Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана да оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуде. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кітапхананың электронды сайтында, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде өңірімізге белгілі ақын-жазушылармен, суретшілермен, тарихшылармен онлайн кездесулер мен дәрістер өткізу қолға алынды. Жуырда қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына орай оқырмандар арасында эссе жазудан конкурс ұйымдастырылды.
“Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз”, – деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтып өткендей, ғалымның өмірі мен шығармашылығын көпшілік білгені дұрыс. Осы мақсатпен кітапхана оқырмандар арасында байқау өткізуді құп көріпті. Онлайн режімде ұйымдастырылған конкурсқа аудандардан және облыс орталығынан онға жуық еңбек келіп түскен. Тарихшының мұрасын тереңірек тануға тілек білдіргендердің қатарында жастар көп, ұстаздар мен тарихшылар да бар. Олар көбіне Шоқан Шыңғысұлының еңбектерін, ағартушылық сипаттағы жазбаларын талдауға мән берген.
Қазылар алқасының шешімімен Аққайың ауданындағы Қайырбек Оразов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Темірлан Нұрсейітов бірінші орынға ие болды. “Шоқан арнайы педагогикалық еңбектер жазбаса да, оның қоғамдық және ғылыми еңбектері ағартушылық сипатқа ие. Ол білімі мен мәдениеті озық елдерден үлгі-өнеге алуға, әсіресе, орыстың ғылымын, мәдениетін үйренуге шақырды”, – деген байқау жеңімпазы халқын білімді, сауатты болуға шақырған ғалымның мұрасын жан-жақты зерттеуге тырысқанын айтты. Екінші және үшінші орынды “Радзіма” белорус мәдени орталығы” ҚБ-ның төрайымы Мария Татаренко мен аққайыңдық оқушы Диляра Ахмет иеленді.