Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елімізде қабылданып жатқан эпидемияға қарсы шаралардың, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
Ахуал бақылауға алына бастады
Отырыста атап көрсетілгендей, елімізде эпидемиялық жағдай біршама тұрақтала бастады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,1%-ды құрайды, ең төменгі өсім Шымкент қаласында, тәулігіне – 1%, одан кейінгі көрсеткіштер Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында 0,5% тіркелді.
Республика бойынша науқастарға арналған төсектік орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың төсектік орынға дейін ұлғайтылды. Бос емес провизорлық төсектік орындар 20%-ға (89%-дан 69%-ға дейін), бос емес реанимациялық төсектік орын 6%-ға (73%-дан 67%-ға дейін) азайды. “COVID”-тен сауығып кеткендердің саны 60%-ға өсті, “Жедел жәрдемді” шақырулар саны 23%-ға төмендеді.
Амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2962 БМСК мобильді бригадасы құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалар саны 3500-ге жетуге тиіс.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқандай, бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, оған қосымша 4183 аппарат сатып алынады. 21 мыңнан астам төсектік орын оттегіге, 6237 орын оттегі концентраторларының есебінен қосылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне – 32 мың. 1 тамызға қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға дейін, қыркүйекте 64 мыңға дейін көбеймек.
Елімізде 59 мемлекеттік және жеке зертхана бар. Бір рет пайдаланылатын медициналық үш қабатты бетперденің шекті бөлшек бағасы 28%-ға төмендетілді. Бірінші желі қызметкерлерінің (медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлері) тамыз айын қоса алғанда жеке қорғаныш құралдарының резерві қалыптасты. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 7,2 млрд. теңге бөлінді.
“Соның аясында 41 млн. бетперде, 27 млн. қолғап және 379 мың қорғаныш костюм, сондай-ақ, 1,2 млн. ПТР тесті сатып алынады. Жеке қорғаныш құралдарының осы резерві қыркүйектен бастап 2021 жылғы ақпанға дейін жасалады”, – деді министр.
А.Цой атап өткендей, Мемлекет басшысы ауылдағы жағдайды жақсарту шараларын әзірлеуді тапсырды. Коронавирус инфекциясына ПТР растаған және пневмониямен сырқаттанған пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін ауыл деңгейінде 2,5 мың инфекциялық және 11 мың провизорлық төсектік орын қарастырылды. Амбулаторлық көмек көрсету үшін ауылда 1493 мобильді бригада құрылады, бұл қажеттіліктің 94%-ын өтеуге тиіс. Ауылдарда 641 “Жедел жәрдем” машинасы бар.
Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы әкімдіктерге, Денсаулық сақтау мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлердегі ауруханаларды ӨЖЖ аппаратымен тамыздың соңына дейін толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында ПТР-тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және кадрлармен жасақтауды қамтамасыз ету, әкімдіктерге анализдерді өңірлердің зертханаларына жеткізудің тиімді логистикасын пысықтау тапсырылды.
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды отандық өндірістің цифрлы рентген аппараттарымен жарақтандыру мәселесін жедел шешуді, екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдарды өңірлерге толық жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. “СҚ Фармация” шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, өңірлерге бір айға жететіндей көлемде бөлу, сондай-ақ, олардың сұранысын жоспарлаудың нақты жүйесін белгілеуі тиіс.
Премьер-Министр сонымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісі бойынша әр өңірдегі Тұрақтандыру қорларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қорын жасауды міндеттеді.
“Қарапайым заттар экономикасы” қай деңгейде?
Селекторлық отырыста “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының аясында жергілікті қамтуды дамыту мәселесі де қаралды. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс туралы “Атамекен” ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің бизнес процесін оңтайландыру туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Е.Бахмутова, құрылыстағы қазақстандық қамтуды дамыту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар жайлы Қаржы министрі Е.Жамаубаев, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ сатып алуларындағы жергілікті қамту туралы қордың басқарма төрағасы А.Есімов баяндады.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының шеңберінде 491,5 млрд. теңгеге 2 мыңнан аса жоба мақұлданды. Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары қазақстандық қамту бойынша үздік өңірлер болып отыр. Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары артта қалуда. Құрылыс саласының қарқынды дамуы арқылы соңғы 10 жылда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 3,3 есеге – 176 млрд. теңгеден 586 млрд. теңгеге дейін артты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі хабарлағандай, құрылыс материалдары индустриясы қарқынды дамып келеді. Сектордың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 6%. Бүгінгі таңда республикада құрылыс өнімдерін 1965 кәсіпорын өндіреді. Онда 29 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мониторинг деректері бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың орташа жылдық жүктеме қуаты – 56%.
“Құрылыс саласының дамуына орай, құрылыс өнімдеріне қажеттілік те артып келеді. Елімізде соңғы 11 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 есеге (1,7 трлн. теңгеден 4,4 трлн. теңгеге дейін) өсті. Құрылыс саласының өсімі “Нұрлы жер”, “Нұрлы жол”, ИИД МБ, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында ауқымды инвестицияларға, ірі әлеуметтік-мәдени шараларды іске асыруға негізделген”, – деді Б.Атамқұлов.
Бүгінгі таңда құрылыс индустриясының дамуын тежеп отырған өзекті мәселелер де бар. Ол: кейбір импорттық құрылыс материалдардың көптігі; өндірістік қуаттардың толық жүктелмеуі; өнімді өткізу кепілдігінің жоқтығы; сауда алаңдары туралы ақпараттандырудың төмендігі.
“Отандық кәсіпорындар 586 млрд. теңгеге құрылыс материалын өндірсе, 348 млрд. теңгеге импорттайды. Нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жаңа жоба іске асырылуда. Оның 8-і импорт алмастыруға бағытталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде импорт үлесін 15%-ға төмендету және тұрғын үй құрылысында отандық өнімдерді қолдануды 90%-ға арттыру жоспарланып отыр”, – деді министр.
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы рәсімдік тосқауылдарды жою бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп “Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша банктердің бизнес процесін оңтайландыруды – несие өтінімдерін қарау мерзімін, құжаттар тізбесін қысқарту және кепіл саясатын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Құрылыс саласында да жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барлық тараптардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі тиісті заңнамалық және нормативтік өзгерістерді пысықтауды жүктеді.
Премьер-Министр Қаржы министрлігіне “Атамекен” ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір апта мерзімде отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қатысуына кедергі келтіретін барлық жүйелік тосқауылдарды жою жөніндегі іс-қимыл алгоритмін дайындауды тапсырды.
А.Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылау жұмысын екі ай ішінде аяқтау қажеттігін атап өтіп, осыған байланысты мемлекеттік қолдаудың әр шарасы бойынша тиісті заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды. Бұл ретте “Атамекен” ҰКП цифрлық платформасының базасында бизнестің міндеттемелеріне мониторинг жүргізу жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылатын болады.
(“Egemen Qazaqstan”,
23 шілде 2020 жыл).