Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен жиын есімі өңір жұртшылығына белгілі журналист Зарап Құсайыновтың 70 жасқа толған мерейтойына арналды.
Жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов қуаныш иесін мерейлі жасымен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Бұл күні Зарап Құсайыновқа қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқшылық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілі Роза Шәкенова сый-сияпат жасап, ыстық ықыластарын білдірді. Қаламгердің замандастары, әріптестері жарқын естеліктерімен бөлісіп, журналистің тұлғалық ерекшелігін сөз етіп, ақжарма тілектерін жаудырды.
Зарап Құсайынов – өз ісінің шебері. Журналистика саласында талай жыл тер төгіп, бірқатар шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі тәлімгер. 1982 жылы Қызылжардағы қазақ тілді жалғыз басылым – «Soltüstık Qazaqstan» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданып, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген ол редакция жұмысына 43 жылын арнаған.
– Биыл қалалық «Qyzyljar nūry» газетінің шыққанына 20 жыл толды. Мен осы газетте 11 жыл бойы редактор болып қызмет еттім. Қазір жергілікті университеттің журналистика факультетінде білім алып жатқан болашақ мамандарға бұл саланың арқалайтын жауапкершілігі ауыр екенін, қоғамның мұң-мүддесін билікке жеткізіп, екі ортада көпір болу үшін талмай еңбектену қажеттігін айтқым келеді, – деді ардагер журналист Зарап Құсайынов.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.