«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІНДЕТПЕН КҮРЕС – БӘРІМІЗГЕ МІНДЕТ

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев қауіпті індетпен күрес шаралары және медицина саласында қалыптасқан ахуалға қатысты “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына, “WHATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ақнұр ЖҮСІПОВА,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Бүгінде әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус індеті Қазақстанда да кеңінен таралуда. Осыған орай өңірде сақтық шаралары қалай жүргізілуде?

– Қазір облыста қауіпті індет жұқтырған 28 адам анықталды. Соның бірі жақында ауруханадан шықты. Қалғандары тиісті ем-домдарын алуда. Қауіпті індетке шалдыққан тұрғындардың денсаулығы бірқалыпты. Ауыр халде жатқандар жоқ. Он орынға шақталған қосымша жансақтау бөлімшесі ашылып, өкпені оттегімен толықтыратын жасанды тыныс алу аппараттары қойылды. Жақында бірнеше жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Қазір облыс бойынша осындай 74 құрылғы бар. Өңірімізде “COVID-19” індетінің таралуына жол бермеу мақсатында сақтық шаралары күшейтілді. Тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау талаптары түсіндірілуде. Адам көп шоғырланатын орындарда гигиеналық құралдар қойылды. Өңіріміздегі “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған алғашқы залалсыздандыру кабинасы Петропавл қаласындағы “Dostyq mаll” сауда-ойын-сауық орталығына орнатылды. Оның көмегімен нысанға кіріп-шыққан әр адам автоматты түрде залалсыздандырылады. Бұл құрылғы қауіпті індеттің алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ, азық-түлік сататын үлкен сауда орындарында дене қызуын өлшейтін арнайы құралдар бар. Сауда үйлеріне кіреберісте әр адамның дене қызуы өлшенеді.
Төтенше жағдайларға байланысты облыс аумағында жүріп-тұру шектелді. Қоғамдық көліктерді айтпағанда, адамдардың бейсауат жүруіне рұқсат жоқ. Ал тәртіпке бағынбаған тұрғындар айыппұл төлеуде. Мұның барлығы қауіпті кеселдің жолын кесу үшін жасалып жатқан шаралар. Медициналық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен тиісті көлемде қамтамасыз етілді. Қазір ақ халатты абзал жандарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Әріптестерім қолдарынан келгенше тұрғындарға көмек беруде. Дәрігерлердің ерен еңбегі құрметке лайық. Әсіресе, инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан науқастармен байланыс жасайтын мамандар өз өмірлерін қатерге тігуде. Олар қоғамдық ортадан, отбасынан оқшауланып, қонақүйлерге орналастырылды. Олардың алаңсыз жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалды.

Роза БЕЙСЕМБАЕВА,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Бұл вирус егде жастағылар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті дегенді естідік. Қазір әлеуметтік желілерде коронавирустан қорғанудың түрлі әдіс-тәсілдері айтылуда. Мәселен, жуаны шайнамай жұту, ыстық шай ішу, қолды үнемі сабынмен жуу ұсынылуда. Осылардың қайсысы дұрыс?

– “Тазалық – саулық негізі” деп бекер айтылмаған. Әрбір адам тазалықты сақтауы тиіс. Сондықтан коронавируспен күрес тазалықтан басталады. Қолды жиі жуып, антисептик қолдану керек. Бактерияларды жою үшін антисептикті үй жайында да жасауға болады. Тұрғындар адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға баруды тоқтатуы тиіс. Карантин кезінде той-томалақты мүлдем шектеп, сыртқа шыққанда бетперде киген жөн. Тіпті, қайтыс болған адамның жаназасына да көпшіліктің жиналуына жол берілмейді. Тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістері, жұмыс орны залалсыздандырылуы қажет. Үйде бөлмені жиі желдету керек. Ал жуа, зімбір, лимон сияқты белгілі бір тағам түрлері адамды коронавирустан қорғайды деген сөз жаңсақ. Әрине, олар адам ағзасына пайдалы. Дегенмен, коронавирустан қорғайтындай қауқары жоқ. Жуаны шайнамай жұту және ыстық шай асқазанға зиянын тигізуі мүмкін. Вирустың көп мөлшері адамның қақырығы мен сілекейінде болады. Сондықтан сақтық үшін тазалыққа айрықша мән беру қажет.

Қырмызы БӘШЕНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Елімізде төтенше жағдай жарияланған уақытта дәріханаларда бетперде тапшылығы орын алды. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығындағы кейбір дәріханаларда әлі де маска жоқ. Бұл мәселе қалай шешімін табуда?

– Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар мен тігін фабрикалары бетперде тігуге көшті. Өйткені, тұрғындар тарапынан сұраныс артты. Кейбір адамдар бетпердені өздері тігіп алуда. Бірнеше рет пайдалануға болатын мұндай бетпердені жуып, үтіктеп киген абзал. Дәріханаларда сатылатын маскалардың бағалары әртүрлі болуы мүмкін. Өкінішке қарай, нарықтағы бағаны реттеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Жекеменшік дәріханалардың жұмысын үйлестіру біздің құзырымыздағы шаруа емес. Коронавирус қызылша ауруына қарағанда баяу, ал тұмаумен салыстырғанда 2-2,5 есе тез жұғады. Ауру ауада 4 сағаттан 3 күнге дейін сақталса, металл, шыны, пластикте 9 күнге дейін, ағаш бетінде вирус төрт күнге дейін тұрады. Жұқпалы індет ауа арқылы тарайды. Сондықтан тағы да бетперде киюге кеңес беремін.

Гүлзада ДӘРІБАЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Қазір тұрғындар дәрігердің қабылдауына “ДамуМед” мобильді қосымшасы арқылы жазылады. “Ауру айтып келмейді” демекші, аяқ астынан ауырып қалған жағдайда дәрігердің қабылдауына кіру қиын. Өйткені, дәрігер науқастарды алдын ала жазылған уақытта ғана қабылдайды. Басқа медициналық мекемелерде жағдай қандай екенін білмеймін, бірақ бірінші қалалық емханада науқасты дәрігер кезектен тыс қабылдамайды. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Төтенше жағдайға байланысты өңірде карантин жарияланды. Сондықтан медициналық қызметкерлер тұрғындарға қашықтан кеңес беруде. Егер науқасқа шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда “Жедел жәрдем” шақыруы қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында компьютерлік және магнитті-резонанстық томография кабинеттері жұмыс істейді. Оның өзінде санитарлық талаптарды орындау шарт. Мысалы, кезекте екі адамнан көп тұруға болмайды. Сонымен қатар химиялық, сәулелік терапия алатын адамдарға да ем жүргізілуде. Ол үшін науқастың қолында дәрігердің жолдамасы, анықтамасы болуы шарт. Жекеменшік медициналық ұйымдар қазір жұмыс істемейді.

Гүлмира ЕРҒАЗИЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:

– Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 18 жасқа дейінгі балалар дәрідәрмекпен тегін қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Алайда, тізімде көрсетілген тегін дәрі неге берілмей жатыр?
– Биыл қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін дәрі-дәрмек пен жеңілдікке ие азаматтардың жекелеген санаттарының жаңа тізбесі бекітілген болатын. Бұйрықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 18 жасқа дейінгі балалар мен ересектерді тегін дәрімен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмектің жаңа түрлері енгізілді. “СК-Фармация” компаниясы елімізде дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор болып саналады. Алайда, аталмыш компания дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды әлі толық көлемде сатып үлгермей жатыр. Дәрі-дәрмекке қатысты қосымша сұрақтар бойынша 1439 нөміріне хабарласуға болады.

Жұмабике ИСМАИЛОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Үш жастан асқан бала ауруханаға жалғыз жатуы тиіс деген талап бар. Бірақ үш жастағы сәби өзіне күтім жасай алмайтыны ақиқат. Үлкендерге баласымен бірге ақылы түрде жатуға рұқсат етілсе де, жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы берілмейді. Сонымен қатар ана мен бала бір кереуетті бөлісуге мәжбүр. Бұл санитарлық талаптарға қаншалықты сай келеді? Бала күтіміне байланысты ата-анаға жұмысқа уақытша жарамсыздық парағын беру мәселесі шешілуі мүмкін бе?

– “Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы” ережеге сәйкес күтімді қажет ететін баланы стационарлық, соның ішінде оңалту орталығында емдеу кезінде күтім жасау бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы ата-ананың біреуіне немесе балаға күтім жасайтын адамға беріледі. Яғни, бұл құжатты үш жасқа дейін стационарда емделген, үш жастан асқан ауыр сырқаты бар, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары ғана ала алады.

Ерсайын ҒАЛЕЕВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Өткен жылы өңіріміздегі емдеу мекемелеріне 200-ге жуық дәрігер келуі тиіс болатын. Бүгінгі таңда ауруханаларда маман тапшылығы әлі де шешімін таппаған сыңайлы. Өңірге келуі тиіс дәрігерлердің қаншасы жұмысқа орналасты?

– Денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы өте өзекті мәселелердің бірі саналады. Күрмеуі қиын мәселені бірден шешу мүмкін емес. Бірақ әрекет жасаудамыз. Еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Студенттер арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесі де бар. Мәселен, өткен жылы облыстық перинаталдық орталық 8 дәрігермен толықты. Соның ішінде акушер-гинеколог, генетик, ультрадыбыстық диагностика маманы келді. Өңірге жұмысқа келген жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Көтермеақы беріп, мүмкіндігімізше баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасаудамыз. Бұл орайда, мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан қолдау айрықша екенін атап өткенім артық болмас. Сондықтан жас дәрігерлерге зор сенім артудамыз. Олар қазіргідей қысылтаяң шақта сенім үдесінен шығуда. Пандемия кезіндегі қауіп-қатерге қарамай, уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан медициналық қызметкерлерге айтар алғысым шексіз.

Әлішер ЖАРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Облыстық балалар ауруханасының ересектеу балаларға арналған бөлімшесі әбден тозғаны байқалады. Материалдық жағдайы мәз емес. Төсек орындар мен жиһаздар өткен ғасырдың көрінісін еске түсіреді. Бұл бөлімше қашан жөндеу көреді?

– Облыстық балалар ауруханасы 350 орынға шақталған, он бір бөлімшесі бар. 2019 жылы хирургия, жарақат, неврология және лор бөлімшелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Ол үшін бюджеттен 168 миллион теңге бөлінді. Күрделі жөндеу барысында ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, су, кәріз және жылу жүйесі жаңартылды. Электр сымдары мен өртке қарсы қауіпсіздік құрылғылары ауыстырылды. Санитарлық техника жаңартылды. Сонымен қатар төсек-орын жабдығы мен палаталардың жиһаздарын жаңартуға жыл сайын 11 миллион теңге бөлінеді. Ал ересектеу балаларға арналған бөлімшені жөндеу алдағы уақыттың еншісінде.

Мұрат ҚАДЫРОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Облыс орталығындағы емханаларда кезек саны әлі қысқарған жоқ. Дәрігердің қабылдауына кіру үшін бірнеше сағат кезек күтуге тура келеді. Емханалардың жұмысы қашан ретке келтіріледі?

– Қазір медицина саласы сандық жүйеге көшірілуде. Емханалардағы кезек санын қысқарту үшін тиісті жұмыстар қолға алынуда. Сандық жүйеде жұмыс істейтін дәрігерге бұрынғыдай науқастыңмедициналық картасы қажет емес. Жүргізілген барлық сараптама қорытындысы компьютерде көрсетіледі. Ал тұрғындар “ДамуМед”, “СКО Мед” қосымшалары арқылы үйден шықпайақ, дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Электронды порталдың көмегімен өзге де ақпараттарға қол жеткізуге болады.

Жанар ТЕМІРҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Әлеуметтік желілерде облыстық балалар ауруханасының медициналық қызметкерлеріне жұмысқа жету қиындық тудырып жатқаны жазылуда. Қиын кезеңде мамандар неге арнайы көлікпен тасымалданбайды? Күн сайын таксимен жұмысқа қатынау қалтаға салмақ салады емес пе?

– Карантин енгізілген уақытта медицина мамандарын тасымалдаумен қалалық әкімдік айналысқан болатын. Қазір әр мекеме өздері көлікпен қамтамасыз етуде. Облыстық балалар ауруханасында да бұл мәселе шешімін тапты. Қосымша көлік қажет болса, олар тасымалдаушы ұйымдардың көмегіне жүгінбек. Аурухананың бірқатар қызметкері қашықтан жұмыс істеуде. Сондықтан жұмысқа қатынайтын мамандардың қатары азайды. Облыстық аурухана да медициналық қызметкерлерді тасымалдау үшін арнайы автобус жалдағанын айтып өткен жөн. Емдеу мекемесінде150 қызметкер кезекшілікпен жұмыс істейді. Карантин кезінде Былғары зауыты ықшам ауданы мен Заречный кентінде тұратын қызметкерлерді тасымалдауды да емдеу мекемесі өз мойнына алып отыр. Алдағы уақытта медицина қызметкерлерін тасымалдау бойынша мәселе туындамайды деп ойлаймын. Жалпы карантин талабына сай қызметкерлерді көлікпен қамтамасыз ету әр жұмыс берушінің міндеті болып саналады.

 

Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp