«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА АЖАРЫН АША ТҮСКЕН Спорт сарайы петропавлдықтардың талай жылғы арманы еді

Биыл жобалық құны 3 миллиард теңге болатын Спорт сарайының жұртшылық игілігіне берілуінің арқасында бірқатар қадау мәселелер өз шешімін тапқандығы жайлы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин әңгімелейді.

– Руслан Бақыттыұлы, қарасаңыз, көз сүйсінетін әрі қаланың ажарын аша түсетін кешенді нысанның іске қосылуы облыс өміріндегі айшықты оқиға екені талассыз. Оның ашылуын жұртшылық қалай қабылдады?

– Дене күшін жетілдіріп, саламатты өмір салтын серік еткен жерлестеріміздің қатары өңірімізде жыл өткен сайын қалыңдап келеді. Бүгінгі күні солтүстікқазақстандықтардың 28,2 пайызы спортпен айналысады. Бұл – 160 мың адам қамтылды деген сөз. Оларға 2700-ге жуық спорт нысандары қызмет еткенімен, әлі де аздық қылатынды. Әсіресе, гимнасшылар, акробатшылар, жеңіл атлетшілер, күштік жекпе-жек залдары, велотрек алаңдары жетіспейтін. Соның салдарынан басқа аймақтарда жаттығуға мәжбүр болатын. Жабық мұз айдынының болмауы салдарынан хоккейшілер командасын құру елеулі қиындық тудырып келді.  

Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен тұрғызылған сән-салтанаты келіскен әмбебап ғимаратқа ересектермен қатар, балалар да қатты қуанды. Спорт сарайының жобасы бойынша негізгі үш блок – жеңіл атлетикалық манеж, бір мың жанкүйер тамашалай алатын жабық мұз айдыны және велошабандоздар мектебі орналасқан. Соған сәйкес шайбалы хоккей, коньки, шорттрек, шағын футбол, волейбол, баскетбол, күш жекпе-жегі, таэквондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім еркін шұғылдана алады. Велошабандоздарға лайықталған екі трек алаңы, тренажер, көркем гимнастика, акробатика залдары жұмыс істейді. Әмбебап спорт залы 500 орынға шақталған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің жеңіл атлетшілері, гимнасшылары мен акробатшылары, хоккейшілері бұған дейін тар жерлерде қысылып-қымтырылып келсе, енді оларға да жан-жақты жағдай жасалып отыр.

– “Құлагер” хоккей командасы облыс басшысының бастамасымен биыл көктемде құрылған болатын. Соған қарамастан, қадамдары қуантарлық емес пе?

– Бұған дейін жаттығатын лайықты орын болмағандықтан, Теміртаудың, Көкшетаудың мұз айдындарын жалға алып жүрді. Енді, міне, жарқырап жатқан жабық мұз айдыны пайдалануға берілгеннен кейін петропавлдық жанкүйерлер сүйікті командасымен қауышып, жаттығуларды да, ел чемпионатындағы жарыстарды да тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Көкшетауда өткен маусымалды турнирде “Құлагердің” барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, “Жеңіс” кубогын жеңіп алғаны жаңа биіктерге жігерлендірді. Жоғары топтың бірінші кезеңін 5-ші орынмен қорытындылап, қоржынға 59 ұпай салды. Бұл тәжірибесі аз ұжым үшін жаман көрсеткіш емес. Мұнда легионерлермен қатар, жергілікті хоккей мектебінің тәрбиеленушілері де жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр.

– Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, атақты жерлесіміз Александр Винокуровтың жолын қуған ізбасарлардың да жаттығу мәселесі шешілген болар?

– Иә, қыс айларында тынымсыз жаттығу жұмыстарын жүргізетін кең спорт залдарының болғанына не жетсін?! Бұдан кейін жас өрендердің велоспортқа қызығушылығы артпағанда қайтеді?! Өңір велошабандоздары өткен маусымды тамаша жетістіктермен қорытындылады. Еліміздің төртінші спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Алексей Луценко әлем жеңімпазы атанса, кәсіби велокоманданың сапында Руслан Тілеубаев, Арман Қамышев, Бахтияр Қожатаев тамаша өнер көрсетіп жүр. “Астана” құрлықтық командасының мүшелері Жандос Бижігітов, Тілеген Майдос, Виктор Окишев, Вадим Галеев халықаралық, республикалық сайыстарда топ жарды. Азия ойындарының күміс жүлдегері Олег Земляков болашағынан үлкен үміт күттіреді. Велоспорт мектебі жұмыс істеген 17 жыл бедерінде 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20-ға жуық Қазақстанның спорт шебері әзірленді. Жуырда елордалық “Astana Pro Team” велокомандасымен екі жыл келісімшарт жасасқан Бахтияр Қожатаевқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігі тапсырылды.

Конькишілеріміз бен акробатшы-гимнасшыларымыздың ерен табыстарын қалай ұлықтасақ та жарасады. Оған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Роман Креч пен Дмитрий Бабенконың конькимен сырғанаудан ел мерейін өсіріп жүргендері дәлел. Роман Сочи Олимпиадасында 500 метр қашықтықта 7-ші орынды иемденіп, ұлттық рекордты жаңартса, Германияда әлем кубогының кезекті кезеңінің жеңімпазы болды. Олеся Колышева көркем гимнастикадан, Виталий Дель акробатикадан халықаралық додаларда жасындай жарқырап жүр.

– Айтпақшы, жеңіл атлетшіміз Ирина Эктова 2016 жылғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған жоқ па?

– Иә, оның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін байрақты бәсекеге қатысатындығы – бәріміз үшін зор қуаныш. Ол Қазақстанның жастар біріншілігінде үш рет қарғып секіруден 14,32 метр нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Мұның алдында атақты желаяқ Ғ.Қосановты еске алуға арналған халықаралық жарыста бірінші орынды жеңіп алған болатын. Жеңіл атлетшілер Маргарита Мұқашеваның, Ирина және Евгений Эктовтардың, велошабандоздар Алексей Луценконың, Артем Захаровтың, Наталья Сайфутдинованың, зілтемірші Айдар Қазовтың Олимпиадаға жолдама алу мүмкіндіктері мол.

Сөз арасында солтүстікқазақстандық спортшылардың 16 әлемдік, 15 азиялық, 48 халықаралық, 154 елішілік жарыстарға қатысып, жалпы жиынтығы 530 медаль ұтып алғанын, олардың 194-і олимпиадалық спорт түрлеріне жататынын айта кеткен жөн. Халықаралық, республикалық бәсекелерде үздік көрсеткіштерге жетіп жүрген 90 спортшы – облыс әкімі стипендиясының иегерлері. 6 жаттықтырушы мен спортшы пәтерлерге қол жеткізді.

Былтырғы жылғыға қарағанда спорт нысандарының саны 374 бірлікке көбейіп, спорт алаңдарының тапшылығы азайды. Шағын футбол алаңдары мен хоккей корттары көптеп салынды. 3 спорт клубы құрылды. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық колледжі жанынан “Спорт жөніндегі жаттықтырушы” бөлімі ашылып, 75 студент білім алып жүр. Олардың 35-іне әкімнің стипендиясы төленеді. Келесі жылы Новоникольское және Жаңажол елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеретін болады. Кішкенекөл ауылында осы үлгідегі нысанның жобасы жасалды.

– Қой жылындағы жетістіктеріміз жан сүйінерліктей, Мешін жылы жаңа жеңістермен қуантсын!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp