Еліміздегі қоғамдық келісімді көздің қарашығындай сақтау, нығайту бағытында этномәдени бірлестіктерге ауқымды міндеттер жүктеледі. Бұл орайда олардың қызметін бір арнаға жұмылдырып келе жатқан Қазақстан халқының жергілікті ассамблеясы ұлтаралық татулықтың орталығы десе де болады. Мемлекеттің ұлттық саясатына белсене қатысу, өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмнің шынайы белгілерін қалыптастыру, өңірде тұратын жергілікті тұрғындар мен өзге этностардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін насихаттау, жақсы құндылықтарды тарату, орнықтыру басым бағыт болып табылады. Кіші ассамблеяның құрамында жұмыс істейтін этномәдени орталықтар мүшелерінің қатысуымен Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шара осындай мақсатты діттеп, түрлі этнос өкілдерінің басын қосты.
Тарихы қадым заманнан басталатын қазақтың ұлттық ойыны –тоғызқұмалақты өңірде жандандыруға белсене атсалысып жүрген М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Амангелді Айтбаевтың сөзіне қарағанда, спорттық жарысқа он жастағы баладан жетпістегі қарияға дейін қатысуға тілек білдіріпті. Солардың бірі, «Дуслык» татар-башқұрт қоғамының белді мүшесі Раиса Рамазановамен тілдестік. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ол тоғызқұмалақты бұрын ойнап, кейін қол үзіңкіреп қалыпты. Уақытым қанша тығыз болса да, Достық үйі аясында өтетін шаралардың ешқайсысынан қалған емеспін. Оның үстіне Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына арналып отырса, келмеуге қақым жоқ. Уақытымның тығыздығына қарамастан, жолым түсті дейді Раиса. Мектеп оқушысы Вова Ешконы, праймеризге қатысып, бағын сынап жүрген Сәлімжан Сәбитовты қызу ойын үстінде жолықтырдық.
Спорттық шара кезінде этномәдени бірлестік, қоғамдық ұйым өкілдері жергілікті баспасөз ақпарат құралдарына сұхбат беріп, татулығымыз бен бірлігіміздің символы іспеттес бірегей институт жайлы ойларымен бөлісті. «Urpag» қазақ мәдени-ағарту орталығының жетекшісі Гүлбақша Мұсабаева кіші ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің облыстың қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін атап өтті. 1996 жылы құрылған облыстық ассамблея айналасына көпұлтты Қазақстанның дамуына, өркендеуіне мүдделі жандарды топтастыра отырып, бүгінде бірлестіктердің саны 26-ға жеткен. Шекаралық ынтымақтастық саласында бірқатар этномәдени жобалар жүзеге асырылуда.
«Радзіма» беларус мәдени орталығының төрайымы Мария Татаренко Ассамблеяның тәуелсіздігімізді нығайтудағы, этностық төзімділікті сақтаудағы маңызына тоқталды. Ұлттық келісім арқылы ғана Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ете аламыз. Аға ұрпақ өкілдері мұны жақсы түсінеді. Біздің мақсатымыз – жас буынды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелей білу. «Қазақ тілі», «Лад», «Кентрон», «Вайнах», «Дуслык», «Видергебурт», «Коперник»», «Парвина», тағы басқа қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс атқарып, түрлі мәдени шаралардың кеңінен қанат жаюына мұрындық болып жүр. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер, ұлттық мейрамдар бірлесіп тойланады. «Өнеріміз саған, Қазақстан!», «Абай өлеңдері –ұлттық мақтаныш», «Өз еліңді тану», «Мәміле», «Бірлігіміз жарасқан», өзге де онлайн-фестивальдар, челлендждер, конкурстар, акциялардың тәрбиелік-танымдық мәні айрықша болды.
«Дуслык» татар-башқұрт бірлестігінің белсенді мүшесі Зулиха Бекметованың да айтары аз емес. «Облыс орталығында кіші ассамблеяның қамқорлығымен ашылған ұлттық жаңғыру мектебінде екі жүзге жуық бала оқиды. Онда неміс, поляк, армян, татар, кәріс, шешен, әзірбайжан, украин, еврей бөлімшелері бар. Тілге, мәдениетке, салт-дәстүрге қатысты үйірмелер жұмыс істейді. Түрлі этнос балаларының ана тілін білуге деген ынтасы айрықша. Татулық пен жасампаздықтың басты арқауы достық деп түсінемін. Қазақстан халқы Ассамблеясының этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүру принципіне құрылған қызметін жоғары бағалаймын. Әлеуметтік, басқа да мәселелерді дәйектілікпен және жүйелі түрде шешуге айтарлықтай ықпал жасап келеді», дейді З. Бекметова.
Мәреге жеткен тоғызқұмалақ ойынының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге заттай сыйлықтар табыс етілді.