«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЙРАН ЕРЛЕР – ҚАҺАРМАН АРДАГЕРЛЕР!”

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер!” атты облыстық байқаудың бір кезеңі Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында өтті.

Салтанатты шараға жиналғандар алдымен Мәденит үйі алаңында сұрапыл соғыстан сыр тарқатар сахналанған көріністерді тамашалады. Онда әр адам жайбарақат жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншыларына төтеп беруде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Отанын жаудан азат ету жолында жандарын шүберекке түйген сол шақтағы майдангерлердің өмірін көз алдарынан өткізгендей әсерге бөленді. Содан соң көрермен қауым аудандық Мәдениет үйінің кіреберісінде кеңінен қанат жайған көрмені аралады. Оны әр ауылдық округтің шығармашылық ұжымдары әзірлепті. Тақырыбы мен мазмұны ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерге арналған.

– “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер!” байқауына республикалық ардагерлер ұйымы ұйытқы болды. Бүгінде аталмыш шара еліміздің жер-жерінде аталып өтілуде. Ол көштен біз де сырт қалған жоқпыз. Қызылжарлықтар байқауды ұйымдастырып отырған 11-ші аудан. Қалған аудандарды бірер күнде аралап өтеміз. Байқаудың биылғы кезеңі ерекше: ол Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Көркемөнерпаздар ұжымдарының дайындық деңгейлері жоғары, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қазылар алқасының мүшесі Ескендір Елеусізов.

Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы әр ұжымның хор, жеке орындау, трио, квартеттердің орындау шеберліктеріне баса назар аударды. Негізгі талап – жоғарыда аталған топтарда ардагерлердің өнер көрсетуі.

– Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған облыстық байқаудың аудандық кезеңіне аудан көлеміндегі барлық 19 ауылдық округтің шығармашылық ұжымдары қатысып отыр. Олардың барлығы – байқаудың осыған дейінгі кезеңінде жеңімпаз атанғандар. Бұл жолғы дайындықтары да жаман емес, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Сара Алдаева.

Бүгінде Қызылжар ауданы бойынша көзі тірі соғыс ардагерлерінің саны – 12 адам. Одан бөлек тыл еңбеккерлері де бар. Жастары егде тартса да, аға буын өкілдері бүгінде үйлерінде қол қусырып отырған жоқ. Олардан 4 хор жасақталыпты. “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер!” байқауында барлығы да өз өнерлерін ортаға салып, залға жиналғандарды әуелеген әнге бөледі. Сахнадан төгілген жырлардың дені сұрапыл соғыс тақырыбына арналғанымен, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін патриоттық әндер де аз болған жоқ. Үш сағатқа созылған концерттік бағдарлама барысында залға жиналғандар тек аға буын өкілдерімен бірге жастардың өнерлеріне де тәнті болды.

Шара мақсаты елі мен жерін жаудан азат етіп, кейінгі ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған майдангерлеріміздің ерліктерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады. Аталмыш байқаудың аудандық кезеңдеріне нүкте қойылысымен әр аталымда жеңімпаз атанғандар облыстық гала концертте өнер көрсетпек. Кейін олар наурыз айында елордамыз – Астанада өтетін “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер!” байқауының ақтық сайысында өңір намысын қорғайды.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp