Былтыр елімізде “Агробизнес – 2020” салалық бағдарламасының аясында “Ырыс” бағдарламасы іске қосылған болатын. Оны жүзеге асырып отырған “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кейбір айыртаулық кәсіпкерлер бүгінде сол бағдарламаның шарапатын сезініп, мемлекеттік қолдауға ие болуда.
Іске қосылған “Ырыс” бағдарламасы 50 және 100 бас қара малға арналған сүтті-тауарлы фермаларды құру және істі кеңейтуге арналған жобаларды қаржыландыруды көздейді. Несиенің ең көп мөлшері 60 миллион теңгеге дейін, жеті жылға беріледі.
Жақында ауданымыздағы “Прекрасное” шаруа қожалығы Ресей Федерациясының Новосібір облысына қарасты “Неудачное” жабық акционерлік қоғамынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы 40 миллион теңгеге 100 бас сүтті бағыттағы “Голштин-фриз” асылтұқымды тайыншаларын сатып әкелді.
Жас мал бұзаулағаннан кейін күніне 23-25 литрден, жылына 9 мыңнан 15 мың литрге дейін сүт береді деп күтілуде. Сүттің майлылығы 3,6% бен 4,6% аралығында болмақ. Қара ала түлік қазір біздің жақтың күн райына бейімделген. Бұл сиырлардың құндылығы – сүтінде. Қожалық басшысы Бақыт Құсайынов мал таңдауда ең алдымен осыған мән берген. Қашарлардың аймақ климатын жатсынбауы да ескерілген.
“Голштин-фриз” асылтұқымды сиырлары жейтін азық та ерекше. Қожалық жанындағы жүз гектардан астам жерге дәнді дақылдар мен қосымша аумаққа арнайы екпе шөп егілген. Мал азығы үшін жемшөп мол дайындалған. Ал құнажын-қашарлар бұзаулаған соң қытайбұршақ, жүгері, асбұршақ, минералды дәрумендер сатып алынады. Алғашқы төлді фермадағылар мамыр айының соңына қарай көреміз, деп отыр.
Қожалық басшысының айтуынша, ірі қара басының артуына байланысты қосымша 23 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Жаңадан әкелінген жас тайыншалар бұзауласымен сауыншылар және қосымша бақташылар жұмысқа алынады.
Аталмыш қожалық иесі 2013 жылы өзінің туған Прекрасное ауылында шаруа қожалығын құрып, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында өз қаржысына 70 бас сауын сиыр мен техника сатып алған болатын. Ол ауылдағы бос қалған жатақхананы, бірнеше үйлерді қалпына келтіріп, қазіргі кезде шаруашылығын дөңгелетуде.
Бақыт Мәжитұлы келешекте “Голштин-фриз” тұқымының жүз бас жас бұқасын өз қаржысына сатып алуды жоспарлап отыр.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.