Шал ақын ауданында бір миллион үш жүз мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Ол экспортқа шығару үшін дәнді дақылдар сатып алуға келген азаматтың және оған еріп жүрген шетелдіктердің карантин шараларына қарамастан кедергісіз жүруіне рұқсат бергені үшін пара алған деген күдікке ілікті.
Облыстық полиция департаменті тәртіптік комиссиясының шешімімен тәртіп сақшысы жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ, тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімінің бастығы да лауазымынан босатылды. Сонымен қатар бірқатар басшылар, соның ішінде облыстық полиция департаменті бастығының екі орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл заң бұзушылықты анықтауға полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері атсалысқанын айта кеткен жөн.
“Біз алдағы уақытта да өз қатарымыздағы құқық бұзушыларға қатаң шаралар қолданатын боламыз. Мұндай келеңсіздік жеке құрам төтенше жағдай кезінде ерекше режімде қызмет атқарып жатқан кезде орын алды. Кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесетін боламыз”, – деді тәртіптік комиссияның шұғыл отырысында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.