Кеше М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Қазақстан халқы Ассамблеясы этноконфессиялық келісімді нығайту және дамыту институты ретінде” деген тақырыпта халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңір басшысы атынан жиналған қауымға алғысын білдірді. Сондай-ақ, еліміздегі тыныштық пен бірлікті нығайтуға тоқталып, осы бағытта еңбек етіп жатқан Ассамблеяның жұмысын атап өткен Ерлан Мұратұлы мемлекеттің экономикалық дамуы да ішкі тұрақтылыққа байланысты екенін жеткізді. Бейбітшілік орнаған елдерге шетелдік инвесторлар да көптеп тартылады. Ал Назарбаев Университеті жоғары білім беру мектебінің профессоры, әлеуметтану саласы бойынша философия докторы Кэрол Фуше өңіріміздің ауылдарында 11-сынып оқушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізгенін жеткізді. Оның айтуынша, өңіріміз шекарада орналасқандықтан, мұндағы көптеген жасөспірімдердің бойында Қазақстанға деген отансүйгіштік сезім бірқалыпты емес. Әрі болашағын осы елмен байланыстыратындықтарына да күмәнмен қарайтын көрінеді. “Олардың бойында Қазақстанға деген отансүйгіштік сезімді дамытып, шетелде оқыса да, қайтып келетіндей етіп тәрбиелеу қажет”, – дейді Кэрол Фуше. Жалпы конференция барысында шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар арғы-бергі тарихты парақтай отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ішкі тұрақтылықты сақтау жөніндегі ойларын, болжамдарын ортаға салды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.