Елде 55 млрд. тонна өндірістік қалдық жиналып қалған. Алайда былтыр оның 11 пайызы ғана өңделген. Ал өркениетті елдер мұндай қалдықтың 70-80 пайызын кәдеге жаратып жүр. Бұл қалдықтар бағалы металлға бай. Мыс пен жез, алтын мен күмісті көптеп өндіруге мүмкіндік мол. Жыл басында Үкіметте тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі талқыланып, қалдықтарды қайта өңдейтін 41 зауыт салынатыны айтылды. Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауында жалпы құны 307 млрд. теңге болатын 65 жоба бар. Жобалардың 41-і қоқысты қайта өңдеуге бағытталған.
Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, оны қайта кәдеге жарату – өзекті мәселе. Оған қоса қоқыс полигонына тасымалданатын қалдық мөлшері де күн санап еселеніп келеді. Қоғам белсендісі Саяжан Қалиева тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, арнайы қоқыс жәшіктеріне салуға, макулатура мен пластикалық бөтелкелерді тиісті орындарға өткізуге әлі де шаһар тұрғындары дайын еместігін ашына айтып жүр. Расында қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастамас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз. Пакеттерге тамақ қалдықтары, пластик бөтелкелер салынып, жәшіктерге толассыз тасталып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясының астарына үңілсек, бұл шара екі мәселені – қоршаған ортаны қоқыстан тазартуды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
– Тұрғындар тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшіктеріне рет-ретімен тастай білсе, қалдықтарды өңдеу саласы да тұраламас еді. Тасталған пакеттің өзі қоршаған ортаға орасан зиян тигізетінін екінің бірі білмейді. Білсе де, білмеген кейіп танытады, – дейді Саяжан Қалиева.
Белсендінің сөзін «KZ OРT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Руслан Қайырбек те растап отыр. Оның айтуынша, облыс орталығында қоқыс төгу барысында тұрғындардың кейбірі тазалықты сақтамайды. Соның кесірінен өңдеу кезеңінде қиындықтар туындайды. Қатты қалдықтар бөлек жиналмағандықтан, олар қайта сұрыпталады. Соңында қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың үлесі азаяды екен.
– Қалдықтарды бөлу үйден басталады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Корея, Швейцария тұрғындары қоқыстарды санаттарға бөлуге әдеттенген. Соған сай әрқайсысын өз контейнеріне салады. Ал қоқыстарды санаттар бойынша бөлмей тастау өңдеу үдерісін қиындатады. Мысалы, пластик заттарға, кез келген қағазға май тисе, өңдеуге жарамайды. Жай әншейін қоқысқа айналады. Қоқыстарды полигонға апарып өндейміз деген бос сөз. Кірісі жоқ шығын. Апарып тастаған қоқыстарымыз сол күйі полигонда тұрады. Қалдықтарды өңдейтін зауыттардың ашылуынан жабылуы тез болатыны содан, – дейді Руслан Қайырбек.
Қаламызда 1996 жылы ашылған полигонның пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. Тау-тау болып үйілген қалдықтар қоршаудан асып кетті. Одан шығатын жағымсыз иіс қала іргесі мен маңайдағы ауылдарға тарайтыны тағы бар. Полигонға күніне шамамен 160 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жеткізіледі. Өңірде 450 полигон болса, жүзге жуығының құжаты рәсімделмеген.
Былтыр Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қала сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон 2025 жылдың соңында толық жабылатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа полигонға жер таңдалған. Оған қоса, сол жерде жергілікті кәсіпкер Петр Шарапаев қоқысты қайта өңдейтін жобаны іске асырмақ. Яғни жаңа полигонда қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуден өтеді. Петропавлда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны және қоқысты қайта өңдеу мәселесін шешетін «Техноэкопарк» салынбақ. «Радуга» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Қатранов жоба кластер негізінде жұмыс істеп, бірнеше бағытты қамтитынын айтты.
– Барлық құжат дайын. Енді жоба сараптамадан өтеді. Күзде зауыттың құрылысын бастаймыз. Полигон аумағында жаңа кәсіпорын бой көтермек. Яғни қалдықтар сол жерде сұрыпталып, бірден қайта өңдеуге жіберіледі, – деді «Радуга» ЖШС-ның өкілі Дмитрий Стешин.
Өңірдегі қалдық өндіретін жалғыз өндіріс ошағы – «Радуга» ЖШС айына 350-400 тонна макулатура және 200-250 тонна пластикті өңдейді. Шикізатты еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көрші Ресей елінен де сатып алады. Мұнымен қоса, соңғы жылдары оқушылар мен жастардың «Таза Қазақстан» акциясы аясында жинаған тұрмыстық қалдықтарын да қабылдай бастаған.
Тазалық пен тәртіпті бәрінен жоғары қоятын немістер тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың өзіне құнды шикізат көзі ретінде қарайды. Ал біз оларды қауіп-қатердің, ауру-сырқаудың ошағына айналдырудан басқаға қауқарсыз болып отырмыз. Қоршаған ортаға қалдықтардың зиянды әсерін тигізбеу, қоқысты шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту, эмиссиялардың көлемін азайту – кейінге ысыруға болмайтын мәселелер. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен көршілерден үлгі алатын уақыт жетті. Еліміздің әр қаласында бір-бір қоқыс өңдеу зауыты салынса, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қаншама адамның екі қолына бір күрек табылар еді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».