Петропавл қаласындағы №16 орталау мектебінде “дөңгелек үстел” өтті. Ол “Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлау” тақырыбына арналды. Шараға қалалық білім бөлімі, білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар орталығы, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ облыстық педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты филиалының өкілдері, мұғалімдер қатысты.
Қатысушыларды апробацияның жүргізілу барысымен таныстыру үшін мектеп педагогтері қанатқақты жобаларының тұсаукесерін жасады. Ұстаздар: Светлана Пономарева, Әсем Бекболатова, Арайлым Мусина пәндер бойынша оқу-әдістемелік кешенге талдау жасап, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың жолдарын қарастырды.
Бағалау бойынша сарапшы Айсұлу Сәрсенбекова мен әдістемелік жұмысты үйлестіруші Айнагүл Галиева сабақтарды жоспарлау және библиографиялық материалдармен жұмыс жүргізу жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар берді.
Айсұлу Сәрсенбекова мұғалімдерге “Оқытудың белсенді құрылымдары”, “Формативті бағалауды қалай жүзеге асыруға болады?” тақырыптарына коучинг-сессия өткізіп, “Зерттеуді қалай жоспарлауға болады?”, “Критериалды бағалау” жөнінде тәжірибелік семинар ұйымдастырды.
Апробациядан өтіп жатқан сыныптың жетекшісі әр баланың арнайы жасалған портфолиосымен таныстырды. Ол арқылы әрбір ата-ана баласының сабақ барысындағы істеген жұмысы және пәндер бойынша көрсеткен нәтижелерін кез келген уақытта біле алады.
Психолог Наталья Гринь баланың зейіні мен есте сақтау қабілеттерін жақсартатын жаттығулармен таныстырды. Мектеп әкімшілігі 1-сынып сабақтарына үнемі қатысып, мұғалімдердің іс-тәжірибелерін бақылап, өздерінің ақыл-кеңестерін беріп отырады. Әсіресе, ұстаз Светлана Пономареваның сабақтары әдістемелік тұрғыда сауатты құрылады. Ол сабақтарында әртүрлі әдіс-тәсілдерді шебер қолдана отырып, оқушыларды жеке, жұппен, топпен жұмыс істеуге тартып, қызықтыра біледі. Ұстаз оқу материалын қоршаған ортамен ұштастырып, балалармен эксперимент, зерттеу жүргізеді. Сол арқылы оқушылардың алған білімдерін өмірде де пайдаланып, функционалдық сауаттылықтарын дамытуға үйретеді. Осының барлығы “дөңгелек үстел” барысында мұғалімдердің жаппай талқысына салынып, оң бағасын алды.
Әсем БЕКБОЛАТОВА,
№16 орталау мектебі директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі.
Петропавл қаласы.