Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Петропавлдағы кәсіпорындарды аралады.
«С.М.Киров атындағы зауыт», «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «CT Assembly» кәсіпорындарында болып, өндірістік саланың әлеуетімен, озық инвестициялық жобалардың іске асу барысымен танысты. «ЗИКСТО» зауытында вагон өндіру үшін салынып жатқан жаңа ғимараттың құрылысын бақылады. Қағаз өнімдері фабрикасында республикалық ведомство басшысына заманауи өндіріс процестері, инновациялық жылыжайда «Радуга» техноэкопаркін құру жобасы таныстырылып, кәсіпорындарды дамыту жоспарлары талқыланды. Облыстың экологиялық инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылатын заманауи бағдарламалардың бірі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.

Министр «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының 3-ші субаймағына барды, онда елордалық мейман «KazCrane Engineering», «Qilu Agro», «Бейкертон» және «Eco Glade» серіктестіктерінің инвестициялық жобаларымен және инфрақұрылым тарту барысымен танысты.

Ерсайын Нағаспаев озық жобалар министрлік тарапынан қолдау табатынын, көтергіш қондырғыларды, ауыл шаруашылығы техникасы, нан-тоқаш өнімдерін шығару мен саңырауқұлақ фермасын іске қосу өңірдің экономикалық әлеуетін жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltustik Qazaqstan».