Саналы ғұмырын отандық ғылымды өрлетуге арнаған аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Манаш Қозыбаев мұрасын зерделеп, дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі конференция тарихшылардың соңы жаңалықтарымен бөлісіп, зерттеулерімен таныстыруға және көтерілген тақырып аясында ой-пікірлерін ортаға салуларына мүмкіндік берді.
Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет “Қозыбаев оқулары – 2018” ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысына қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Қазақстан тарихын зерттеу ісіне басшылық еткен академик Манаш Қозыбаевтың есімімен аталған Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті әлемдік өзекті тақырыптарды шетелдік әріптестерімен бірлесіп талқылауды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл – ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу бағытындағы құптарлық қадамдар, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Облыс әкімінің орынбасары көрнекті тарихшы ғалымның өмірі мен құнды мұраларын насихаттап, таныстыру ісіне үлесін қосып жүрген академиктің зайыбы, ардагер ұстаз Сара Қозыбаеваға, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетовке өңір басшысының Құрмет грамотасын табыстады.
2015 жылдан университет қабырғасында Манаш Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Ол бүгінде “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының құрамына енген. Орталық қызметкерлері осы күнге дейін Манаш Қабашұлының зерттеулеріне және тарих ғылымдарының өзекті проблемаларына арналған бірқатар басылымдарды жарыққа шығарды. Конференция барысында “Манаштану мәселелері” атты көптомдық басылымның алғашқы екі кітабының тұсауы кесілді. Тұңғыш сериялық ғылыми жинақты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Тұрдығұл Шаңбай таныстырды. Ол сөз арасында кітаптың келесі үш томы әзірленіп жатқанын және бұған дейін жарық көрген “Манаш Қозыбаев” атты жеке тұлғалық энциклопедияның қайта толықтырылатынын айтты.
Расында, академиктің өмірі мен жүріп өткен еңбек жолы туралы талай томдар құрастыруға болады. Еліміздің тарихшы ғалымдары академик бастаған жолды жалғап қана қоймай, оның лайықты ізбасарлары бар екенін дәлелдеп отыр. СҚМУ қонақтары – Тұрдығұл Шаңбай мен Жәкен Таймағамбетов те, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов та зерттеу жұмыстарының басым бөлігін Манаш Қозыбаев еңбектерін негізге ала отырып жүргізуде. Олар конференция барысында “Академик Манаш Қозыбаев және тарих ғылымы философиясы”, “Манаш Қозыбаев археология саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бастауында”, “Академиктің Отан тарихын кезеңдеудегі жаңа методологиялық ұстанымы” тақырыптарындағы баяндамаларын оқып, көпшілік үшін беймәлім дүниелерді ортаға салды.
Конференцияда Литва мен Ресей елдерінің әлеуметтану және экономика салалары мамандарының баяндамалары да тыңдалды. Вильнюс қаласындағы Миколас Ромирис атындағы университеттің профессоры Саулюс Нефас өз сөзінде Қазақстан мен Литваның отыз жыл бұрынғы саяси қадамдарының ұқсастықтарын атап көрсетті. Ол екі елдің географиялық орналасуы және аумағы бойынша ерекшеліктеріне қарамастан, алға қойған мұраттары бір – яғни, тәуелсіздік болғанын айтты. Ресейдегі Урал мемлекеттік экономикалық университеті қаржы менеджменті кафедрасының меңгерушісі Элина Закирова көршілес екі ел өңірлерінің инвестициялық әлеуеті мен даму мүмкіндіктеріне өз бағасын берді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.