Міне, биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Соңғы қоңыраудың соғылар үні – жас түлектерді үлкен өмірдің белесіне аттандырғалы тұр. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған мектеп бітірушілердің бал-бұл жанған жүздерінен қуаныштың нышанын көрудің өзі қандай ғанибет! Ата-ана ретінде оларға тек сәттілік тілеймін. Осындайда көңіліңді көтеріп, жан дүниеңді жадыратар “Мектебім”, “Қоштасу вальсі”, “Бала махаббаты” әндерінің орындалуы ғажайып сезімге бөлеп, сонау албырт, жастық шаққа жетелей жөнеледі. Ертеңгі соғылар соңғы қоңыраудың сыңғыры менің де жүрегімді тербетерін білемін, себебі, алтын ұямнан қанат қаққалы 40 жыл.
Адамның жасы ұлғайған сайын, артына қарайлап, өткенін еске алуы – қай-қайсымыздың болсын ойымыздан орын алып, бойымызда сақталған сырлы дүние. Ұлағатты ұстаздар мен өрімдей жас шәкірттерді көргеніңде өткен күндердің еншісінде қалған өмірің кинолента тәрізді көз алдыңнан өтіп жатады. “Шіркін, жастық шақ-ай!” – дейсің іштей күрсініп.
Кезінде атағы аспандап тұрған, есімі Ленин ауданы (қазіргі Есіл ауданы) түгілі, облыс, республика көлеміне таралып, “Бай еңбек” аталған Еңбек ауылында туып өстік. Байлыққа мыңғырған сиырымен, өнімі көл-көсір қойларымен, тіл үйірген саба-саба қымызымен жетіп еді. Ауылдың қақ ортасында ағаш бөренеден қиылып салынған онжылдық мектебі, жанында интернаты, асханасы, маңайын сәнге бөлеген жасыл желегі – саябағы болатын. Білім ордасында өте білікті ұстаздар: Ақай Байғожин, Мүкіжан Оразымбетов, Жәкөлай апай, Роза Қалиева, Мәну Бағырамова, Бақытжан Құсайынов, Амантай Ғазезова, Қошан Қалиев, тағы басқалары еңбек етті. Олар талай шәкірттердің қанаттарын қатайтып, өмірдің биігіне өрлетті.
Арқалы ақынымыз Есләм Зікібаев, қарымды қаламгер, журналист Бақыт Мұстафин ағаларымыз осы мектептен дәріс алып, өмірлерін өлеңмен өрнектеп, шабытты шығармаларымен жарқ етіп танылды. Мектеп табалдырығын алғаш рет имене аттаған тарыдай ғана жиырма бір оқушыны бастауыш сынып мұғалімі – Мәну Бағырамова апайымыз күлімдеп қарсы алғаны әлі есімде. Дауысы жұмсақ әрі ашық, өн бойынан салмақтылығы байқалатын ол мәнерлеп жазуға, қойылған сұраққа толыққанды жауап беруге машықтандырды.
Әріптерді әп-сәтте танып, оқу техникасын тез меңгеріп алған сыныптастарым Мәрзия Оразымбетова, Тамаша Байбосынова, Зәуреш Қазиева, Бибігүл Кәкенова, Төлеген Мұқанов, Әлібек Темірбеков және мен бастауыштың озат оқушылары қатарына көтерілдік. Қалғандары да көштен қалмады. Балалықтың балғын күндері білім тереңіне бойлата отырып, айшықты іздерін артқа тастап өтіп жатты. Бәріміз де өте ұйымшыл, бір-бірімізге қамқор болдық. Әртүрлі мәдени іс-шаралар, айтулы мерекелер, тіпті, туған күндеріміз ескерусіз қалмайтын. Тазалық секторы Зәуреш Қазиеваның алдынан қалтырап өтетінбіз, ол сыпайы, салмақты болғанымен, баршамыздан тазалық пен ұқыптылықты талап ететін.
Жылдар өте әр пәннің мықтылары, желдей есер жүйріктері таныла бастады. Мен секілді кейбірі әдебиет әлеміне, екіншілері есеп-қисапқа, тарих қойнауының тереңіне бойлай жөнелді. Әсіресе, оқу үздігі атанған қыздар алдарына жан салмай, қай пәнге болсын құштарлықтарын көрсететін. Кейде есепке басымыз қатып, қиналатын кездер де кездеседі. Мұндай сәтте алдыңғы жақтағы партада отыратын қара торы қыз Бибігүлге:
– Беу, қара қыз, қара қыз,
Бермен бізге қараңыз.
Сенсіз мына есепке,
Келмей жатыр шамамыз, – деп, бір парақ қағазды алдына тастай саламын. Көп кешіктірмей Бибігүлден де есеппен бірге:
– Теңеген мені қараға,
Не дейін мына балаға.
“Аппағым-ау” десеңіз,
Ауызың қисайып қала ма? – деген жауап келетін.
Сөйтіп, алтын ұямыздан қанаттанып, бәріміз де түлеп ұштық. Қазіргі таңда әрбіріміз еліміздің әр түкпіріндеміз. Жыл сайын соңғы қоңыраудың соғылар сәті жақындаған сайын сыныптастарымды қатты сағынамын. Өмірден ерте өтіп кеткен құрдастарым Әлібек Темірбеков, Бақыт Мәдиева, Нұржамал Болашеваны жиі еске аламын. Сыныптастарымның арасында кейбірін көрмегелі 30 жылдан асты. Көрсем танымай қалуым ғажап емес.
Әр таңы арайлап ататын ауылымда асыр салып, жарасымды отбасының ұл-қыздарындай жайқалып өскен сыныптастарым бүгіндері мәуелі бәйтеректей тамырларын тереңге тартқан шығар. Көптен кездеспей жүрген сыныптастарыммен биыл жазда туған ауыл төсінде бас түйістіріп, бір мәре-сәре болсақ қой деген аяулы арманымның орындалатынына да сенемін.
Өзбек ТАСТАМБЕКОВ.
Бостандық ауылы.