Оқушылар мектепте алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелерін өмірде тиімді қолдануға, өзгенің алдында ұялмай дәлелдеп беруге әртүрлі байқауларда шыңдалып дағдыланады және оны үлкен өмірге аяқ басқан шақта да пайдаланады. Қазіргі күні балаларды болашаққа нық қадам жасауға баулитын оқушылар арасындағы түрлі байқаулар бар.
Мен бастауыш және негізгі буын оқушыларының арасында өткен республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәндері секциясында қазылар алқасының құрамында болдым.
Конкурстың аудандық және қалалық кезеңдерінде “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” деп танылған оқушылар өз жобаларын облыста қорғады. Біз әр қатысушы, олардың қорғаған тақырыптары туралы өз пікірімізді ортаға салып, үздігін таңдадық.
Шал ақын ауданындағы Семиполка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсем Сыздықова байқауға болашағынан зор үміт күттіретін 3-сынып оқушысы Марат Батырханды әкеліпті. Марат мектепке алғаш келген күннен бастап ерекше дарынымен көзге түсіп, ақын, жазушылардың жырларымен сусындап келеді екен. Ол “Халықтық поэзия – білім және рухани тәрбиенің көзі” деген тақырыпта өз жобасын сәтті қорғап, қазылардың ыстық ықыласына бөленіп, өзгелерден оқ бойы озды.
Мен қазылық ете отырып, ауыл мұғалімдерінің оқушыларды ғылыми жобаларға дайындау кезінде біраз қиындықтармен бетпе-бет келетіндеріне де қанықтым. Көптеген ауыл мектептері шәкірттерінің ғылыми жобалармен айналысуға мүмкіндіктері шектеулі. Біріншіден, ауыл мектептерінің кітапханалары ғылыми кітаптармен толық қамтамасыз етілмеген. Екіншіден, кейбірі Интернет желілеріне толық қосылмаған, қосылғандарында Интернет жылдамдығы қанағаттанғысыз. Үшіншіден, жаратылыстану пәндеріне арналған зертханалық жабдықтар заманауи талапқа сай келмейді. Ауыл мұғалімдері ғылыми-зерттеулер жүргізу барысында алған бағыттарының дұрыс-бұрыстығы жөнінде ақыл-кеңес алатын білікті маман таппайды.
Міне, осындай қиындықтардың салдарынан ауыл мектептерінің оқушылары ғылыми жобаға қатысар кезде, тақырыптарды таңдау барысында біраз қиналады. Өйткені, олардың ақпарат алу, іздеу, зерттеу аясы тар. Сондықтан олар көбіне гуманитарлық бағыттағы тақырыптармен шектеледі. Ал қала мектептерінің жобадағы барлық ғылым саласы бойынша зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктері жоғары. Олар керекті материалдарды дер кезінде алып, пайдасына жаратып, ақпараттың қайнаған қазанында отыр деуге болады. Сондықтан да қала мектептері оқушыларының мерейі үстем түсіп жатады.
Қазіргі таңда білім беру ісі үздіксіз қолдауға ие. Білімді жастар еліміздің болашағына, оның көркейіп, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Әр өңірде, облыс орталықтарында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ашылып, білім мен ғылымның сырын ашам деген жеткіншектерге бар мүмкіндік жасалуда. Олар заманауи технологиялар, зертханалық, интерактивтік кабинеттермен, Интернетпен, ғылыми кітаптармен қамтамасыз етілген. Ауыл мектептеріне де қаладағыдай толық жағдай жасалса, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі арта түсер еді. Дегенмен, “Көш жүре түзеледі” демей ме дана халқымыз. “Сабақты ине сәтімен” дегендей, келер күнге үлкен үмітпен қараймыз.
Шария ТЫНЫҚҰЛОВА,
Златогор орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Айыртау ауданы.