«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙ САЛАДА БОЛСЫН ҚАРҚЫН ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың жүйелі орындалуы облысымыздың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің оң серпінін қамтамасыз етуде.

Жолдауда iшкi жалпы өнiмнiң (ІЖӨ) 4 пайыздан кем емес жыл сайынғы өсiмі бірінші бағыт болып белгіленген. Облыс экономикасының айтарлықтай тұрақты өсу қарқыны 2013 жылы жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) 7,8%-ға өсуін қамтамасыз етті. Сонымен бірге халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 11%-ға өсіп, 1304,5 мың теңгені құрады.

Өңір экономикасына шетелдік инвестиция тарту негізгі бағдарлардың бірі болып табылады. Үстіміздегі жылдың сегіз айындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 59,2 млрд. теңгені құрап, 5,7%-ға өсті, оның ішінде сыртқы инвестиция көлемі – 770,9 млн. теңге.

Статистикалық деректер облысымызда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуына баса назар аударылып отырғанын айғақтайды. Қазіргі уақытта Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы сомасы 27 млрд. теңгені құрайтын жоспарланған 31 жобаның 28-і пайдалануға берілді. 2015-2018 жылдар аралығында жалпы сомасы 11 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Облыс кәсіпорындары жаңа технологияларды пайдаланады. Соңғы бес жылда кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 8,3 пайыздық тармаққа өсті. Инновациялық өнім өндіру көлемі – 5,8 есеге, инновацияларға жұмсалған шығындар 42,7 есеге көбейді.

Облыста экономиканы диверсификациялау міндеті ойдағыдай шешілуде. Жүк вагондары, вагон арбалары, табиғи шырындар, құрылыс қоспалары, антифриз өндірісі жолға қойылған. Қазақстанда шығарылатын сұйықтарды қайта айдауға арналған орталықтан тепкіш сорғылардың жартысынан астамы (58,8%) Солтүстік Қазақстан облысында өндіріледі.

Үстіміздегі жылдың сегіз айында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 98 млрд. теңгенің өнімін шығарды (2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 103,3%). Өңдеу өнеркәсібінде көлемнің 2,5% өсімі қамтамасыз етілді.

Азық-түлік өндірісінде айтарлықтай өсім байқалды (11,2%), ол өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы 50%-дай көлемін иеленеді. Ең маңызды азық-түлік өнімі түрлерінің өндірісінде оң серпін сақталуда. Күнбағыс майы, шұжық өнімдері, сарымай, ұн, жармалар, нан 2013 жылғы қаңтар-тамыз айларынан артық өндірілді. Орташа бір солтүстікқазақстандыққа шаққанда 356 килограмм ұн (2013 жылғы сәйкес мерзімде – 329 кг.), 145 килограмм сүт өнімдері (115 кг.), 42 килограмм өсімдік майы (20 кг.) шығарылды.

Индустрияландыру картасы жобаларының іске асырылуы есебінен рапс майын (2,4 есе), өңделген сүт пен кілегей (31,1%-ға), орталықтан тепкіш сорғылар (13,2%-ға) өндіру едәуір ұлғайды.

Республикалық көлемде мұнай кәсіпшілігі жабдығын шығару (31,2%), өңделген сүт пен кілегей (24,2%), макарон өнімдері (19,8%), сарымай (14,7%) біраз үлесті алады.

Ауыл шаруашылығы өңірдің жетекші саласы болып табылады, ол ЖӨӨ-нің төрттен бір бөлігін және республикадағы ІЖӨ-нің 11%-ын қалыптастырады. Облыста өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға арналған жұмыс жалғасуда: 2014 жылы мал азығы дақылдарының алқабы – 38,6%-ға, майлы дақылдар 36%-ға ұлғайды. Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында 63,1 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді немесе 2012 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 103,3%.

Президент Жолдауында қойылған стратегиялық міндеттердің бірі еңбек өнімділігін арттыру болып табылады (2050 жылға дейін бес есе). 2013 жылы облыстың ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 14,4%-ға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығы кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі 2013 жылы 20,2% деңгейіне жетті. Осы саладағы инновацияларға жұмсалған шығындар 5,3 млрд. теңгені құрады.

Жолдауда атап айтылғандай, азық-түлiкке деген жаһандық қажеттiлiк арта бередi, сондықтан бұл секторға инвестиция көбiрек салынады. Агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция үлесі 2010 жылы 25,7%-ды құраса, үстіміздегі жылғы сегіз айда ол 51,1% деңгейіне жетті.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның ет, сүт және басқа егін шаруашылығы өнiмдерiн экспорттауда өңiрлiк iрi елге айналуға тиiс екендігін атап айтты. Осы міндетті шешуге облыста барлық жағдай бар. Мал мен құс саны ұдайы өсуде, мал шаруашылығы өнімін өндіру ұлғаюда. 2014 жылғы қаңтар-тамыз айларында мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта союға 53,3 мың тоннасы (өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,9%) өткізілді, сауылған сиыр сүті – 340,4 мың тонна (102,8%), алынған тауық жұмыртқасы – 372,1 млн. дана (108%).

Биылғы жылғы қаңтар-шілде айларында облыс 510,2 мың АҚШ долларына 196,2 тонна ет экспорттады (өткен жылдың сәйкес мерзімінде ет экспортталған жоқ). Сыртқы экономикалық байланыс шеңбері кеңейіп келеді – ет Ресей Федерациясының Омбы, Челябі, Қорған және Түмен облыстарына шығарылады.

Үстіміздегі жылғы қаңтар-шілде айларында өңірдің сыртқы тауар айналымы 442,5 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Кеден одағы елдерімен 282,6 млн. АҚШ доллары көлемінде сауда жасалды.

Ел экономикасының маңызды тірегі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлікке (ШОК) Жолдауда баса назар аударылған. Президент былай деп атап өтті: “Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның iшкi жалпы өнiмiнiң қазiргi 20 пайызы орнына кемiнде 50 пайызын өндiретiн болады”. 2013 жылы облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің ЖӨӨ-ге қатысу үлесі 25,4%-ды құрады, шағын және орта бизнес субъектілерімен 2012 жылға қарағанда 3,5% өсіммен 294 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Үстіміздегі жылы осы салада облыстағы экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі (31,5%) жұмыспен қамтылды.

Облыстың инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. 2014 жылғы қаңтар-тамызда өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда автомобиль жолдарын салу және қалпына келтіру бойынша жұмыс көлемі 52,9%-ға ұлғайды. Тұрғын үй құрылысына 3,2 млрд. теңге жұмсалды. 39,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өткен жылғы қаңтар-тамыздағыдан 3,8%-ға артық).

Өңірде Жолдауда белгіленген әлеуметтік саладағы негізгі межелерге ойдағыдай қол жеткізілуде. Облыс бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығы 2013 жылы 68,08 жасты құрап, он жылда 3,3 жасқа өсті.

Солтүстікқазақстандықтардың табысының да тұрақты өсіп отырғаны қуанарлық жай. Бір қызметкердің орташа айлық нақтылы еңбекақысы 2014 жылғы қаңтар-тамызда 2013 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 7,5% өсіп, 77973 теңгені құрады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салалары қызметкерлерінің еңбекақысы үстіміздегі жылғы қаңтар-тамызда 82516 теңгені құрап, 2013 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 7,4%-ға өсті, білім беруде – 64887 теңге және сәйкес түрде 4,1%.

Қаңтар-шілдедегі нақтылы ақшалай табыс 4,9%-ға өсті. Бір адамның орташа ақшалай табысы айына 48679 теңгені құрады.

Табыстары ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан кем халықтың үлесі азайып, 2014 жылғы 2 тоқсанда 3,4% болды, ол өткен жылдың сәйкес мерзімінен 0,8 пайыздық тармаққа кем.

Міне, осылай ресми статистиканың деректері Солтүстік Қазақстан облысында Президент Жолдауында қойылған стратегиялық міндеттердің ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізеді.

Гүлзиян ІЗБАСОВА,

облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp