«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЭКОНОМИКА» – САЛАЛЫҚ ЖАЛҒЫЗ БАСЫЛЫМ

Баспасөзі мықты елдің – келешегі зор” деп өткен ғасырдың басында Алаш арысы Міржақып Дулатов атамыз бекер айтпаған шығар. “Кім ақпаратқа ие болса – сол әлемді билейді” деген де түсінік бар. Демек, қоғамдық өмірде ақпараттың алатын орны өте жоғары. Онда сол ақпаратты жинап, халыққа тарататын құралдардың – газет, журнал, радио, телевидение, Интернеттің де қоғамда өзіндік орны бар екені даусыз. Өкініштісі, солар белгілі бір мәселелер мен тақырыптар төңірегінде шектен тыс көп те, кейбір бағыттарда тіпті жоқ. Мысалы, Қазақстанда халықтың экономикалық ой-түсінігі мен білім-білігінің дамуына қызмет ететін қазақ тіліндегі арнайы басылымдар жоқтың қасы. Тіршіліктің өзі негізінен экономикалық іс-қимыл, әрекеттердің есебінен қамтамасыз етілетін болғанымен, біздің қоғамда көбінесе әлеуметтік-мәдени тақырыптарды көтеру жағы басым.

Күнделікті өмір қажеттіліктерінің 90 пайызы экономикалық сипатқа ие болса да, біздің ақпарат құралдарымыз тура қарама-қарсы мөлшерде әдеби, мәдени, рухани тақырыптар мен әлеуметтік мәселелер төңірегінде хабарлар таратып жатады. Тәуелсіздік жылдарында ауыл экономикасы дамымай тұралап қалды, тіпті, “Болашағы жоқ ауылдар” деген түсінік пайда болды десек, оның да бір себебі сол ауылда тұратын тұрғындардың төл тілінде қажетті экономикалық ақпарат алатын құралдары болмағанынан деудің де жөні бар. Ал қазіргідей қаржылық қиындық, экономикалық дағдарыс кезінде халықты экономика мәселелеріне қатысты ақпаратпен қамтамасыз ету тіпті де маңызды. Осы тұрғыдан дәл жаһандық экономикалық дағдарыс тұсында өмірге келген «Экономика» газетінің бүгінгі қазақ қоғамына аса қажет басылымдардың бірі дер едік.

Экономика” газеті 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы тұңғыш апталық экономикалық басылым ретінде қазақ және орыс тілінде жарық көріп келеді. Ол басқа да қажеттіліктермен бірге негізінен қазақтілді оқырмандардың экономикалық сипаттағы ақпараттарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Экономика” газеті “Қазақ газеттері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында. Бүгінгі күнге дейін газеттің 365 саны жарық көрді. Тіркеу құжаттарына сәйкес ол А3 пішіміндегі 16 беттік газет. Бірақ 2008 жылдың шілдесіне дейін газеттің 42 нөмірі 12 бетпен екі аптада бір рет жарық көрді. Тек шілде айынан бастап қана апта сайын толық көлемде шыға бастады. Ал 2009 жылдың 20 наурызынан А2 пішімінде 10 бет болып басылатын болды.

Осы күнге дейін газет бетінде Үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, ірі кәсіпорындардың, оқу орындарының басшыларымен сұхбаттар, елімізді индустриялық-инновациялық дамыту мәселелеріне арналған көлемді мақалалар, отандық экономиканың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар жайында көркем очерктер жарияланды. Келешекте көлемі бұдан да үлкеюі әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамда жаңа кәсіпкерлік психология, экономикаға деген өзгеше көзқарас пен қызығушылық пайда болып келе жатыр.

Қарапайым қатардағы кәсіпкерден бастап ірі бизнес өкілдерінде күнделікті экономикалық жаңалықтар мен ақпараттарға деген қажеттілік пен сұраныс өсіп келеді. Олар өздерінің экономикалық түсініктерін кеңейтіп, білімдерін нығайта түсуге мүдделі. Себебі, нарықтық жағдайды естіп, біліп үйрену және өз қажетіне жарату қажеттілігі кәсіпкерлерден осыны талап етеді. Бір қиындығы, біздің осы күнге дейінгі бүкіл экономикалық ой-пікірлеріміз, түсініктеріміз кешегі кездегі кеңестік білім жүйесі арқылы санамызға сіңді. Соған байланысты экономикалық мәселелерді қазақ тілінде жазып жеткізетін тілшілер мен авторлар қауымы да аз. Тәуелсіздік шарапатымен елімізде ана тілімізге деген қызығушылық артып, алыс-жақын шетелдерден атажұртқа бір миллионнан аса қандастарымыз көшіп-қоныстанғанын, олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік саласында екенін ескерсек, төл тілімізде шығатын экономикалық басылымға деген сұраныс пен қажеттілік жеткілікті екенін сеземіз.

Экономика” газетінің негізгі мақсаты – еліміз аймағында болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың сан-саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы саласы, тұрғын үй және т.б. секторлардағы ұнамды өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халықтың экономикалық ой-түсінігінің өсуіне қызмет ету. Осы мақсатта газет редакциясы жанынан құрамына белгілі экономист-ғалымдар, қаржыгерлер, заңгерлер кіретін ақылдастар алқасы ұйымдастырылды.

Күн өткен сайын қалыптасып, қазақ тіліндегі экономикалық басылым ретінде еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан “Экономика” газетіне келешекте оның қоғамдық-мемлекеттік маңызын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-саяси және кәсіпкерлік ортасында қолдау күшейеді деген сенім мол.

Ақас ТАЖУТОВ,

Экономика” газетінің

бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp