Қазақ халқы үшін күн мен түн теңеліп, Табиғат-Ана жаңарып, Самарқанның көк тасын жібіткен әз-Наурыз – жай ғана жыл басы емес, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Осы орайда тәуелсіз ел болып шаңырағын құрған сәттен бастап өзіне ғана емес, өзгеге де тыныштық, береке-бірлік тілеген қазақ елінің қырғиқабақ болған мемлекеттерді достастырудағы бітімгерлік істеріне шолу жасап, сұрқия саясаттың салдарынан тағдырдың тәлкегіне ұшыраған халыққа көрсеткен көмегіне назар аудардық.
Қамқорлықтың аясы кең
Соңғы жылдары Қазақстанның шет мемлекеттерге көрсеткен гуманитарлық көмегі 10 млрд. теңгеден асты. Әсіресе, соңғы 2 жылда Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберінде басқа елдерге көмектесуі жиілеген. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға гуманитарлық көмек берді, 2016 жылы Қазақстан Қырғызстанға кедендік құрал-жабдық алуға 100 млн. доллар бөлді. Бұған дейін де Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге дайындалып жатқан Қырғызстанға қайтарылмайтын 100 млн. доллар берген болатын. Кейіннен 2016 жылдың 24 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 71-сессиясында сөз сөйлеген еліміздің бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов “Қазақстан Ауғанстанға мектеп пен аурухана, басқа да көмек үшін 50 млн. доллар, ауғанстандық әскерді қолдауға 2 млн. доллар бөлуді жоспарлап отыр”, – деп мәлімдеген болатын. Одан бөлек, 2016 жылы Эфиопияға қуаңшылықпен күресуге – 50 мың доллар берсек, Украинаға уран өндіруге көмектестік.
Өткен жылдың өзінде Сирияға жөнелтілген гуманитарлық жүктің құны 500 миллион теңгеден асады. Жерорта теңізі арқылы мыңдаған мильді еңсеріп, Сирия жағалауына 33 контейнерге тиелген азық-түлік және басқа да керек-жарақ жеткізілген.
Қауіпсіздік — ортақ игілік
2013 жылы Иранның ядролық бағдарламасын талқылау шарасы бойынша келіссөздер алаңын ізгілікті меймандостықпен Қазақстан тарабының ұсынғаны дүниежүзінің құлағы түрік жұртшылығына түгел мәлім десек те болар. Әлемнің 150-ге тарта, еліміздің 100-ден аса тілшісі екі күн бойы “Алматы келіссөздері” деген атпен мәлім болған саяси мүдделер мәмілесі туралы барша дүниеге тынымсыз ақпарат таратумен болды. Барша адамзатты алаңдатып отырған “Иран мәселесі” бұл кездесуде көптеген игі қатынастар мен жан-жақты қолдауларға қол жеткізе тұра, тағы да нақты шешімін таппаған басы ашық мәселе күйінде қалса да, тараптардың “Алматы келіссөздеріне” ынталы түрде қатысуының өзі үлкен жетістік саналып, осы басқосуды өткізген Қазақ елі халықаралық аренада өзінің абыройын үстем ете түскені мәлім.
“Алматы келіссөздерінің” алғашқы отырысында бұған дейінгі қабыл алмаған ұсыныстарды хош көріп, бір-бірімен қол алысып тарқасқан қос тарап нақты шешімге келмесе де, болашақта бұл мәселе барша адамзаттың игілігіне ұласатын жақсы жоба болады деген сеніммен елдеріне аттанысты.
Алматыдағы келіссөз кезеңдерінің нәтижелері екі жылдан кейін қабылданған жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарына негіз болғанын мақтанышпен айта аламыз.
Бауырлас елдің алғысы
2015 жылы 24 қарашада түріктер шекарамызды бұзды деген айыппен Ресейдің ұшағын атып түсіргені белгілі. Бұдан кейін екі ел арасындағы жағдай қатты шиеленісті. Саяси қарым-қатынас қана емес, экономикалық, қоғамдық байланыстар да үзілді. Бір-біріне қатқыл айыптаулар айтылды. Бүкіл Еуропаның санкциялық кәріне ұшыраған Ресейге Түркиядай үлкен елдің экономикасы керек болатын. Бірақ бет тырнасқан соң, экономикалық байланыс тоқтаған. Сірә, бұл өзінің айтарлықтай ішкі қоры бар Ресейден гөрі Түркияға қатты тигендей, өндірген өнімін шығаратын нарығынан, ағылып келіп жатқан туристерінен айырылды.
Өткен жылы Ресей және Түркия мемлекеттері арасында біршама жылылық пайда болып, өзара қарым-қатынас жақсаруға бет алды. Бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі аз болған жоқ. Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған Қазақстан басшысына арнайы телефон шалып, оған Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың арнасын қалыпқа келтіру жолында сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс сезімін жеткізді. Бірі Құдай қосқан алып көрші, бірі түбі бір туыс ел тату болғанға не жетсін?! Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Түркиядағы таралымы 140 мың дананы құрайтын “Milliyet” газеті “Бұл тұлға іске араласты: Ердоған мен Путин әңгімелесті” атты материал жариялады. Онда Қазақстан Президентінің Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоғары бағалады. Жалпы, түрік-ресей қарым-қатынасының реттелу мәселесі Түркияда қызу талқыланды.
Бейбіт өмірге бәрі де лайық
Сирияда 2012 жылы басталған қантөгіс шиеленістен бергі уақытта Қазақстан бұл дағдарысты әскери қарудың күшімен емес, тек дипломатиялық жолмен ғана шешуге болатынын әлем жұртшылығына әлденеше рет жария еткен және бұл тұрғыда өз тарапынан нақты іс-шараларды қоса қолға алғанды. Мәселен, 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы бүлікті бейбіт жолмен тоқтату үшін қарсылас тараптарды келіссөздерге шақырып, оларға Қазақстан жағынан барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеген болатын.
Айтса айтқандай-ақ, 2015 жылғы мамыр айында Қазақстан Сириядағы оппозиция өкілдерінің бірінші тобын қабылдап, дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған келіссөздердің бірінші раундын өткізуге бастамашы болса, сол жылы қазанда екінші раундының сәтті өтуіне де толық жағдай жасаған еді. Соңғы шарада қол жеткен келісімдердің арқасында қоршауда қалған мыңдаған адамның босап шығуына мүмкіндік берген арнайы дәліз ашылғанды.
Енді, міне, үстіміздегі жылдың 23 қаңтарында Ресей, Түркия және Иран тараптарының бастамашылығымен Астана Сириядағы соғыстың бейбіт жолмен тоқтатылуына атсалысатын және халықаралық үнқатысу алаңына айналды. Аса маңызды халықаралық форумның екінші раунды 16-17 ақпанда өткен болатын. Астана процесінің үшінші раунды аталған елдегі атысты доғару режімін нығайтуға, сонымен қатар əскери жəне гуманитарлық мəселелерді талқылауға бағытталды. Екі күнге созылған келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мəлімдеме қабылдады. Аталған құжатта тараптар өздерінің атысты доғару режімінің сақталуын қолдайтындарын жеткізді. Елордада өткен кездесу әлемдік қауымдастық тарапынан Сирия дағдарысын саяси реттеу процесіне қосылған нақты үлес деп бағаланып отыр.
Дайындаған Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.