Облыста қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан 33 әлеуметтік жоба облыс прокурорларының тұрақты бақылауында. Бұл туралы облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар мәлімдеді.
Бас прокуратура Үкіметпен бірлесіп, қайтарылған қаражатты ел игілігіне пайдалану бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Республика бойынша бүгінде 333 жоба қолға алынған. Бұл – өңірлерді дамытудың және халықтың әл- ауқатын арттырудың нақты әрі пәрменді тетігіне айналып отыр.
Сол жобалардың бірқатары біздің өңірде де жүзеге асып жатыр. Мәселен, Петропавл қаласындағы «Жас өркен» шағынауданында заманауи үлгідегі балабақша құрылысы басталды. 280 орынға арналған жаңа мекеме бүлдіршіндердің ерте дамуы мен мектепке дейінгі тәрбиесіне қажетті барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілмек. Жобаның жалпы құны – 1,9 миллиард теңге.
Бұдан бөлек, Айыртау, Есіл, Мамлют, Шал ақын және Тайынша аудандарындағы 30 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы құны – 30 миллиард теңге. Нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрғын ауызсуға қол жеткізеді. Бұл – өңірдегі санитарлық жағдайды жақсартып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына жол ашатын маңызды қадам.
Облыстық прокуратура жобалардың белгіленген мерзімде және талаптарға сай жүзеге асуын бақылап отыр. Құрылыс жұмыстары әзірленген жобалық-сметалық құжаттама негізінде жоспарға сай жүргізілуде. Мердігер ұйымдарға жұмыстың сапасына баса мән беріп, белгіленген уақыттан кешіктірмеу қажеттігі ескертілді.
«Әлеуметтік маңызды бұл жобалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Прокуратура олардың ашық және тиімді іске асуын қадағалауды жалғастырады», – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу- Али Саттар.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».