
Заң талаптарының орындалуын қадағалау қызметінің өткен жылғы жұмысы қорытындыланды. Облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа отырысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель қатысты.
Облыс прокуроры Степан Зайтлердің айтуынша, қадағалау органының былтырғы жұмысы нәтижелі. Әсіресе, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекет бюджетін толықтыру, салалық бағдарламалардың орындалуын қадағалау айрықша назарда болған. Әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға жол берілмей, жалған кәсіпорындардың жолы кесіліп, 113 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалыпты. Бұл салаларда 14 қылмыстық іс қозғалса, олардың 6-уы сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Ал еңбек қатынастары саласында 260 миллион теңгенің еңбекақысы қайтарылыпты. Бұл салада жемқорлыққа жол берген 61 адам жауапкершілікке тартылған.
Облыстың былтырғы қылмыстық ахуалы бүгінгі таңда құқықтық тәртіпті нығайтуды қажет етіп отыр.
Қоғамдық орындарда, көшеде жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандар, мас адамдар жасаған құқық бұзушылық біршама азайғанымен, аса ауыр, қоқан-лоқы көрсету, бөтеннің мүлкін ұрлау сияқты қылмыстың артуы көңіл көншітпейді. Бас прокурор жеделіздестіру қызметінің жұмысын қадағалау кезінде 58 адамның құқығы қорғалып, 13 заңсыз шараның анықталғанын айтты. Жалпы прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 210 миллион теңгенің қаражаты қайтарылған.
Сот орындаушыларының, жергілікті әкімдіктердің жұмысын үйлестірудің маңызына тоқталған Степан Зайтлер прокурорларға тұрғындардың өтініш-арыздарын қанағаттандыру мәселесін ерекше қадағалауға алу керектігін қадап айтты. “Прокуратура органдарының абырой-беделі өтініштермен жұмыс істеудің сапасына тікелей байланысты. Бүгінде азаматтардың прокуратура органдарына сенімі артып келеді. Алайда, азаматтардың жолданымдарын дұрыс қарамау фактілері де орын алуда. Бұл міндетті талапқа сай орындамаған 10 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деді өңірдің бас прокуроры. Облыс прокуратурасы аудан және қала прокурорлары қарамаған 21 өтініш-арызды қанағаттандырыпты.
Облыс прокуроры алда тұрған міндеттердің басым бағыттарына тоқталып өтті. Биыл қадағалау органы Индустрияландыру картасы аясында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген қаражаттың игерілуін қадағалау, облыста туберкулез ауруының өршу себептерін анықтай отырып, оны кеміту, табиғатты қорғау мәселелерін басты назарға алмақ. Сонымен қатар, Бас прокуратураның тікелей тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға бағытталған Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуі қатаң бақылауға алынады.
Отырыста сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қоғам мен мемлекеттің заңды мүддесін қамтамасыз ету табысты дамуымыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын айта келе:
– Бүгіндері азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғау прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі ретінде қалып отыр. Прокуратураға мемлекет қабылдап жатқан экономикалық шаралардың заңдылығын қамтамасыз ету жүктелген. Бұлтартпай жазалауды қамтамасыз етуде шешуші рөл сіздерге берілген, – деді.
Өңірдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталып өткен өңір басшысы қоғамдағы заңдылық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ортақ мақсаттарды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы билік пен прокуратура органдарының қарым-қатынасы нығая түсетініне сенім білдірді.
Жиында облыс прокурорының орынбасарлары мен басқарма бастықтары да атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель жиынды қорытындылай келе, прокуратура органдарының алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.