Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және жаңғырту шеңберінде, 2020 жылғы 15 қыркүйектен бастап комитетте “Электрондық декларациялау орталығы” қанатқақты жобасы іске қосылғанын хабарлады.
Пилоттық жобаның мақсаты – тауарларды ішкі тұтыну үшін рәсімдеу кезінде комитеттің құрылымдық бөлімшесі деңгейінде кедендік өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында, кедендік бақылауды барынша орталықтандыру арқылы кедендік әкімшілендіру деңгейін арттыру.
“Жобада кедендік құнды анықтауына, тауарларды жіктеудің дұрыстығына, сондай-ақ жеңілдіктер мен босатулар берудің заңдылығына құжаттық бақылау жүзеге асырылады. Бұл ретте тексеру үшін, қажетті құжаттар мен мәліметтерді сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Астана-1 АЖ арқылы ұсынады”, делінген ақпаратта.
Бірінші кезеңде Ақмола, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттерінің кеден бекеттері жобаға қосылды. Алдағы уақытта басқа аумақтық мемлекеттік кірістер органдарын біртіндеп қосу жоспарлануда.
https://egemen.kz