– Досмахамбет Қалмаханұлы, қызығынан шыжығы көп саясатқа қалай келдіңіз? Бұл сауал газет оқырмандарын да қызықтырары сөзсіз.
– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың тергеуі мен сотына аудармашылық етуім өмірлік көзқарасымның түбегейлі өзгеруіне ерекше ықпал етті. «Желтоқсанның мұзға жаққан алауы» (М.Шаханов) елімізде саяси-қоғамдық қозғалыстың жандауына үлкен қозғау салды. Содан бастап өзіміздің идеялас шағын тобымыз алдымызға бір ғана мақсат қойдық. Ол – Батыс Еуропадағыдай социал-демократтардың принциптерін негізге ала отырып, азаматтық қоғам құру, ұлттық мүддеге қызмет ету, осы ұстанымнан айнымау. Ұзақ жыл үстемдік құрған, өктемдік еткен монополистік компартия ыдырап, «Азат», «Азаматтық Азат», «Желтоқсан», «Алаш», «Социал-демократиялық» секілді бейресми ұйымдар мен партияларды ұйымдастырушылардың бірі, төрағасы болдым. Кейін «Ұлт тағдыры» қозғалысына, «Демократияны қазақ тілінде оқытып үйрету және тарату», «Әділ сайлау жолында» орталықтарына жетекшілік еттім. Бұл қадамдар қоғамның ояну, демократия өскіндерінің кеңінен қанат жаю, көппартиялық үрдістер бастауына айналғаны – талассыз ақиқат.
– Десек те сіз сияқты саясаттың жілігін шағып, майын ішкен тұлғаның Қазақстанда классикалық үлгідегі көппартиялық жүйе әлі қалыптаса қойған жоқ деген уәжі адамды екіұдай ойға қалдырады екен. Сонда қалай, сіздердің маңдайдан тамшылата тер төгіп, буырқанған күреске толы жалынды шақтарыңыз арман күйінде қалғаны ма?
– Ол кездері саяси партия құратындай тәжірибе де, тәсіл де, саяси құжат жасай алатындай білім мен тәжірибеде болған жоқ. Соған қарамастан оппозициялық ұйымдар «Азат» қозғалысы аясында топтасып, өз идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыра бастады, бұл билікті алаңдатпай қоймады. Сірә, өзгеше ойлайтын идеялас, пікірлес жандар бірігіп, күш алып кете ме деген қорқыныш пиғылмен барынша кедергі жасап бақты. Ресми тіркеу талабы орынсыз қиындатылды. Тең мүмкіндік бермеу сықылды түрлі қитұрқы амалдар ойластырылды. Керісінше, жасанды, қуыршақ партиялар көбейді. Сайлаулар қарсаңында асығыс-үсігіс құрылып, оп-оңай тіркеліп, Парламентке өтіп кеткен, бірнеше мандатты иеленген партияларды көпшілік әлі де жете біле бермейді. Көппартиялық жүйенің негізі саяси ойындармен емес, адал да шынайы бәсекеде анықталады. Парламенттегі партиялардың бәрі демеймін, дегенмен араларында ұсынылған заң жобаларын қабылдап, халық алдында бедел жинаумен шектеліп жүргендері жоқ емес.
– Бір сөзіңізде «Қазақ тілі туралы айтқан-жазғандарым көлемі жағынан «Гиннес рекордтар» кітабынан орын алатын жағдайға жеткен сияқты» дей келіп, мәселені шешу жолдары мен тәсілдерінің аздығына тоқталыпсыз. Соған қарағанда, сіздің теріскейді заман талабымен мүлдем үйлеспейтін елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау, яғни ономастика ісінің тиісті деңгейде жүргізілмейтін өңірлерге қосуыңыз негізсіз емес сияқты. Бұлай түңіле сөйлеуіңізге не себеп?
– Қоғамда тілге деген қажеттілік болмаса, оны ешкімнің үйренбейтіні, үйренгенін қолданбайтыны бесенеден белгілі. Кезінде Амангелді Айталы, Айдос Сарым, Дос Нұрахмет төртеуіміз «Ел бірлігі» атты доктрина жасап, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақ елінің әрбір азаматының міндеті» деген арнайы бап енгізген болатынбыз, бірақ бұл талап орындалмады. Себебі заңдарымызда мемлекеттік тілді қорғайтын, қолдайтын нақты іс-шаралар мен жаза түрлері қарастырылмаған. Өзгесін былай қойғанда, Президенттің өзі арнайы Жарлық шығарып, Қазақстанның қай облысы қай жылы, қай билік органы қай кезде іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіріп бітуі тиіс екенін нақты атаған еді. Меніңше, ең бірінші, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң толыққанды қабылданып, мәселен, айыппұл салу, қызметтен шеттету секілді ықпал ету шаралары қарастырылуы қажет. Латвияда тіл туралы заң бұзылған жағдайда айып салуды белгілейтін 12 бап бар. Қоғамда әлі күнге дейін ұлттық мүддемен сыйыспайтын, орыс тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі ұғымдар, ұстанымдар, қате түсініктер талассыз ақиқат ретінде қабылданып жүр. Соның бірі «орыс тілі – ұлтаралық тіл» деген тұжырымға қатысты дер едім. Мұндай жалған «мифтік» ұғым орыс тілінің заңдық тұрғыдан ерекше рөлі бар сияқты ой тудырады. Кез келген адам қатынас тілін, өзара сөйлесу тілін өзі таңдап алуға толық құқылы. Осы себепті ешбір мемлекетте «ұлтаралық тіл» заңмен реттелмейді. Қызылжар өңірінде ұйымдастырылған кездесулерде, жиындарда, «дөңгелек үстелдерде» «тілдік дискриминация» деген сөз тіркесінің саяси-әлеуметтік мәні мысалдармен түсіндірілді.
– Тәуелсіздік туын көтерген мезеттен бастап күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі тақырыптардың бірі – ономастика саласы. Президент Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге арнайы тоқталып, ұлттық құндылықтарды айғақтайтын атауларды берудің маңызын атап көрсеткен болатын. Бүгінгі ахуал қандай?
– Қазақстан бойынша бүгінде 300-ден астам Ленин көшесі тіркелсе, соның 23-і – Қызылжар өңірінде. Кеңес заманында тұрғызылған ескерткіштердің көпшілігі сол күйінде. Ономастика мәселесінің шешім табуы облыстарда әрқилы. Орысы ормандай Шығыс және Солтүстік жақтарда қарқын баяу. Бірінші себебі, республикалық және жергілікті ведомостволар тарапынан жұртшылықтың ұсыныстарын егжей-тегжейлі зерттеп, өзгерте қояйық деген пейіл байқала бермейді. Екіншіден, мораторийлердің жариялануы. Үшіншіден, атауларды өзгертіп, қоғамды шулата бермеңдер дейтін ауызша талаптар мен нұсқаулардың берілуі. Жасыратыны жоқ, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында осыдан үш- төрт жыл бұрынғы кездесулер үлкен қиындықпен, тартыспен өтетін. Бұл жолы керісінше көрініске тап болғанымды жасырмаймын. Идеологиялық тұрғыдан ескірген, елді мекендерге тарихи атауларын қайтару мәселесі қозғалғанда кеңестік менталитеттің біршама бәсеңдегені байқалды. Бұл да – байыппен жүргізіліп келе жатқан жан-жақты идеологиялық үгіт-насихат жұмыстарының жемісі. Ғылыми негіздемелерге сүйену арқылы түрлі қарсылықтар мен келіспеушіліктердің алдын алуға болады. Түсіндіру шараларын елді мекен тұрғындары мен ауыл әкімдеріне бағыттау өте маңызды. Бұдан бөлек, мемлекеттік саясат болып табылатын ономастика саласына аудандық, облыстық мәслихат депутаттарын, ассамблея мүшелерін, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар өкілдерін тартудың мәні айрықша. Ауылдарды аралаудан түйген бір ой – Парламент «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» деген терминнің заңдық анықтамасын не болмаса тізімін бекіту – қажет. Сонда ғана ешқандай дау-дамайсыз өзгертуге болар еді. Әзірге мемлекеттік билік «қай жеңгенің – менікі» деген ұстаныммен ешнәрсеге араласпай отыр.
–Қазақ тіліне қажеттілік тудырудың қандай жолдары бар?
– Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тілге деген қажеттілік екі тәсілмен жасалады. Біріншісі – құқықтық, заңдық тұрғыдан тілге деген сұраныстың өтелуі. Заңдарда мемлекеттік тілді меңгермеген адамдарға шекті талаптар қойылады. Белгілі бір қызмет түріне қабылдамау, жарнаманы қате жазғандарға қомақты айыппұл салуды міндеттейтін баптар болады. Мемлекеттік тілді білуге осылай «мәжбүрлейді». Екіншісі, адам құқығын бұзбайтын «Прибалтика тәсілі» деп аталады. Бұл тәсілдің негізінде «Әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз. Бірақ олар да біздің қай тілде сөйлеуді таңдау құқымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз» деген ұстаным қалыптасты. Жергілікті ұлттың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілін, мемлекеттің тілін құрметтеуі. Демек қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақ тілді азаматтардың өздері жасауы тиіс деген сөз. Оны ана тілімізді дамытудың, қоғамда тілдік сұранысты тудырудың, халықтық деңгейде жүргізілетін бірден-бір әрекеті деп білемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз – ұлт және демократия. Жедел заман ағымына орай көзқарасыңыз өзгерген шығар?
– Жоқ.
– Кімді үлгі тұтасыз?
– Куба революционері Эрнесто Че Геваро – ешкімге айырбастамайтын тұлғам.
– Атақ-даңқ, байлық-мансапқа қалай қарайсыз?
– Жетістікке жеткен адамды атақ пен даңқ өзі іздеп табады. Мен өмірімде байлыққа да, билікке де, атақ пен даңққа да ұмтылған емеспін. Әлі күнге дейін осы тұжырымдамын. Бұлардың барлығы – бүгін бар, ертең жоқ алдамшы дүниелер. Абай «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішінде қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» демей ме?
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».