Екінші Дүниежүзілік соғыс уақытында Петропавл маңызды медициналық орталыққа айналды. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Қазақстандағы алғашқы эвакуациялық госпитальдар өз жұмысын Петропавлда бастады. 1942 жылы қаңтар-ақпан айларында Солтүстік Қазақстан облысында 5 эвакуациялық аурухана құрылса, солардың үшеуі – №2446, №3595, №3813 госпитальдары Петропавлда орналасқан. Орта медициналық қызметкерлер медбикелер мектебінің түлектерімен толықтырылды, ал дәрігерлер басқа қалалардан келген. Мәселен, №2446 эвакогоспиталінде ІІІ дәрежелі әскери дәрігер Адамов, №3595 эвакогоспиталінде ІІ дәрежелі әскери дәрігер Купицкий, №3813 ауруханасында ІІ дәрежелі әскери дәрігер Авернеев басшы болған.
№2446 эвакогоспиталь физиотерапиялық емхана ғимаратында орналасты. Мұнда жараланған жауынгерлерге қалпына келтіру емі жүргізілді. №3813 эвакогоспиталь 1941 жылдың қараша айында Пионерлер үйі мен мектеп ғимаратында ашылды. Ол негізінен психоневрологиялық аурулар мен контузия алған сарбаздарды қабылдады. 1942- 1943 жылдары мұнда 100 орындық протездеу бөлімі жұмыс істеді. №3595 эвакогоспиталь 1-ші қалалық аурухананың базасында орналастырылды. Негізгі бағыты – нейрохирургиялық, жақ-бет, көз және құлақ-мұрын жарақаттарын емдеу.
– Құжаттар бойынша №3813 госпитальде әр бөлімшеде 1942 жылдың 1 қаңтары мен 25 шілдесі аралығында сауатсыздықты жою бойынша үйірмелер ұйымдастырылды. Осы кезеңде мұнда әріп танымайтын 94 адам және сауаты аз 115 адам оқытылды. Мүгедектер арасынан 12 есепші дайындалды, олар кейін колхоздарда жұмыс істеді, – дейді архив директоры Сәуле Мәлікова.
1942 жылдың ортасына қарай үш эвакуациялық ауруханада екі мыңнан астам адам ем алды. Эвакогоспитальдардың бірінші жылында емделген жаралылардың 71 пайызы майданға оралды. Сол кезде облыстық «Ленин туы» қазіргі («Soltüstık Qazaqstan».) газеті арқылы медициналық қызметкерлерге, дәрігерлерге алғыс айтты. Мәселен, 1941 жылғы 7 қарашада шыққан газетте лейтенант Пугачев №3595 госпиталь жаралыларының атынан дәрігерлер Г.А. Старовойтоваға, К.М. Глазковаға, апалы- сіңлілі Рязаповаларға, Константиноваға, Мұстаеваға алғыс білдірді.
1941-1945 жылдары Петропавл қаласының эвакогоспитальдарында қайтыс болған жауынгерлер қазіргі Ғабит Мүсірепов көшесіндегі қалалық зиратқа жерленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».