
Мұқағали айналасынан ылғи сұрайды екен: «Мен осы шын ақынмын ба?» – деп. Өле-өлгенше сұрап өткен. Тоқмейілсу басталған күні шығармашылық адамының ғұмыры бітеді. Көзін қызартып алып, классиктің ролін ойнап жүретіндер болады. Сондай ағаларымыз, замандастарымыз бар. Шығармашылық адамы үшін осының барлығы бекер. Шығармашылық адамының өзіне ешқашанда көңілі толмауы керек деп санаймын.
Бір үлкен дүние жасадым десең де, әлі де жазатын дүние көп секілді көрінеді. Мен үшін сол ақын деген ұғым – барлық атақтан да қымбат, тіпті патшаның тағына айырбастамайтын, сондай бір аяулы ұғым. Кеңес заманында ақындар арақ ішіп, шашын өсіріп, елден ерекше болып жүруі керек секілді көрінетін. Мен үшін мұның барлығы рөл ойнау сияқты. Шын ақын деген – елдің ұғымында, әсіресе, қазақтың ұғымында киелі дүние. Ақын елдің сөзін сөйлеуі керек. Менің ұғымымдағы ақын – қазақтың қара өлеңі, менің ұғымымдағы ақын – Қазтуған, Доспамбеттер, Махамбет, Абайлар...
Ақын елдің азаматы болуы керек! Ақын сол елмен бірге жаратылуы керек. Ақын сол елмен бірге тыныстауы керек. Өзін «елден бөлекпін, одан артықпын» – деп ойласа, ол ақын сол күні өледі. Ақын ретінде өледі. Кез келген ақын елінің, жұртының перзенті болып өмір сүре алса, ол – бақытты!
«ҚазАқпарат».