Басқа да өнер түрлері секілді кино саласы да – ұлттық идеологияның басты құралы. 1938 жылы түсірілген алғашқы толықметражды «Амангелді» фильмінен бастау алған ұлттық киномотография содан бері қазақ қоғамы жүріп өткен өнегелі жолды жас буынға насихаттап келеді. Көбіміз әлі күнге дейін сүйсіне тамашалайтын «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште» сынды туындылар тек отандық кино индустрияның жетістігі мен жемісі ғана емес, олар – тұтас ұлттың әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, тарихын тынбай насихаттап келе жатқан баға жетпес құнды жәдігерлер. Экран арқылы ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосуды ойлаған қазақ киносының бүгінгі қалы қалай? Бұл мақаламызда осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, тәуелсіздік жылдары мыңға жуық кино түсіріліпті. 2023 жылдың өзінде прокатқа – 60, ал 2024 жылы 90 фильм шыққан екен. Бұл сандар қазақ киносының қарыштап дамып келе жатқанын айғақтайды. Әйтсе де, көрерменге ұсынылып жатқан отандық фильмдердің барлығы бірдей көркемдік сапасы жағынан әбден шыңдалған, айтар ойы бар, ұлттық идеологияны насихаттап отыр деп айта алмаймыз. Қазір қаражаты бар өнер иелерінің көбі кино түсіруге әуес. Өйткені кино өндірісі аз ғана уақыт ішінде адамды мол табысқа жеткізетін бизнеске айналып бара жатыр.
Жуырда Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, соңғы жылдары түсіріліп жатқан фильмдердің сапалық деңгейі төмен екендігін жеткізген болатын. «Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес. Германия кино саласына маман даярлау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді. Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр», – деді халық қалаулысы.
Депутаттың айтуынша, кинотуынды көрермендерге жол тартпас бұрын мынадай төрт талапқа сай болуы тиіс. Біріншіден, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру, екіншіден, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру, үшіншіден, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормалары бұзылуын қатаң қадағалау, соңғысы – халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету. Осы қарапайым ғана төрт талап орындалса, кино саласының төрт құбыласы түгелденер еді.
Прокатқа шыққан күннен-ақ көрерменін кинотеатрға ағылтқан фильмдердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. Кейіпкерлердің «сөз арасын бөтен тілмен былғауы», бейәдеп сөздері құлақ тұндыратын фильмдерді соңына дейін тамашалап отырудың өзі ыңғайсыз. Кинотеатрларға жиі ат басын бұратын қала тұрғыны Алтынбек Ескеновтің де пікірі осыған саяды. «Прокатқа апта сайын бір жаңа кино шығып жатады. Мен оларды қалдырмай көруге тырысамын. Кейде отбасыммен барамын. «КТА-ның (КВН) деңгейіндегі қарабайыр қалжыңды да, бейберекет сюжетті де еш талғам, қиындықсыз қылғытып отырған көрермен көп. Соған жаным ауырады. «Нұрлан Қоянбаевтың Америка, Африка, Корея, Үндістан, Бразилия елдерінде түсірілген «Қазақша бизнесі» көрермендердің көңілін жаулады. Тамыз айында бір аптада 432 млн. теңге жинаған «Қолыңнан келсе алып қаш» комедиясы да рекорд орнатты. Әзілкеш Қанат Әлжаппаровтың «Бизнесмен Қанаты» да көрермен көзайымына айналды. Қазіргі көрерменнің көбі кинотеатрға фильмнің қалай түсірілгеніне емес, жарнамасына, қанша қаражат жинағанына қарап баратын сияқты», – дейді ол.
Қараша айының бірінші жартысында продюсер, актриса Дариға Бадықованың «Ыстық ұя» көркем фильмі отандық кино тарихында ең көп табыс тапқан жобалардың тізімінде екінші орынға табан тіреді. Фильмнің жалпы табысы 1754600300 теңгеге жетіп, тарихи көрсеткішке қол жеткізсе, «Таптым-ау сені 1» фильмі 1834702810 теңге жинап, отандық кино индустриясында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан. Осылайша бір автордың екі фильмі қатарынан Қазақстан тарихындағы ең кассалы картиналар көшін бастады.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Асылхан Разиев кино түсіріп жүргендердің басым бөлігі киномотография саласынан мүлдем алшақ деген пікірде. Соның салдарынан болса керек, қазақ телеэкранында бүгін жылт етіп көрініп, ертең ұмытылатын, айтар ойы тұрмыстық ұрыс-жанжалдан ары аспайтын фильмдер көбейген. «Мені қазақ киноларындағы қостілділік мәселесі алаңдатады. Актерлер орысша қосып сөйлеуге әуес. Бұл – ұлтты менсінбеу, қорлаумен пара-пар. Қазіргі жастар қазақ пен орыс тілін араластыра сөйлеуді әдетке айналдырып алды. Қазақ киносы мұндай күнге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмағандықтан жетіп отыр. Сөзді орнымен қолдану, әр сөздің дұрыс айтылуы, емле ережелері ұмытылғалы қашан?», – дейді актер.
Оның айтуынша, халық назарына ұсынылатын фильмдер мемлекеттік деңгейде құрылған комиссияның іріктеуінен өтуі тиіс. Сонда ғана «асылы қалып, жасығы жойылады». Маркетингтік стратегия жүргізуді шебер меңгеріп алған продюсерлер киноның жақсы түсірілуіне назар да аудармайтын көрінеді.
13 қарашада отандық прокатқа шыққан «Ауру» фильмін тамашалау үшін қаладағы кинотеатрлардың біріне бардым. Зал лық толы. Фильмді көргендердің дені: «Маған қатты ұнады. Қазіргі қоғамның ащы шындығы суреттелген. Кейіпкерлермен бірге жылап, бірге күлдік» деген мәтіндегі пікірлерін айтты. Келесі бір топтың ойы былайша өрілді: «Зорлық, боқтық сөздер өріп жүрген фильмді қалай ғана кинотеатрдан көрсетуге рұқсат еткен? Министрлік араласып, көрсетілімін шектеу керек».
Бір байқағаным, қазір жұртшылық театр спектаклінен гөрі кино тамашалағанды құп көреді. Отбасылық демалыстарды да кинотеатрларда өткізуді қалайтындар көп. Ендеше, мемлекеттік тілді ерекше насихаттағымыз келсе, бала тәрбиесімен толыққанды айналысу керек болса, шын өнерге толық қамқорлық танытамыз десек, отандық кино көкжиегін кеңейту ісін кенжелетпеген жөн. Тарихи санамызды оятатын салмақты да сапалы өнімдер – ұлт келешегінің жарқын кепілі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».