Қазақ даласының үні, кеңдігі, сұлулығы, ғашық жүректің дүрсілі, шалқыған жастықтың сыры – осының бәрі Шәмші әндерінде шебер өрнектеліп, сазбен суреттелген. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы ұлтымыздың музыкасын, сахнасын, мәдени өмірін Шәмші әндерінсіз елестету мүмкін емес. Сыршыл сазгердің туындылары қазір де талай жүректі тербеп, тыңдарманды тәнті етіп келеді. Қазақ вальсі королінің 95 жылдық мерейтойына орай өнерсүйер ағайын даңқты композитордың есімін тағы бір жаңғыртып, ән кешінде бас қосты.
Облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт орталығының ұйымдастыруымен өткен «Менің Қазақстаным» ән байқауына облыс орталығы мен аудандардан 17 талапкер қатысты. Олар байқау шарты бойынша Шәмші Қалдаяқовтың және жергілікті ақын, сазгерлердің туындыларын орындады. Өнерпаздардың орындаушылық шеберлігіне Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Қайырлы Ғафуров, өнер колледжі ән бөлімінің оқытушысы Мұрат Ыбыраев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті музыка пәндері кафедрасының меңгерушісі Жанар Мұқатаева баға берді.
«Байқаудың мақсаты – Шәмші Қалдаяқов мұрасын насихаттау, жергілікті ақын, сазгерлердің туындыларын дәріптеу, жергілікті орындаушылардың репертуарын байыту. Біз әншілердің орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне мән бердік. Мұндай шаралар қала, аудандарда жүрген дарынды өнерпаздарды халыққа танытады, шеберлігін шыңдап, тәжірибесін байытады», – деді қазылар алқасының төрағасы Қайырлы Ғафуров.
Байқауда композитордың әйгілі «Сыған серенадасы», «Отырардағы той», «Өмір-өзен», «Қайықта», «Арыс жағасында», «Теріскей», «Тамды аруы», «Дүнген қызы» әндері шырқалды. Бұған қоса байқау талабына сай жергілікті авторлардың туындылары да қазылар сынына салынды. Еркебұлан Ерсайынов ауылына арнаған авторлық әнін тарту етсе, Берікбол Дүйсенбай дәстүрлі әнге келгенде есе жібермейтінін көрсетті. Жамбыл ауданынан келген «Серілер», Уәлиханов ауданының намысын қорғаған «Самғау» триолары да сахнаның сәнін кіргізді. Қазақ әнін нақышына келтіріп шырқаған Ольга Векерлер мен Карина Маркеловаға халықтың ықыласы ерекше болды.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды облыс орталығының намысын қорғаған Жарқын Ыбраев еншіледі. «Самғау» триосы екінші орынды иеленсе, Есіл ауданының атынан қатысқан Еркежан Мұратхан бірінші орын алды. Бас жүлденің 150 мың теңгелік сыйлығы айыртаулық Еркін Нұрбахтиновқа бұйырды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».