«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР ЖАСАҒАН КЕЙУАНА

Халқымызда “Кәрінің бәрі игі” деген нақыл сөз бар. Ақ жаулығы желбіреген, жүрегі елжіреген Көкіл Жақыпова­ның көргені көп, көкейге түйгені де мол. Оның әжім торлаған жүзі өткен өмірі жайлы сыр шертетіндей.

Ғасыр жасаған кейуана Уәлиха­нов ауданындағы Қайрат ауылында тұрады. Омбы облысының Шарбақкөл ауданында дүниеге келген Көкіл Сүлейменқызының жастық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Төрт сыныптық бі­лім алуға ғана мүмкіндігі болған ол жастайынан тағдырдың тау­қы­метін көп тартты. “Халық жауының” қызы ретінде оның көрген азабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкесі Сүлеймен қуғын-сүр­гінге ұшырап, Омбыда қайтыс бол­­ды. Туған інісі Ғылман егемен­діктің елең-алаң шағында көз жұмған. Тоқсан жастағы бауыры Көкеш бүгінде Омбы қа­ла­сында тұрады.
Жүректерге жазылмас жара сал­­ған отты жылдарда кеңшарда сауыншы болды, қой бақты. Со­ғыстан кейін ел есін жинап, етек-жеңін жапқан тұста ол Абұллайс Жақыповпен көңіл қосады. Ерінің етегінен ұстап, тың көтеру дүрме­гімен Жасқайрат ауылына (Уәлиханов ауданы) қоныс аударған ке­зеңді ол ешқашан есінен шығар­ған емес. Белағаш бригадасында аспаз болып жұмыс істеп, жұбайы екеуі ұл-қызын ержеткізді.
Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әзиз ана бүгінде ұлы Қайыртай мен келіні Заби­раның қолында тұрады. Бір әулеттің қариясы мен дариясы бол­ған әжейді балалары алақандарына салып, ардақтап отыр. Отбасының ырысы мен ынтыма­ғын келтіріп, ұйытқысына айнал­ған Көкіл Жақыпованың бойын кәрілік билесе де, әлі тың, өзі жү­ріп-тұрады.
– Кәмпескені, аштықты, қуғын-сүргінді, соғысты, тың игеру нау­қа­нын көрдік. Құдайға шүкір, қар­тайғанда тәуелсіз елде өмір сүру бақыты бұйырды. Жастайымнан еңбекке араластым. Ол кезде қазіргі жастардай жұмысты таңдау еркі берілмеді. Сиыр сауудан қолымыз босаса, шөп үйетін едік. Әйтеуір, қол қусырып отырмадық. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін еңбек еткен заман болды ғой. Алланың маңдайыма жазғаны шығар, бүгінгі күніме шү­кір деймін. Бастысы, маған елім­нің тыныштығы, ұрпағымның аман­ды­ғы маңызды, – деді кейуа­на. Са­налы ғұмырын адал еңбек­пен өр­ген әзиз ана немере-шөбе­­ре­леріне де еңбек адамның екінші анасы екенін айтудан жа­лыққан емес.
Тектіліктің тұғыры бойынан та­был­ған, жаны асыл анаға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Қарттар айлығы аясында еліміз­дің ертеңі үшін аянбай тер төккен кейуананы аудандық ардагер­лер ұйымы арнайы барып құттықтамақ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp