«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙЫРЫМСЫЗ БАЛА МЕН ҚАМҚОР ЖАН

Бұрындары қазақ үшін жер және жесір дауы күн тәртібінен түспеген негізгі мәселе болғаны белгілі. Содан бері уақыт алға озды, заман өзгерді. Алайда адамның ниетіне байланысты даудың да түр-түрі көбейді. Соның бірі – пәтер дауы. Әсіресе туғандары қарайласпай­тын жалғызілікті қарт­тардың өздеріне күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлерге жылжы­майтын мүлкін сыйлауы жиі болмаса да, аракідік кездесіп қалады. Ал оның соңы көбіне сотпен аяқта­лып жатады.

ӨСИЕТ ОРЫНДАЛМАДЫ

Жуырда Петропавл қа­ласының №2 сотында өсиетті жарамсыз деп тану тура­лы азаматтық іс қаралды. Дау пәтерге қатысты туған. Соттың мәліметінше, талап арызды қайтыс болған әйелдің немере­лері берген. Өсиет бойынша марқұмның пәтері оның кү­тушісіне мирасқа қалған. Сот отырысы барысында психоло­гиялық-психиатриялық сарап­тама тағайындалды. Сонымен қатар невропатолог, психиатр және кардиологтардың қоры­тындылары ұсынылды. Сарап­тама нәтижелері талап қоюшы­лардың дәлелдерін растады. Өсиет жасалған сәтте әйел өз әрекетін толық бағалай алма­ған.

Тараптар сот үрдісі бары­сында өзара тиімді шешімге келіп, медиациялық келісім жа­сады. Келісімнің шарты тарап­тардың ешқайсысының құқы­ғын бұзған жоқ. Өсиеттің жа­рамсыз деп танылуына байла­нысты мұрагерлік заң бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар күтушінің марқұмға бере­шегі де кешірілетін болды. Не­мерелері қарызды күтушінің көрсеткен қызметіне берілген өтем ретінде қарастыратында­рын мәлімдеді. Сондай-ақ та­раптар сот шығындарын да өндіруден бас тартты. Сот ме­диациялық келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты.

Осы ретте облыстық соттың баспасөз қызметіне соңғы екі жылда өңірімізде осындай са­наттағы қанша пәтер дауы болды деген сауалымызды жолда­дық. Белгілі болғандай, өткен жылы жалпы пәтер дауы, баспа­надан мәжбүрлеп шығаруға, коммуналдық төлемдерге қа­тысты 184, биыл 113 іс қарал­ған. Оның ішінде біз қызығу­шылық танытып отырған аза­маттық істер бойынша бөлек статистика жүргізілмейді екен. Яғни әлеуметтік қызметкерлер мен жалғызілікті жандардың туыстары арасындағы пәтер дауына қатысты нақты статис­тиканы таба алмадық.

ӘЛЕУМЕТТІК МАМАННЫҢ МІНДЕТІ

Өмірде осындай жайттар туындап жатқан кезде «Әлеуметтік қызметкер деген кім? Оның міндетіне не жата­ды?» деген сауал туындары анық. Халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау және оларға көмек көрсету бағыттарының бірі – жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, бөгде адамдардың күтіміне мұқтаж мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету. Бұл қызметті осы әлеуметтік маман­дар көрсетеді. Бүгінгі таңда өңірімізде 824 адам үйде күтім жасайды екен.

– Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері аудандар мен Петропавл қаласының жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қарайды. Ал кадрларды жасақтау арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына сәйкес жүргізі­леді. Әлеуметтік қорғау және ха­лықты жұмыспен қамту ұйым­дарының басшылары, маманда­ры және басқа да қызметшілері жұмысты үлгілік біліктілік си­паттамаларына сәйкес жүзеге асырады. Қазіргі таңда әлеу­меттік қызметкерлер қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, 8 бағыт бойынша (әлеуметтік-тұрмыс­тық, медициналық, психоло­гиялық, педагогикалық, мәде­ни, еңбек, құқықтық, экономи­калық) үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

Елімізде көрсетілетін қыз­меттердің ашықтығы мен сапа­сын арттыру үшін жыл басынан әлеуметтік қызметкерлер тізімі жасалды. Бұл – әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген әлеуметтік қызметкерлер тура­лы толық ақпаратты (білімі, жұ­мыс тәжірибесі, біліктілігін арт­тыруы) қамтитын мамандардың электрондық тізімі. Жыл басы­нан бері облыстың барлық әлеуметтік қызметкерлері «Career. еnbek.kz» платформасы арқылы тізімге енді.

Басқарма бізді толғандырып отырған «Әлеуметтік қызмет­керлердің қатысуымен қанша пәтер дауы болды? Мұндай жағ­дай орын алса қандай шара қол­данасыздар?» деген сауалымыз­ға тұрғын үй даулары болмаға­нын айтып, қысқа жауап қа­йырды.

ЗАҢДЫ КҮШКЕ ИЕ

Қоғам аса талқылай бер­мейтін бұл мәселеге келгенде нотариустар да сақтық танытады. Себебі бұл – көбіне қарттар мен күтімді қажет ететін адамның меншік құқығын, әлеуметтік қызметкердің мін­деттерін және мұрагерлердің құ­қықтарын қамтитын даулы мә­селе. Тәжірибелі нотариус Ра­хия Балтабаева Қазақстанның нотариаттық және мұрагерлік заңнамасы тұрғысынан нені ескеру қажет және қандай қауіп­тер бар екенін түсіндірді.

– Пәтерді әлеуметтік қыз­меткерге өсиет арқылы беру – толықтай заңды, бірақ мұнда ескерілетін маңызды жайттар мен тәуекелдер бар. Соның бірі – өсиетте не берілетіні өте дәл көрсетілуі керек: пәтер, оның мекенжайы, кадастрлық дерек­тері, ауданы және т.б. Бұл кейін дау тумауы үшін керек. Мүлікті барынша нақты сипаттау ұсы­нылады, себебі екіұштылық даулауға мүмкіндік беруі мүмкін. Егер пәтер жалғыз және негізгі мүлік болса, басқа мұрагерлердің «өсиет жасаушы бір нәрсені ұмытып кетті» немесе «өсиет анық емес» деп айтуына жол бермеу үшін дәлдік ерекше маңызды, – дейді Рахия Балта­баева.

Яғни өсиетті рәсімдеуде но­тариустың кәсіби қабілеттілігі сыналады. Егер өсиет ресми та­лаптарға сәйкес жасалса (нота­риалды куәландырылса, куәгерлер болса, қолтаңбалар қойылса және т.б.), оның толық заңды күші бар. Бұл жағдайда нота­риус өсиет қалдырушының өз еркін жеке білдіргенін, оның еркі құжатта нақты көрсетіл­генін, құжаттың дұрыс рәсім­деліп, куәгерлермен расталға­нын куәландырады.

– Егер өсиетте бәрі дұрыс болса (нотариалды куәландыру, ресми талаптардың сақталуы, куәгерлер, анық тұжырымдар), әлеуметтік қызметкердің пози­циясы мықты болуы мүмкін. Бі­рақ бәрі мұрагерлер арасындағы қарым-қатынасқа, күтімнің құ­жатпен расталуына, өсиет қалдырушыға жасалған қамқор­лыққа және тағы да басқа нақты мән-жайларға байланысты бо­лады, – деді Рахия Балтабаева.

ҚАРТТАРЫ КӨП ӨҢІР

Еліміздегі Экономикалық зерттеулер институты­ның деректеріне сүйенсек, сол­түстік аймақтағы демография­лық көрсеткіштерді Еуропа ел­дерімен салыстыруға болады екен. Себебі қарттардың үлесі жылдан-жылға ұлғайып барады. Қызылжар өңірінде тұрғын­дардың жалпы саны 520 мың­ның төңірегінде болса, оның 105658-і зейнеткер. Негізгі се­беп – жастардың тұрақтамауы. Яғни қарттар осында қалып, бала-шағасы басқа қалаға, не болмаса шетелге қоныс аудара­ды.

– Петропавлда тұрып жатқа­ныма 30 жылдың жүзі болды. Маған көрші болып жасы кел­ген ерлі-зайыпты, ал төменгі қа­баттағы пәтерде жалғыз кейуана өмір сүрді. Үшеуінің де тағдыры бірдей. Көршімнің алдымен за­йыбы өмірден өтті. Араға 7 жыл салып өзі де терезеден секіріп кетті. Екі қызы бар екенін пә­терді жуып-жинап сатуға келген кезде ғана білдік. Ал төменгі қа­баттағы кейуанадан әл кеткен кезде әлеуметтік қызметкер келіп жүрді. Кейін есі ауысып, көрші-көлемге тыныштық бер­меген соң қарттар үйіне өткізіп жіберді. Сол жақта өмірден оз­ған болуы керек, көп ұзамай пә­тері сатылды, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Лариса Байбурина.

Ата-анасына көзі тірісінде қызмет көрсетпей, пәтерін қам­қорлық танытқан басқа біреуге беремін дегенде ренжіп, жанжал туғызып жататындар көп. Бұл жағдай адамдарға өз мұрасын алдын ала жоспарлау қаншалық маңызды екенін көрсетеді. Әсі­ресе мүлкін дәстүрлі мұрагер­леріне емес, шынымен көмек­тескен адамдарға бергісі келсе, тиісті құжаттар заң жүзінде сауатты рәсімделуі керек.

– Бұл мәселе бойынша жеке көзқарасымды айтар болсам, тұрғын үйді қамқорлық жасаған адамға өсиетпен қалдыру – өзінің құқығын жүзеге асырудың этикалық тұрғыдан да, заң жүзінде де толық негізделген тәсілі деп санаймын. Егер адам әлеуметтік қызметкермен бірге тұрып, ол оған қамқорлық жа­сап, көмектесіп жүрсе – бұл үл­кен қолдау. Өсиет осындай көмекті мойындау мен алғыс білді­ру нысаны болуы мүмкін. Алай­да бұл механизм теріс пайдалану құралына айналмауы маңызды. Мысалы, әлеуметтік қызметкер қарт адамның сенімін пайдала­нуы мүмкін, өйткені ол тәуелді. Сондықтан өсиетті ойланып, ашық түрде, көрсетілген көмекті құжатпен растай отырып рәсім­деу өте маңызды, – дейді нота­риус Рахия Балтабаева.

Қарттар – бір ауыз жылы сөзге, мейірім мен қамқорлыққа зәру. Адам баласы үшін жан жы­луы мен адами қатынас – еште­ңемен өлшенбейтін құндылық. Егер туыс-туған арасында осы бір жылулық пен мейірім сақ­талса, бұл тақырып талқылан­бас та еді. Алайда өмірдің ащы шындығы осындай. Туғанының қамқорлығын біреуге міндет қылып артып қойып, артынан мүлкіне таласу адами қасиетке де сын.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp