“Даму” қоры облыстық филиалы журналистер үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік субсидия және кепілдеме алған, 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен арзан несиеге қол жеткізген кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс орталығында орналасқан төрт нысанға ат басын тіреп, олардың тынысымен және қол жеткізген жетістіктерімен танысты.
Журналистер барған алғашқы нысан – “Финько Анжелика Анатольевна” жеке кәсіпкерлігі. Үстіміздегі жылдың тамыз айында облыс орталығында “Качели” деп аталатын балаларға арналған түзету орталығын ашып, қалалықтарды бір қуантып тастаған еді. Шағын орталық ашу үшін “БанкЦентрКредит” АҚ-дан 15 миллион теңге несие алған. Несиенің үстеме ақысына мемлекеттің демеуқаржысы берілген.
– Орталығымыз мектепке дейінгі балғындар және мектеп оқушыларына арналған. Арнайы жабдықталған түзету кабинеттерінде күніне 5-6 баланы қабылдаймыз. Бұл орталықты ашу – көптен бергі арманымыз еді. Ал кішкентай бүлдіршіндердің тағдырына бейжай қарай алмайтын қайырымды жандар орталықты қажетті жабдықтармен жарақтандырды, – дейді құрылтайшылардың бірі Людмила Беспятова.
Арнайы мамандандырылған шағын орталықтың басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмектесу, оның қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау. Көзі нашар көретін, құлағы шала еститін, жүріп-тұруы қиын, зейіні төмен кез келген баламен жоғары білікті психолог, әлеуметтік педагог, логопед, дефектолог жұмыс істеп, кешенді көмек көрсетеді. Орталық қажетті заманауи оңалту құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген.
“HIKMET LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңіріміздегі астықты өңдеумен және ұн үгумен айналысатын бірегей кәсіпорын.
– Өндіріс толық автоматтандырылған. Орташа есеппен күніне 140 тонна бидайды өңдеп, 90 тонна ұн өндіреміз. Жоғары сапалы өнім шығару үшін алдымен заманауи құрылғы, шикізат және білікті мамандар қажет. Бізде осының бәрі бар. Комбинатымыз бірінші және жоғары сұрыпты ұн шығарады, – дейді кәсіпорын директоры Александр Иохин.
Қадамы қарымды кәсіпорын өз мақсатын жүзеге асыру үшін “Даму” қорының 50 пайыз кепілдігімен “Сбербанк” АҚ-ның өңірлік филиалынан 336 миллион теңге несие алған. Серіктестік 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Журналистер бас сұққан үшінші нысан – “Фрегат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын директоры Асқар Қапезов – “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қолдау көрген кәсіпкерлердің бірі. Биыл ол “Даму” қорының кепілдігімен “Қазақстанның Халық банкі” арқылы 40,0 млн. теңге несие алған. Бұл қаржыға жаңа құрал-жабдықтар сатып алыпты. Жылқы, сиыр, тауық, шошқа еттерінен 80 түрлі өнім жасайтын кәсіпорынның қуаты тәулігіне үш тонна шұжық өндіруге жетеді. Мұнда 30 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жергілікті малдың етін пайдаланып, өнімнің табиғи құнарын жоғалтпай, таза шикізаттан тауар өндіруге тырысады. Ресей нарығын бағындыру ойлары да бар.
Облыс орталығында “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы мемлекеттің қолдауын көріп отырғандардың бірі – “Шубина Елена Николаевна” жеке кәсіпкерлігі. Ол облыс орталығында “Магия” атты тігін ательесін ашқан болатын.
– Кәсібімді дөңгелету үшін “АТФ банк” АҚ-дан несие аларда “Даму” қорының кепілдігін пайдаланып, 5 миллион теңге қаржыға қол жеткіздім. Алдын ала жасалған бизнес жоспарға сәйкес киім тігіп, оны сатумен айналысуды қолға алдық. Алға қойған ендігі мақсатым – ісімді кеңейте түсу, – деді кәсіпкер Елена Шубина.
Жыл басынан бері “Даму” қорының облыстық филиалы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге 3,1 млрд. теңгені құрайтын 77 кепілдеме ұсынған болатын. Кепілдеме негізінен “Бизнестің жол картасы – 2020” және “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаларына қатысушыларға ұсынылады.
Жанаргүл МЕЙРАМ, “Soltústіk Qazaqstan”.