Күн жексенбі болса да, ауыл іші абыр-сабыр. Әйелдер жағы сиыр сауып, табынға қосса, ер- азаматтар қысқы мал азығын дайындау қамына кіріскен. Тек Сарыбұлақ бөлімшесі кеңсесінің алды тыныш. Шұғыл шаруа болып қалғандықтан, таң алагеуімнен ауылдағы жалғыз телефон арқылы алыстағы ағайынға хабарласып, кеңседен шыға бергенім сол еді, «Шарық» кеңшары бағытынан зулап келе жатқан сүйріктей қара «Волга» жаныма тоқтай қалды. Жеңіл көліктің нөмірін ажырата алмай, сәл кідіріп қалдым. Есікті ашып, қараторы келбетті азамат түсе бергеннен-ақ Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков екенін жазбай тани кеттім де («Көкшетау правдасы», «Степной маяк» газеттерінен фотосын талай көргенмін), ізетпен сәлемдесіп, кеңсеге қарай жол бастауға ыңғайлана бердім.
«Мен Көкшетау облысының…» дей бергенде: «Сізді жақсы білемін, Еркін Әуелбековсіз ғой?», – деп сөзін ретсіз бөліп жібергеніме, бір жағынан, ыңғайсызданып қалдым. Абыржығанымды біліп жымия күлді де: «Бөлімше басшыларынан кімдер бар екен?», – деді.
Әлі келе қоймағанын білген соң аты-жөнімді, не істейтінімді сұрап білді. Мұғалімдік қызметте жүргенімді, оған дейін ауыл шаруашылығы училищесінде механизатор мамандығын игеріп, егін сеуіп, астық жинаумен айналысқанымды айттым.
«Менің де негізігі мамандығым – агроном, кәсіптік-техникалық училищеде оқыдым, әріптес екенбіз», – деп негізгі мәселеге ойысты.
«Ауыл сыртындағы егістік үстінде бір үйір жылқы емін-еркін жайылып жүр. Жүргізушіміз екеуіміз жаяу-жалпылап қайырып едік, бой бермеді. Жылдамдатып егін қорушы-фуражерді тап, бауырым», – деп тапсырма берді де, жылдам қоштасып, аудан орталығы Рузаевты бетке алып, жүріп кетті. Болашақ ел азаматымен алғаш осылай танысып, кездейсоқ кездесу жадымда ұмытылмастай сақталып қалған еді.
Кейін аудандық газеттің шақыруымен журналистика саласына ауыстым. Қызмет бабымен облыс орталығына жиі сапарлап, жиындарда Еркін Нұржанұлының баяндамаларын тыңдау мүмкіндігіне ие болдым. Алматы жоғары партия мектебінде оқыған жылдары көкшетаулық жерлестер Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, орталық партия комитетінің мүшесі Ерекеңмен жиі кездесетін. Ректордың кең кабинетінде әрқайсымыздың отбасылық, тұрмыстық жағдайымызбен, оқу үлгірімімен жете танысатын. Сынақ алғандай үлкен әсер қалдыратын. Жүздесуіміз мерекелерге сәйкес келсе, қаржылай да көмектесетін.
Ал ұлтжандылығына, қазақтың салт-дәстүрлеріне, яғни үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуына қатысты үлгі-өнеге етерлік қасиеттеріне мысалдар көп. Бір- екеуіне тоқтала кетейін. Рузаев ауданында журналистік қызметімді жалғастырып жүргенмін, ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісімін. Аудандық партия комитеті мен редакция ғимараты қатарлас. Жиындар мен конференция-семинарларға келген шаруашылық, кәсіпорын, партия ұйымы жетекшілері редакциясының демалыс бөлмесінде қойылған бильярдқа келіп, шар қуалап кеткенді тәуір көретін. Оның үстіне газет редакторы Михаил Шарышев көпшіл, басшы-қосшымен тез тіл табыса білетін. Бейресми әңгімелер барысында кесек тұлғалар жайлы аз айтылмайтын. Сондай бір сәтте «Бірлік» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері А.Левандовскийдің Еркін Әуелбековтің кішіпейілдігі, ізеттілігі туралы әңгімесі бәрімізді сүттей ұйытқан. Кезекті егін жинау науқанының қызған сәті болса керек. Ерекең Рузаев ауданының шаруашылықтарын аралап шығады. Аупартком облыс орталығына шығар жолдағы шаруашылық басшысының үйінде дастарқан жаюды ойластырады. Еркін Нұржанұлы үстел басына жайғасқаннан кейін үй иесінен: «Үлкен кісіні байқап қалып едім, неге көрінбейді? Әлде жол жүріп кетті ме?» – деп сұрайды. Ол: «Егде тартқан әкем өз бөлмесінде отыр», – деп күмілжи жауап береді.
«Бұлай болмайды ғой, өмірлік тәжірибесі мол ақылшы ақсақалды аттап, дастарқанға қалай жайғасамыз? Бастаңыз қарияның бөлмесіне», – деп орнынан тұра береді. Ақсақалға иіліп сәлем беріп, дастарқанға жетелеп әкеліп, төрге отырғызады. Өзін таныстырып, әкесінің ұстаз болғанын баяндап береді. Соғыс ардагерінен ағайын- туыстары, елі-жері, ата-бабалары жайлы мағлұмат алып, емен- жарқын сөйлеседі.
«Балам, рақмет! Енді шаруа жайын талқылап, отыра беріңдер. Кішіліктен бастаған ісің кісілікпен жалғассын!» деп батасын береді.
Кеңес кезеңінде қала-ауыл көшелерінің тазалығына, абаттандыруына, көгалдандыруға көп көңіл бөлінетін. Әсіресе көктем күндері ерекше ден қойылатын. Лениннің туған күні қарсаңында сенбілік ұйымдастыру міндеттелетін. Ерекең Торғай облысын басқаруға келген жылы «Ертеңгі сенбілікке түгел қатысатын болыңдар!» – деп ескертеді. Өзі жұмыс киімін киіп, қолына күрек алып, белсене кірісіп кетеді. Осылайша сықиып киініп, штабта ақпарат жинауға дағдыланған шенеуніктерді осы дағдыға үйреткен. Ол кезде мен Державин ауданында (қазіргі Жарқайың) газет редакторы болатынмын. Бірде «Ауданға обкомның бірінші хатшысы келеді», – деген хабар жетті. Аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің басшысы Борис Швачкин «Газет тігіндісін резиденцияға жеткізіп беріңіз», – деп өтінді. Сөйтсе, Ерекеңнің аудан орталығына бір күн бұрын келіп, қона жатып, жергілікті газет беттерінен ауданның экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайларымен мүмкіндігінше танысу, елді мекендерге сапарлау барысында сын-ескертпелермен қатар құнды ұсыныстар айту, күрделі жоспарлар құру қалыптасқан жұмыс стилі екен.
Ұмытпасам, 1988 жылы кіші қарындасым Нұргүл қызылордалық жігітпен жүрек жарастырып, үйлену тойына жол тарттық. Қызылордаға келіп тұрып, қалай Еркін Нұржанұлына, зайыбы, жерлес апайым Күлше Оспанқызына сәлем беріп кетпейміз деген оймен көп қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерге көтерілдік. Биік лауазымды қызметтегі азаматтың балаша қуанғаны қайран қалдырды. Есікті өзі ашып: «Айналайын жерлестерім келіп қалды», – деп құрақ ұшты. Шынайы қарапайым адамгершіліктің белгілері дастарқан басында да толастаған жоқ, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Қолымызға бір-бір ән кітабын ұстатып, қызы Сәулені пианиноға отырғызып, әуелете ән шырқалды.
Ерекең қызметке алғаш орналасқан кезде жергілікті шенеуніктер Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан елдімекендерді аралатып, негізінен балабақшаларды көрсете берсе керек.
«Жігіттер, балабақшадан басқа әлеуметтік, мәдени нысандар жоқ па?» – дейді облыс басшысы таңғалып.
«Еркін Нұржанұлы, өзіңізге ұнаған балабақшалардың бірін босатып, сізге пәтер етіп берсек деген ниетіміз бар еді», – дейді соңынан еріп жүрген қосшылар.
«Оны қойыңыздар, маған особняк емес, кәдімгі көп қабатты үйден төрт-бес бөлмелі пәтер қарастырыңыздар», – деп кесіп айтып тастайды.
Ерекеңнің көршілердің балаларымен танысқаны да қызық. Солтүстік өңірлерде кішінің үлкенге қарай тұра жүгіріп, амандасуы сирек. Бұл жақта төрт-бес жастағы балаларға дейін мұрнын бір тартып қойып, «Ассалаумағалейкүм!» деп қолын созып, сәлем беру – қалыпты дәстүр. Содан бері сәлемші сәбилер үшін қалтасына кәмпит салып жүретін болған. Үйде балалар жоқта Күлше апайымыз Ерекеңе дүкенге соғып, нан ала келуді тапсырады. Жолай гастрономға келсе, «магазин закрыт на перерыв» деген табличка ілулі тұрады. Түскі үзіліс болған жоқ қой деп ойлап, дүкеннің есігін тықылдатады. Меңгеруші: «Сауда орнына Әуелбеков келейін деп жатыр, магазинді тәртіпке келтірумен айналысудамыз», – деп, ішке кіргізбейді. Қызметтік куәлігін көрсетуіне тура келген. Нысандарға ешқандай ескертпесіз бару, кем- кетігін көзбен көру қанына сіңген әдеті болатын. Байқоңыр ғарыш айлағындағы қызыл лампасты, елтірі папахалы генерал, полковниктерді тік тұрғызып, бір шыбықпен айдағандай тәртіпке келтіргенін, кердең кеткен астамшылық қылықтарын табаға шыжғырғандай қуырғанын Сыр елінің жұртшылығы әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.