«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІК ҚАЙНАРЫ

Назарбаев зияткерлік мектебінде берекесі мен бірлігі жарасып, ұрпағына саналы тәрбие беріп отырған әулеттер арасында “Мерейлі отбасы” байқауы ұйымдастырылды. Дәстүрлі сайысқа биыл жеті отбасы қатысты. Сайыс “Тегін білу – тектілік”, “Өнерлінің өрісі кең”, “Қызық екен” атты бірнеше кезеңдерден тұрды.

Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат еткен Назарбаев зияткерлік мектебінде отбасылық құндылық пен халқымыздың сарқылмас рухани қазынасы – салт-дәстүрімізді насихаттауға ерекше мән беріледі. Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан “Мерейлі отбасы” сайысының көздегені де осы. Өткен жылы аталған шара өнегелі бес әулеттің басын қосса, биылғы байқауға қатысуға жеті шаңырақ ниет білдірген.

– Біз интернатта тұратын балалардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болуға тырысамыз. Өйткені, олар туғандарын ұзақ уақыт көрмейді. Байқауға ауылдық жерлерде тұратын әулеттер, көпбалалы отбасылар келді. Қазылар алқасы әрбір отбасының салт-дәстүрді берік ұстанып, атадан балаға мирас болған жәдігерлерді сақтауы, шыққан тегін білуі, саламатты өмір салтын ұстануы, еңбектегі, спорттағы, ғылым және білімдегі жетістіктері бойынша баға берді, – дейді сайысты ұйымдастырушылардың бірі, тәрбиеші Гүлзат Темірбекова.

“Мерейлі отбасы” сайысына қатысқан жеті команданың әрқайсысы бар өнерлерін көрсетуге тырысты. Нәтижесінде Тайынша ауданынан келген Жангелді әулетінің жұлдызы оңынан туып, бас жүлдеге ие болды. Әсіресе, үйдің кенжесі Дархан өз өнерімен көрермендерді де, қазылар алқасын да тәнті етті. Отбасы мүшелері бұл жеңісті шаңырақтағы татулықпен байланыстырады.

– Бала – байлығымыз. Оларды әрқашан қолдап отыру керек. Көбіне ата-ананың мейірімі жетіспей жатады. Ара-тұра көңілдерін аулау, сұрақтарына жауап беру, қолдап-қолпаштап отырудың пайдасы өте көп. Балаға бүкіл өмірі өз қолында екенін айтып, білім алудың пайдасын түсіндіреміз, – дейді отанасы Гүлстан Алпысбаева.

Байқауда екінші орын Есеновтер отбасына бұйырды. Бұл отбасы балаларына қазақы тәрбие беруімен ерекшеленеді. Ал үшінші жүлде өнер мен спортты қатар алып жүрген Нұрышевтарға берілді. “Өнегелі отбасы” аталымына Қажығұловтар лайық деп танылса, Рақымберлиндер “Парасатты отбасы” атанды. Ахметжановтар “Өнерлі отбасы” аталымын жеңіп алды, ал Жандосовтар “Ізгілікті шаңырақ” атанды. Байқауға қатысқан барлық отбасылардағы ортақ құндылық – балғындарды бақыт құшағына бөлеу.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp