«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР МІНЕЗ ИЕСІ

Айыртаулық Күлән Бәкібаева – өңір тарихында өзіндік ізі бар тұлға. Маңдайынан еңбектің ащы тері он жеті жасынан аққан Күлән Серғалиқызы 39 жасында даңқ-абыройдың биік шыңынан көрінді. Осы жасында еңбегі ерлікке жеткізіп, Социалистік Еңбек Ері атанып, Алтын Жұлдыз бен Ленин орденiн төсіне таққан болатын. Бүгінде 80-ге жақындаған қариядан осы жоғары марапатқа қалай қол жеткізгенін сұрай қалсаңыз: “Елдің алды болып, абырой-даңққа кенелейін деген ой мүлде болған жоқ. Бала күннен еңбектеніп өскен адамбыз ғой. Қол қуысырып отыра алмау өз алдына, тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарау да қанға сіңген. Ұжымның бір мүшесі болғандықтан, міндеттелген жұмысыңды абыроймен атқаруға тырысасың. Осындай оймен еңбектің қазанында қайнадым. Социалистік Еңбек Ері атанғанымды аудандық газеттің бетінен оқып, таңырқаған едім. Кейін Алтын Жұлдызды сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің қолынан алдым”, – деген жауабын естисіз.

Күлән Бәкібаева – Айыртау ауданындағы Құспек ауылының тумасы. Сол елді мекеннің құрметті тұрғыны. Ол өзінің еңбек жолын 1956 жылы “Ақан” кеңшарында бастапты. Тұлымшағы желбіреген қыз кеңшардың жұмысымен біте қайнасып, жылдан-жылға ширыға түскен. Комбайншының көмекшiсi болған қайсар мінезді жанның танапқа да тері сіңген. Егіс басына таңмен таласа жететін диқанның бірі болып, жоғары өнімділікпен еңбек еткен. Ал 1965 жылы сауыншылыққа ауысады. Оның өз себебі бар. Сол жылы кеңшарға Украинадан әкелінген асылтұқымды сүттi сиырларды ортаға бейімдеуге жұмысқа жауапты адамдарды тарту қажет болған. Сондықтан бұл Күлән апайдың ғана емес, жергілікті биліктің де ұйғарымы болатын. Күлән Серғалиқызы өзіне міндеттелген жоспарды асыра орындап, озат сауыншы атанады. Екі жыл өтпей Еңбек Қызыл Ту орденiн төсіне тағады. Ал 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған. Оның есімі Қазақ КСР-нiң Құрмет кiтабына екі рет жазылған. Өрелі іске жеңіс бар деген осы.

Күлән Серғалиқызы – шаңырақтың ырысы мен берекесіне ұйытқы бола білген жан. Үш қыздың анасы түздің жұмысын атқарып келіп, үйдің шаруасын да ұршықша үйірген. Ата-ананың еңбегін ақтап, жетіліп, бүгінде ауылдағы орта мектепті басқарып отырған қыздары Гүлнәр Еслямқызы анасы жайында: “Анамның жұмыс десе, білегін сыбана кірісетін әдеті бар. Әлі күнге дейін солай. Ол кездегі ауыл шаруашылығын бүгінгі күнмен салыстыруға болмайды. Барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Сонда анам қажуды білмейтін, аузынан “шаршадым” деген сөз шықпайтын, қайнаған тірліктің ортасында жүреді”, – деп ағынан жарылады.

Нағашы атасы мен апасының қолын – жылы суға малып отырған жиендері Арсылан мен келіні Айна шаңырақтың түтінін түтетіп, қос қарияны үлде мен бүлдеге орап, ризашылықтарына бөленіп отыр. Отасқандарына 54 жыл болған Күлән Серғалиқызы мен Еслям Қалдыбайұлы қыздарынан тараған үрім-бұтақтың қуанышына тоймайды.

– Бүгінгі қызығымыз – балаларымыз. Солардың ішінде жиеншарларымыз Медине мен Сұлтанның орны бөлек. Өзіміз де бала үшін еңбек еттік. Олардың болашағына деп дүние жинадық. Бүгінде жиендеріміз сол біздің дәстүрімізді жалғастырып, керегесі кең, босағасы берік шаңырақтың иесі болып отыр. Жаратқанға осындай өмір бергеніне разымын, – дейді Күлән Бәкібаева.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp