«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАНДА – ЖАҢА БАСШЫ

Ғабит Мүсірепов аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов аудан әкімі қызметіне Владимир Дудовтың кандидатурасын ұсынды. Владимир Дудов еңбек жолын осы аудандық әкімдікте бас маман, кадр және ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы болып бастаған.

Өңір басшысы оның әр жылдары облыс әкімінің бас инспекторы, аппарат жетекшісінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет еткенін айтты. Осы уақытқа дейін облыс әкімі аппаратының жетекшісі болды.

Владимир Дудовтың кандидатурасын бір ауыздан қолдаған аудандық мәслихат депутаттары жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін сақтап қана қоймай, одан әрі жоғарылату үшін бар күш-жігерлерін салатындарын жеткізді.

Аудан активі алдында сөз сөйлеген Ерік Сұлтанов ауданның бұрынғы әкімі Марат Тасмағанбетовтің жұмысына оң бағасын берді. Ол басшылық еткен жылдары аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, өсімдік шаруашылығы салаларындағы бірқатар мәселелер оңтайлы шешімін тапқан болатын. Дегенмен, әлі де еңсеретін істер жетерлік. Ауданның жаңа басшысына нақты тапсырмаларды жүктеген облыс әкімі:

– Жұмысшылардың жалақысын көтеру қажет. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, оларға белсенді қатысу керек. Мал шаруашылығымен айналысып, сүт, ет өндіруді қолға алу шарт. Жалпы айтқанда, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыра түсу қажет, – деді.

Владимир Дудов облыс әкімінің сенімін ақтап, алдына қойылған міндеттердің орындалуы үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.

Жиналғандардың алдында сөз алған ауданның бұрынғы әкімі Марат Тасмағанбетов Владимир Дудовқа жаңа бастамалар мен жетістіктер тілеп, аудан активі мен депутаттарына көпжылғы бірлескен жемісті еңбек үшін алғысын білдірді.

Фариза ЖАЗИТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp