«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР МІНЕЗ ЖАРАСАДЫ ЖІГІТКЕ

Еліміз тәуелсіздік туын желбіреткеннен бері өскелең ұрпақ ел қорғаған Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Баян батырлар сынды ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптеп өсті. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңісті жақындатқан батыр аталарымыздың жанкешті ерліктерін майдангерлердің өз аузынан естіп, олар туралы кинофильмдерді тамашалап ержетті. Одан беріде Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеп, еліне оралған абыройлы ерлердің әскери міндетке адалдығын көріп, болашақ ел қорғаушысы ретінде қалыптасты. Бүгінде сондай Отан қорғаушылардың бірі, әскери өмірді таңдаған жерлесіміз Рүстем Есенғұлов жайында сөз етпекпін.

Рүстемнің әскери қызметке келуі де өзгеше. Ол 2003 жылы өзі туып-өскен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Молодежное ауылының орта мектебін бітіріп, Петропавл қаласындағы Әскери институтқа түсуді қалайды. Алайда, бала кезінен әскери адам болуды аңсаған түлектің бірден жолы бола қоймайды. Бірақ та ол алғашқы қиындыққа шыдап, табандылық танытады. Сөйтіп, енді тепсе темір үзетін жас жігіт келесі жылы осы жоғары оқу орнына түсуді алдына басты мақсат етіп қояды. Бір жыл бойы мектепте алған білімін жетілдіріп, дене шынықтырумен белсене айналысады. Нәтижесінде Рүстем оқуға түсердің алдындағы сынақтардан да сүрінбей өтіп, Әскери институттың курсанты атанады. Осылайша қайтпас қайсар мінезінің арқасында өзінің басты мақсатына қол жеткізеді. Содан кейін жас курсант төрт жылдық оқуын сәтті аяқтап, офицер атағына ие болады. Оның айтуынша, әскери адам болу оңай емес, оған психологиялық, моральдық және денсаулық жағынан дайындығымен бірге үлкен төзімділік те қажет.  

– Әрине, барлық курсанттарға да алғашқы кезең қиындау тиеді. Өйткені, үйдегі жайбарақат өмірден әскери жағдайға ауысу – кез келген адамға өзінше бір сынақ. Қатаң тәртіп адамды көп пайдалы қасиеттерге үйретеді. Мысалы, шыдамдылық, қанағаттылық, өжеттілік сияқты. Бойында осындай қасиеттерді тәрбиелей білген сарбаз келешекте нағыз Отан қорғаушы бола алады, – дейді алты жылдан астам уақыт әскери қызметте жүрген Рүстем Мұратбекұлы.

Лейтенант шенін алған жас офицер жолдама бойынша Павлодар қаласындағы №6679 әскери бөлімге жіберіледі. Мұнда ол взвод командирі қызметіне тағайындалып, әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздарды тәрбиелейді. Уақыт өте келе бөлім басшылығы өз ісіне жауапты қарайтын Рүстем Есенғұловтың әскери тәртіпті жақсы меңгергенін және алдына қойған тапсырмаларды бұлжытпай орындайтынын байқайды. Сөйтіп, аға лейтенант атағындағы жерлесімізге рота басқару сенімі жүктеледі. Жауапты қызметтің маңыздылығын түсінген Рүстем бұл міндетті де абыроймен атқара білді. Өзі басқарған рота жұмысын бір ізге түсіріп, әскери міндетін барынша адал атқарды. Біржылдық мерзімдегі қызметте жүрген сарбаздарды туған елін, жерін қорғауға, Отан алдындағы антқа берік болуға шыңдайды. Бұл істе ол жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, лауазымына сәйкес тұлға екенін іспен дәлелдейді. Әскери бөлім басшылығы оған кезекті капитан шенін беріп, оны штаб командирінің бірінші орынбасары етіп тағайындайды. Жаңа қызметте жүрген және нағыз офицер ретінде қалыптасқан оның бұл қызметті де абыроймен атқаратынына сеніміміз мол. Себебі, Рүстем сияқты еліміздің патриот азаматтары ата-баба аңсап өткен тәуелсіз Қазақстанды қорғап, оның тыныштығы мен тұрақтылығын және кең-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп жүр.

Қазіргі уақытта Рүстем өмірлік жары Гүлназбен бірге Әдема және Зарема атты екі қыз тәрбиелеп отыр. Олар Павлодар қаласында тұрады. Үлкен қыздары биыл мектеп табалдырығын аттап, дайындық сыныбына оқуға барды. “Отан отбасынан басталады” демекші, әскери қызметпен қатар отбасы қамын ойлап, жақындарының жағдайын жасап жүрген Рүстемнің бойынан біз әкелік парызды орындауға деген жауапкершілікті байқаймыз. Ол Молодежное ауылында тұратын әке-шешесіне жылына бір рет демалыс уақытында келіп тұрады. Анасы Гүлжанның әкесі Тәшім сонау сұрапыл соғыста ерлікпен шайқасып, Берлинге дейін жеткен майдангер. Нағашы атасының елін қорғап, қасық қаны қалғанша жаумен күрескен батырлығы жиенінің әскери қызметші атануына әсер еткен болар.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp