
Қазақстанның Халық жазушысы – Әбдіжәміл Нұрпейісов, танымал қаламгер Смағұл Елубай, белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин біртуар жерлесіміздің ағылшын тілінде жарық көрген “Selected Works” таңдамалы кітабының тұсауын кесті. 1993 жылы шығармашыл мамандықтар өкілдерінің зияткерлік ынтымақтастығын арттырып, оларды халықаралық әдеби қоғамдастыққа тарту, қазақстандық мәдениетті дамыту мақсатында құрылған қазақ ПЕН-клубы осы уақыт бедерінде қазақ әдебиетінің таңдаулы классиктерінің тың туындыларын ағылшын тілінде сөйлеткен болатын.
Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тоқсаннан асқан шағында халқымыздың небір алыптарын дүниеге әкелген Қызылжар өңіріне табан тіреуі бекерден-бекер емес. Г. Бельгер оның атақты “Қан мен тер” романын аударып, орыс аудиториясына даңғыл жол салды. Герағаның сұңғыла аудармашылығы, тазалығы, адалдығы жайында сөз сабақтаған Ә.Нұрпейісов: “Г.Бельгер – қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жалғыз адам”, – деді.
– Г.Бельгер Қазақстанның болашақ тағдыры үшін ғажайып үлгі көрсетіп кетті. Ол үш бірдей ұлттың ортақ перзенті бола білуінің арқасында кемел тұлғаға айналды, – деген көрнекті қаламгер Смағұл Елубай халқымыздың рухани тірегіне айналған жазушының өзге де қырларынан сыр шертті.
Әдеби жиынның соңында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов Г.Бельгердің таңдамалы туындыларын әлем елдерінің әдебиетсүйер қауымына паш еткен қазақ ПЕН-клубына, Алматыдан арнайы ат терлетіп келген қадірлі меймандарға солтүстікқазақстандықтардың атынан алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік пен жеміс тіледі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Халық жазушысы Ә. Нұрпейісов.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.