«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН

Жалынды жастық кезде жаққан махаббат отын өшірмей, керісінше жылдар өте бір-біріне деген ақ, адал сезімдерін ту етіп, айналасына үлгі бола білген жарасымды жұптар саны бүгінде аз емес. Бақыт кілтін сыйластықтан тауып, оны кейінгі ұрпақ бойына дарыта білген ерлі-зайыптылардың бірі – Сәкен мен Ғалия Аманжоловтар.

Шал ақын ауданының тумалары, бүгінде Қызылжар қаласында тұратын қос қарлығаштың отау құрғанына қырық жыл. Отағасы Сәкен Құрманғалиұлы – замандастары арасында сый-құрметке бөленген ер-азаматтың бірі. Отбасылық өмірге бірге қадам басқан зайыбын қадірлеп, орталарында қызғалдақ гүлдей жайқалған үш қызына пана бола білген отағасы өзінің ақжарқын, жұмсақ мінезімен ерекшеленеді. Жас кезінен саламатты өмір салтын ұстанған әке қыздарын да осы бағытта тәрбиелеген.  

– Біз кішкентай кезімізден дене шынықтырумен айналысамыз. Қандай ауа райы болса да, әкеміз ерте оятып, далаға алып шығып, жүгіртіп, секіртіп, түрлі жаттығулар жасататын, – дейді балалық шағын сағына есіне алған қыздардың үлкені Айгүл.

Спортқа бір табан жақын ерлізайыпты қыздарына сөзбен емес, ісімен де өнеге көрсете білген. Аудандық “Ақ бидай” сайыстарына үнемі отбасымен бірге қатысып тұрған Сәкен Құрманғалиұлы жас кезінде қазақша күреспен, ауыр атлетикамен айналысыпты. Отағасының тағы бір ерекшелігі бар: ол – жүректен шыққан жыр шумақтарын ақ қағазға түсіру арқылы өмірін өлеңмен өрнектеуге талпынған өнерлі жан.

Ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі бола білген Ғалия Ғайсақызы – ұстаздық жолда 35 жылдан астам талмай еңбек еткен білікті, білімді маман. Ізденімпаздығымен, жаңашылдыққа деген ұмтылысымен жастарға үлгі болар жоғары санатты ұстаз. Оның алдынан тәлім алған оқушыларының ішінде ұстаздық жолды таңдап, бүгінде осы салада еңбек етіп жүрген түлектері аз емес. Бұл да тынымсыз еңбектің жемісі емес пе?

Қыздарына қазақша тәрбие беріп, қашанда ұлттық салт-дәстүрді ұстанған асыл ана қоғамдық жұмыстарға да белсене араласумен ерекшелене білген. “Тән саулығы – жан саулығы” деген сөздерді арқау етіп, шаңырағындағы бірлік-береке туын биікке көтерген Ғалия Ғайсақызы асыл жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз ғана емес, сонымен қатар спортсүйер қауымның қатарынан орын алған жандардың бірі десе де болады. Жастық шағында ол биатлонмен шұғылданған. Онымен шектеліп қалмай, “темір тұлпарды” тізгіндеп, тіпті, әйел аналардың көбінің батылы бара бермейтін комбайн, мотоцикл жүргізуді де өзінің қайсарлығы, алғырлығы арқасында үйреніп алған. Айта кету керек, ерлі-зайыпты жас кездерінде спорт алаңында теннис ойнап жүріп танысқан. Содан сезімдері жарасып, араға жылдар салып, үйленіп, отау құрған. Сол сәттен бері құстай ұшып қырық жыл өтсе де, олардың спортқа деген қызығушылықтары кемімей, арта түскені анық. Бүгінде алпысты алқымдап, жетпіске жетуге аз-ақ қалған ерлі-зайыптылар бос уақыттарын жиендерімен өткізіп, оларды саламатты өмір салтына баулудан жалыққан емес.

Мінезі қатал болса да, аналық мейіріммен жан-жағына жақсылықтың дәнін себе білген Ғалия Ғайсақызы отбасының шамшырағы іспеттес. Оның жан жылуына жылынған құралайдай қыздары аналарына қарап ой да, бой да түзейді. Ата-ананың үкілеген үмітін ақтап, еліміздің одан әрі дамуы үшін қолдарынан келгенше еңбек етіп жүрген тұңғыш қыздары Айгүл – бүгінде ұрпақ сабақтастығын жалғаған көпбалалы аналар тізіміндегі асыл моншақтың бірі. Асыл жар, инабатты келін, үлгілі қыз бола білген Айгүл жұбайымен бірге шаңырағын қызыққа бөлеген үш баласын әке-шешеден алған тәрбиемен бағып-қағуда. Ол соңынан ерген сіңлілеріне қашанда қамқорлықпен қарап, керек кезінде апалық ақылымен бөлісіп отыруды отбасындағы балалардың үлкені ретінде өзінің парызы санайды. Еңбекте ептілігімен көзге түсе білген Әсел “Петропавл құбырлар зауыты” ЖШС-інде есепші болып қызмет етеді. Әселдің алдына қойған мақсаты зор, ұмтылған белестері биік. Ата-анасының өзара сыйластығына тәнті болып өскен ол шамасы келгенше үй ішіне қолғабыс тигізуден аянбайды. Ал үйдің кенжесі, еркесі болып өссе де, бүгінде ер мінезімен ерекшеленіп, қатарластарынан оза шапқан Динара Израильде тілші болып жұмыс істеп жүр. Бауырлар қайда жүрсе де, бір-біріне жиі телефон шалып, хал-жағдайларын сұрап, сәті түссе кездесіп, сырласып тұрады. Бұл да – ата-ана тәрбиесінің жемісі. Жұрт қызыға да, қызғана да қа­райтын, жарты ауыз сөзбен бір-бірінің жанын түсінетін ерлі-зайыпты бүгінде бой жетіп, өмір арнасында өз жолын таба білген қыздарының қол жеткізген жетістіктеріне қуанып, шүкіршілік айтады.

Тіршіліктің ыстық-суығын бірге бөлісіп, осынша жылдар бойы өмір сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан жарасымды жұп қазір бейнетінің зейнетін көріп, кішкентай жиендерінің қызық-қуанышына бөленуде. Қыздары болса ата-анасымен кездесуге қашанда қуанып, қызыққа толы сәттердің көп болғанын қалайды. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке қолдары босай қалса, үйлеріне барып, көңіл сандығы сыр мен жырға толы қариялардың ақыл-кеңесін тыңдап, әдемі әңгімелерді жүректерінің төріне ұялатуға тырысады. Міне, түсіне білген адам үшін мұның өзі де бір ғанибет емес пе?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp