«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНУ ҚАБІЛЕТТІ АШАДЫ

Бүкіл бір халықтың ұстазы ұлы Абай өзінің қара сөзінде баланың өмірге келгендегі қабілеттері әрі қарай дамытуды, шыңдауды қажет ететінін айтқан. Сондықтан оқушыларға жеке пәннен білім беріп қана қою жеткіліксіз, сабақ үстінде де, сыныптан тыс жұмыстарда да ғылымилыққа, өз беттерінше ізденуге баулуды өзімнің маңызды міндетім деп санаймын.

Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен терең білім беру мақсатында олимпиадаға, пәндік сайыстарға, ғылыми жоба жарыстарына қатысатын олимпиадалық топ құрып, олармен жүйелі жұмыс жүргіземін. Әр сыныптың оқушыларынан тұратын топ мүшелерін арнайы жоспар бойынша дайындаймын. Қосымша теориялық материалды меңгерту, тәжірибелік дағдыларын шыңдау мақсатындағы жұмысты ұйымдастырып, оқушының пәнге, ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында шағын жобалар жазғызамын. Олардың ішінде жақсы дайындалған жобаларды байқауларға қатысуға тереңдете түсуді ұсынамыз. Ол жұмыстар аудандық ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарды иеленді.  

Болат Совет қорғаған “Жарнама тілі” тақырыбындағы ғылыми жұмыс VII республикалық “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Ғылыми материалды жинақтау – күрделі үдеріс, себебі, ақпараттық ағын көп және қозғалмалы. Осы кезеңде оқушылардың кітапханада жұмыс істеу дағдысы, библиография құру, көп ақпараттан қажетті материалды табу біліктілігі қалыптасады. Ғылыми жоба жазу кезінде оқушылар жан-жақты ізденіп, басқа әдебиеттерді оқу барысында әртүрлі көзқарас, болжау, пікірлер бар екенін біледі, кітап арқылы қызықты жеке тұлғалармен танысады, ауызша және жазбаша сөздік қорлары қалыптасады, ғылыми ой-пікірлері пайда болады.

Баланың өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қасиет іздете білу, шығармашылыққа баулу, қалыптастыру – процесі ұзақ та маңызды үдеріс. Кез келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Оқушылардың белсенділігі мен танымдық іс-әрекеттері арқылы шығармашылығын дамыту, қажетті жағдайда айрықша шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны дайындау – әр ұстаздың алдында тұрған үлкен міндет.

Сандуғаш СҮЛЕЙМЕНОВА,

Новоишим қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp