Қабанбай Қожағұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз – батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Шешесі Мәми – (азан шақырып қойған аты – Нәбилә) әлі күнге дейін Арқаны мекендеп отырған Ашамайлы Балта керейдің аты шыққан Баубек батырдың қызы. Қабанбайдың жеті жасында әкесі Қожағұл батыр жау қолынан қаза тауып, артынан Есенаман, Есенбай, Ерасыл атты үш ұл қалған. Қожағұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапты. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шала-жансар күйінде далаға тастап кетіпті. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Қабанбай ағасы Есенбайдың кегін алу үшін іргелес Тоқта тауын жайлаған қалмақ күреніне жалғыз өзі аттанып, құныкер Өлжа жырғал ноянды қапысын тауып өлтірген. Міне, сол күннен бастап қазақ жері қашан жаудан тазарғанша қылышын қынабына салмаған. Осыдан кейін Ерасыл 5-6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болған. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атанған.
“Ерасыл” деп азан шақырылып қойылған есімге кейіннен жеңгелері алып денесіне орай “Нарбала”, жолдастары әкесіне тартқан батыр болар деген оймен “Ізбасар”, нағашы жұрты “Қабанбай” аттарын қосты. Абылай оны ешкімге теңестірмей “Дарабоз” деп әспеттесе, қазақтың көзі де, сөзі де болған Көмекей әулие Бұхар жырау батырды “Көкірек әулие” деп төбесіне көтерді.
Ол Аягөз шайқасына (1717 жылы), Түркістан қорғанысына (1723 жылы), Бұланты шайқасына (1726 жылы), Аңырақай-Алакөл шайқасына (1730 жылы), кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі атанған. Ал 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды.
Ол Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады. 1752-54 жылдары Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгембай әскеріне қосылды. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті.
Ол Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өтеді. Сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жердегі “Найман қорым” аталатын қырдың үстінде. Қазір бұл маң – Қабанбай ауылдық округіне қарасты елді мекен. Астана қаласынан 30 шақырымда.